Шыны керек, қазіргі таңда қалада болсын, ауылда болсын дәріханалардың қатары өте көп. Ондағы сатылып жатқан дәрілердің де бағасы әрқилы. Талапқа сай тасымал мен сапасына қатысты күдікті ойлар да жоқ емес. Бұл тұтынушылар арасында түсінбеушілік тудыратыны түсінікті. Осы келеңсіздікті болдырмау үшін тиісті сала басшылығы тарапынан бақылау мен шектеу шаралары күшейтілуде. Айталық, Шымкент қаласында 66 медициналық ұйым дәрілік заттарды таңбалау бойынша ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілді. Яғни 26 мемлекеттік және 40 жекеменшік медициналық ұйымдарда толық интеграция жүргізілген. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Таңбалаудың маңыздылығы — дәрілік заттардың айналымын ашық етеді және тұтынушыға босатылған дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігі бойынша ақпаратқа қолжетімділік беріп, меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдарда өндірушіден пациентке дейінгі әр қаптаманың жеке есебі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, контрафактілік және жалған өнім айналымынан қорғаудың негізгі құралдарының бірі болып табылады.
Ендігі жерде, нақтырақ айтқанда, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды көтерме саудадағы субъектілер таңбалау мен қадағалау процесін енгізбеген медицинадық ұйымдарға, дәріханаларға дәрілік заттарды босатуды тоқтатады. Осыған байланысты дәріханалар дәрілік заттарды сатып алу және халыққа өткізу мүмкіндігінен айырылады.
Әрине, сала мамандарының бұл қадамы басы ауырып, балтыры сыздаған науқастардың денсаулығын сақтау мен дәріханалар жұмысын жүйелеуге негіз болады деген ойдамыз.