БИЛЕР ЖҮРГЕН ІЗБЕНЕН…
Қазақтың билері туралы сөз болғанда, біздің есімізге ең алдымен Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би түседі. Себебі, бұл даңқты үш биді бүкіл Орта Азия халқы біледі және құрметтейді. Өйткені олар өз заманында Алты Алаштың бірлігі мен ынтымағын ойлап, ел мен жердің тұтастығына қызмет еткен! Ол жөнінде айтылған әңгімелер, жазылған әдеби-тарихи кітаптар мен шығармалар және қойылған қойылымдар да жетерлік.
Олар өткен ғасырларда Қазақ Билер сотының беделін биікке көтеріп, бүкіл әлемге танытып, абыройын асқақтатқаны тарихтан белгілі. Қазақтың осындай дана билерінің арасында шоқтығы биік Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің жөні бөлек, жосығы ерек болып, дау шешкенде шешендігімен, көпті көрген көсемдігімен және дауласқандарды екі ауыз сөзбен бітімге шақырып, оларды татуластыру жолымен әділ шешім шығарып, мәмлегер атанып, елдің алғысы мен құрметіне бөленгені баршамызға мәлім.
Билер сотының тарихи мәні оның сот төрелігінің әділ тұтқасы болып, көшпелі әрі жариялы түрде халыққа қызмет етуінде екендігін барша жұрт жақсы біледі. Осыны терең түсінген халық Ұлы Билеріміздің жатқан жерлерін өздері анықтап және оны жөндеп, көркейтіп, ол аумақты киелі орындарға айналдырғаны белгілі.
Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек би Түркістанда, Төле би Ташкентте, Әйтеке би Науаи облысындағы Нұратада мәңгілікке тыныстап жатыр. Бұрын да, қазір де осы киелі орындарға Қазақстанның, Өзбекстанның тағы басқа да мемлекеттердің әр түкпірінен Түркістанға, Ташкентке, Нұратаға арнайы барып, Қазыбек, Төле, Әйтеке билерге тағзым етіп, Құран бағыштайтын халықтың қарасы қалың. Оның басты себебі, қазақтың дана, дара билері бүкіл саналы ғұмырын халықтың бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтау жолына арнап, аянбай еңбек еткендерінде болса керек. Шындығында да, Қазақ хандығының тұсындағы қиын-қыстау замандарда Билер соты мен Билер кеңесі ел бірлігі мен ынтымағын сақтау мақсатында атқарған еңбектері ерен екендігі ақиқат.
Қазақтың бұрынғы Билерінің ізін жалғап, қазіргі күні төрелік етіп, елдегі барлық дау-дамайларды шешіп жүрген судьялар мен құрметті демалыстағы ардагер судьялар – бүгінгі заманның билері, яғни кешегі билердің ізбасары, алтынның сынығы, тектілердің ұрпағы десек, артық айтқандық емес!
Қазақтың даңқты Үш Биі жатқан киелі орындарға ағылып жатқан қарапайым халық сияқты, ардагер судьялардың да бірігіп, жан-жақта жатқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің Кесенелеріне арнайы барып, тағзым етуі бұл билерге деген нағыз құрмет! Сонымен қатар, бүгінгі судьялар өздерін бұрынғы Билердің заңды ізбасары екендіктерін нақты білдіріп, өз аттарынан Үш Биге арнайы панно (жәдігер) жасатып және оны әр бидің жатқан Кесенесіне алып барып, сол жәдігерді өшпестей із етіп қалдырғаны, шын мәнінде «Бәрекелді!» дейтіндей, тәлім-тәрбиесі мол, өнегелі әрі игілікті іс болғаны анық!
Осы «ҰЛЫ БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты шараның жоғары деңгейде өтуі Қазақстан Судьялар одағының Төрағасы Д.Әмір мұрындық болып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы А.Мерғалиевтің қолдау көрсетуінен деп білемін.
Осы игі іс-шараның аясында Досжан Сарманқұлұлы бастаған делегация Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Кесенесінде жатқан Қазыбек биге, Өзбекстанда жатқан Төле би мен Әйтеке бидің Кесенелеріне арнайы барып, тағзым етті.
Делегацияның құрамында Қазақстан Судьялар одағы Орталық кеңесінің мүшесі Ә.Құрқбаев, Жоғарғы Соттың ардагер судьялары Р.Мамырбаев, Б.Мақұлбеков, Қазақстан Судьялар одағының экс-төрағасы, қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, меценат Б.Тұрғараев және Абай облыстық сотының жанындағы өзара іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы К.Мұқашов, Түркістан облыстық соты Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Төле бидің тікелей жетінші ұрпағы Ө.Темір мен Түркістан облысының ардагер судьялары О.Бижанов, Б.Тәңірбердиев және осы жолдардың авторы да болды.
Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би — біреуі оңтүстікте, екіншісі орталық Қазақстанда, үшіншісі батыс жақта жастайынан туа біткен қабілетінің арқасында ауыл-аймақтағы дау-дамайға алғашында «бала би» деген атпен төрелік етіп, сөйтіп әділ билік етулерінің нәтижесінде, «дана би» деген атаққа дейін көтеріліп, бүкіл елге танылған. Сонымен қатар, бұлар Тәуке хан тұсында Ташкент пен Түркістан төңірегіндегі Күлтөбеде және Шымкент маңындағы Мәртөбеде бас қосып, қарақалпақ, қырғыз тағы басқа билермен бірлесе отырып, «Жеті жарғыны» жазып, дайындаған. Үш Бидің бір-біріне деген құрметі мен өзара сыйластығы өте күшті болған. Мысалы, Төле би өмірден озғанда, Қазыбек би қатты қайғырып: «Төле би өлді дегенше, әділет өлді десейші» — дегені көп нәрсені аңғартса керек.

«ҰЛЫ БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты шараның алғашқы күні Досжан Сарманқұлұлы бастаған делегация Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Кесенесінде жатқан Қазыбек би бастаған 21 биге тағзым етіп, Құран бағыштап, құрбандық шалды. Одан кейін ардагер судьялар, ҮШ БИГЕ деп арнап жасатып әкелген панноны (жәдігерді) «Ұлы дала елі» ғимаратының төріне орнатып, Ұлы билерге Қазақстан судьяларының атынан өшпестей із қалдырды.
Түркістанға келген қонақтар мұндай жәдігерді көргенде, әлбетте оған бас иіп, тағзым ететін болады. Қазыбек бидің он бес жасында үлкен ағаларына еріп қалмақтың қонтайшысына барғанда, одан қаймықпай, қорықпай айтқан сөзіне, жауап қайтарғанда аталы сөз айтып, оны сөзден сүріндіргені ел-жұрттың есінде.
Делегация мүшелері қаз дауысты Қазыбек биге зиярат етіп болған соң, Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, оларға былтыр ашылған облыстық соттың жаңа ғимаратын таныстырды.
Ғимаратпен танысу барысында қонақтар күту залын, сот мәжіліс залдарын, коммуникация орталығын, үлкен мәжіліс залын, азаматтарды қабылдау бөлмесін, фронт-кеңсені және спорт залы мен футбол алаңын аралап көрді. Ардагер судьялар жаңа ғимараттың әсемдігі мен заманауи құралдармен жабдықталғанын және сотқа келушілерге барлық жағдайлардың жасалғанын көздерімен көріп, оған деген ризашылығын айтты. Судьялар одағы Орталық кеңесінің мүшесі Әділ Жамбасбайұлы, алқабилер отыратын сот мәжілісі залымен танысу барысында өзінің ойында жүрген ұтымды ұсынысын айтып, нақты пікірін білдірді.
«ҰЛЫ БИЛЕРГЕ ТАҒЗЫМ» атты шараның екінші күні Д.Әмір бастаған делегацияны өзбек елінің шегарасында Өзбекстан Судьялар Ассоциациясы Төрағасының орынбасары Файзулла Абдуазимов, Өзбекстан Жоғарғы Сотының судьясы Камолиддин Толлибоев қарсы алып, Ташкенттегі Төле би жатқан Кесенеге ертіп апарды. Қазақстаннан келген қонақтардың алдынан Кесененің шырақшысы шығып, Қазақтың төбе биі Төле би Әлібекұлы туралы қысқаша әңгімелеп, бабаға арнап Құран оқыды. Содан кейін Төле бидің тікелей жетінші ұрпағы, 85 жастағы ақсақал Өмірбек Темірұлы бата берген соң, ардагерлер Төле би бабаға бастарын иіп, тағзым етті. Осы орайда, Төле бидің төрелік етумен қатар, 12 жылдан астам Ташкентті басқарғанын айта кетуді жөн көрдім.

Қазақстан Судьялар одағының Төрағасы Д.Әмір үш биге құрмет ретінде, Астанадан әкелген естелік панноны Өзбекстан Судьялар Ассоциациясы Төрағасының орынбасары Файзулла Абдуллаевичке табыстап, мұны тиісті мемлекеттік органдардың басшыларымен ақылдасып-келісіп, Ташкенттегі бір беделді тарихи мекемеге (мүмкін Орталық музейге) көпшілік көретіндей көрнекті жерге орнатуды тапсырды. Бұл панно Қазақстан судьяларының атынан Үш Биге бір белгі ретінде арнайы жасатылған, жәдігер! Делегация мүшелері Кесенеде жатқан Төле биге арнап Құран бағыштап, зиярат еткен соң, «бүгінгі күн ертеңгі тарих» деп, өзбекстандық әріптестерімен фотосуретке түсті.
Сол күні түстен кейін делегация мүшелері Науаи облысындағы Нұратадағы Әйтеке би жатқан Кесенеге қарай жолға шықты. Бізбен бірге Ф.Абдуазимов, К.Толлибоев және Өзбекстан Судьялар Ассоциациясының баспасөз хатшысы Шерзод Даминов жол бастап жүрді. Күні бойы 460 шақырымнан астам жол жүріп, кешке Науаи облысына кіреберісте, бізді Науаи облыстық сотының төрағасы Абдулла мырза қарсы алды.
