Әне-міне дегенше жаздың аптап ыстық күндері де басталады. Бұл кезде Шымкентті күнделікті қоқыстан уақтылы тазартып тұру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналады. Себебі тұрғындардың түрлі орындарда қыдырып-серуендеуі, тамақтануы артады, қоқыс тастау көбейеді. Жаздың ұзақ күнін пайдаланып құрылыс салатын, үйінде жөндеу жұмысын жүргізетіндер бар, олар да қыруар қоқыс шығарады.
Таяуда болған брифингте қала әкімінің орынбасары, ресми өкілі Сәрсен Құранбек Шымкенттен күндігіне 700 тонна қоқыс шығарылатыны жөнінде айтқан еді. Ал, жаз күндері оның көлемінің 1000 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Осыны әр айға шағып есептесек, қалада айына кем дегенде 2 мыңнан 3 мың тоннаға дейін қоқыс жиналады деген сөз.
Шымкентте қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу туралы айтылып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. «Пәлен деген елдің түген компаниясы инвестиция әкеледі, зауыт салу жөнінде келісіліп жатыр» деген сөздің іс жүзіне айналар кезі әзірге алыстау сияқты. Одан бері де Шымкент қаласының аумағы едәуір ұлғайды, тұрғындар саны 1 миллион 250 мың адамнан асып отыр. Осыған орай қоқыс та көбейіп, оны игере алмай қалмас үшін Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыттар салу ісін жылдамдатқан жөн-ау. Қоқысқа шығарылатын қағаз, шыны, пластик, полиэтилен, тағам қалдықтары үшін бөлек-бөлек арнайы контейнерлер қоюды қайта қолға алып, халықты қоқыс тастау мәдениетіне үйрете беру керек.
Бүгінде Шымкентті тұрғындар үшін жайлы қалаға айналдыру бағытында жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жақсыны жақсы деп айтуымыз керек. Шымкенттің ажары ашылып келеді. Осындай кезде қаланы қоқыстан арылту өз алдына, сол қыруар қоқысты жою мен өңдеп, іске асыру мәселесі де назардан тыс қалмағаны жөн.
Д. НҰРПЕЙІС.