Әріптестер екі мемлекеттің сот жүйесінің жетістіктері мен алдыға қойған мақсаттары туралы пікір алмасты.
Ертеңіне таңертең Нұратаға қарай жол тарттық. Әйтеке бидің Кесенесіне жақындағанда алдымыздан шырақшы шығып, бізді құшақ жая қарсы алды. Бәріміз жайғасып отырған соң шырақшы Қазақтың төбе биі Әйтеке Сейітқұлұлы туралы кеңінен әңгімелеп, бабаның рухына арнап Құран бағыштады.
Содан кейін «Нұрата кешеніндегі» Әйтеке бидің музейін аралап, асықпай танысып, зиярат жасадық. Осы ретте әйгілі «Жеті жарғының» «Сүйек құны» және «Өнер құны» деген баптарын Әйтеке бидің жазғанын барша жұрт білсін деп, әдейі айтып отырмын.
Д.Әмір мырза Үш Биге деп, Қазақстан судьяларының атынан арнайы алып келген, естелік панноны музей басшысының қолына ұстатып, бұл жәдігерді көрнекті жерге орналастыруды тапсырды. Нұратаға келген кісілер осы панноны көргенде, әлбетте «Биге құрмет — елге құрмет» екендігін сезінетін болады.
Сол күні түс қайта Қазақстаннан барған делегация қайтып келе жатып, Ташкентте Өзбекстан Судьялар одағындағы әріптестерімен кездесіп, өзара пікір алмасты.
Өзбекстан Судьялар Ассоциациясы Төрағасының орынбасары Ф.Абдуазимов Өзбекстанда бір мың алты жүздей судья бар екенін айтты, ал Өзбекстан Жоғарғы Сотының судьясы К.Толлибоев республика соттарында бір жылда бір миллионнан астам іс қаралатынын тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз алған Өзбекстан Судьялар Ассоциациясының баспасөз хатшысы Ш.Даминов судьялардың журналы бар екендігіне тоқталып, осы іссапарға байланысты, алдағы уақытта журналға мақала шығарып, оны Қазақстандық әріптестеріне беріп жіберетінін жеткізді.
Қазақстан Судьялар одағының Төрағасы Д.Әмір, еліміздің сот жүйесі туралы қысқаша әңгімелеп және сот жүйесіндегі соңғы жаңалықтарға тоқталып өтті.
Сонымен қатар, Ташкентте жатқан Төле би мен Нұратадағы Әйтеке бидің сонау бір қиын-қыстау кезеңдерде қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты билер, яғни мемлекет қайраткерлері екендігін де қадап айтты. Төраға сөзінің соңында Өзбекстан Судьялар Ассоциациясының басшылығы мен Жизақ, Науаи, Самарқан облыстық соттарының төрағалары мен судьяларына, Қазақстандық әріптестерін жылы жүзбен қарсы алып, Төле би мен Әйтеке бидің Кесенелеріне жол бастап апарғаны және делегация мүшелеріне құрмет көрсеткендері үшін шынайы алғысын білдірді.
Кездесу соңында Өзбекстан Судьялар Ассоциациясының атынан Досжан Сарманқұлұлына Өзбекстанда шығарған өздерінің бірнеше журналын табыстады. Сонымен қатар, алдағы уақытта Қазақстанның Судьялар одағы мен Өзбекстан Судьялар Ассоциациясының байланысын нығайту мақсатында, екі ел соттарының арасында бір-бірімен тұрақты барыс-келіс жасау қажеттігін баса айтты.
Осы үш күндік іссапарда әділдікті ту еткен жаны жайсаң, жақсы ағалармен дәм-тұздас болдым. Солардың қатарында, Төле бидің тікелей жетінші ұрпағы Өмірбек Темірұлы ағам 85 жасқа келгенімен, әлі де тың әрі ширақ қимылдайтын қазына қария екен. Қазақтың нағыз Атымтай жомарты, қолы ашық, пейілі кең меценат Бекет Тұрғараұлы қайтар жолда Қазығұрттағы Сарапхана ауылында бізге арнайы дастархан жайып, қонақжайлығын көрсетті. Ал Жоғарғы Сотта судья болып, құрметті демалысқа шыққан Әділ, Бағлан, Рахымбек, Абай облысынан келген Кенжеш және Түркістандық Оралбай ағаларым айтары мол, терең білімді әрі ақиқаттың алмас қылышын арқалап жүрген жан-жақты азаматтар екен! Қара қылды қақ жарып сөйлейтін, көңілі дархан Досжан Сарманқұлұлы және Бауыржан Тілеуханұлындай иманжүзді жандармен жақыннан танысқаныма қуанып қалдым. Ұзақ жолда сапарлас болған барша бауырларыма амандық пен денсаулық және жақсылық тілеймін!
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, жазушы-журналист