Спорт

Қазақ боксынан бақ тайды ма?

Париж додасы қазақ спортына ауыр соққы жасады

12 тамыз күні Франция астанасы Париждің орталығындағы «Стад де Франс» стадионында 33-ші рет өткізілген жазғы олимпиада ойындары мәреге жетті. Толғаныстарға толы бұл күндері қазақстандық жанкүйерлердің де көп жүлдеден үмітті болғаны анық. Өкінішке қарай үміт толыққанды ақтала қоймады. Қазақстан бір алтын, үш күміс, үш қоламен жалпы командалық жарыста 43 орынды місе тұтты.

Токиода өткен додада қазақстандық спортшылар сегіз қола медаль еншілеген болатын. Сана елегінен өткізіп, сарапқа салсаңыз, бұл екі олимпиададағы көрсеткіш те көңілді көкке көтеріп, бөрікті аспанға лақтыратындай күйде емес. Биылғы додада Елдос Сметовтың алған алтыны командамызды аз да болса алға сүйреді. Ол болмағанда мүлдем төменгі орындарға құлдилайтынымыз анық еді. Ал көрші Өзбекстан спортшылары тарихында болмаған жетістікке қол жеткізді: 8 алтын (оның бесеуі бокстан), 2 күміс, 3 қола. Бұл алатақиялы ағайындарда бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш. Салыстырмалы түрде спортшылар саны өте аз қырғызстандық спортшылар да бірнеше жүлдені команда қоржынына салды. Олардың спорт тарихында боксшылары олимп алаңында алғаш рет финалда жұдырықтасты. Бұл да қырғыз спортындағы жетістік есептеледі.

Көршілер жетістіктерге жетіп жатқанда біздің спорттың қадамының кейін кетуіне не себеп? Жасыратыны жоқ,дода басталмай тұрып қазақстандық жанкүйерлердің болжамы жаман болған жоқ. Бірақ «үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» дегеннің нақ өзі болды. Ең көп үміт күттірген бокстан алтынсыз қалдық. Бұрын да жүлде қоржынын бос қалдырмайтын жеңіл атлетика, күрес және бірқатар спорт түрлерінен олимп шыңын бағындырамыз деген болжам да бос әңгіме күйі қалды. Д.Баландин мен А.Винокуров салған дара жолмен биыл ешкім жүріп өте алмады. Тауға өрмелеуден (сколалазшы) олимпиада рекордын жаңартқан Әмір Маймұратов та ойламаған жерден сүрініп кетіп, уысқа түскелі тұрған жүлде ұстатпай кетті. Ал WTA есебі бойынша әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған Елена Рыбакина мен көрсеткіші одан біршама төмендеу Юлия Путинцева сырқаттарын сылтау етіп, өз еріктерімен олимпиада ойындарына қатысудан бас тартты. Дәл осы уақытта АҚШ-тың Цинцинати қаласында жалауы көтерілген турнирге қатысу – олар үшін ел намысынан гөрі қаржылай табыс әлдеқайда тиімді болғанын аңғартты. Мұндайды аталарымыз «Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» дөп айтып кеткен екен-ау. Ал кениялық қарамаржандардың бұл спорт додасына тек турист ретінде барып қайтатыны әуел бастан белгілі еді. Қазақстанның спорт саласын басқарып отырған шенеуніктер мұны білмеді емес, білді. Алайда, олар үшін басты мақсат — жеңіске жету емес, қатысуболса керек. Неге десеңіз, өз елінің ұлттық құрамасына ене алмай, қапыда қалғандар Қазақстанның құрама сапында олимпиада жүлдесіне таласады дегенге әу бастан ешкім сене қоймаған еді.

Қазақстанның жүлдеден үміт күткен негізгі спорты бокс болды. Бірақ Токиода өткен олимпиадада сәтсіздіктің ащы дәмін татқан боксшылардың жеңілістен сабақ алмағаны соңғы әлем біріншілігі мен басқа да төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекелерде анық байқалды. Әлемді айтпағанда, құрлықта үздік екендігімізді дәлелдей алмадық. Өзбек боксшыларынан айласын асыра алмағандарды қайтадан додаға қосып, қателікке жол бердік. Ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевтың Бахадыр Жалолов тұрғанда чемпион бола алмайтыны бесенеден белгілі еді. Мұндай жағдайда білікті мамандар басқа спортшы дайындайды. Ал бізде резерв жоқ. Отқа да, суға да бір спортшыны сала береді. Б.Жалолов әуесқой бокстан кететінін мәлімдегеннен кейін«жауырыншылар» Қ.Қоңқабаевтың жолы ашылғанын айтуда. Жалолов кеткен күннің өзінде алғашқы кездесуде Қамшыбекті қапы қалдырған испандық А.Гадфа бар емес пе? Сонда біз өз боксшымызды жеңгендердің бәрінің «зейнетке» шыққанын күтіп жүре беруіміз керек пе?

Рас, рингте шын жүйріктердің емес, басқалардың бағы жанған сәттер де болды. Оны көзі қарақты спорт жанкүйерлері көрді, білді. Мұндай келеңсіз жағдайлар спортта бұрын да болған, алдағы уақытта да тоқтайтынына кепілдік жоқ. Сондықтан сәтсіздіктің бәрін төрешілерден көріп, сылтаумен ақталу жөнсіз. Б.Жалолов секілді айқын басымдықпен жеңбеген жағдайда төрешілер тарапынан бұра тартудан құтылмаймыз. Мұны мамандарда біліп отыр. Сондықтан 2028 жылғы олимпиада ойындарында АИБА құрамындағы елдердің олимпиадаға қатыспайтыны әзірден айтылуда. Мұндай әділетсіздіктерден кейін бокс басқа ұйымға берілуі мүмкін. Демек әділетсіздіктің орын алғаны байқалған сәтте-ақ Қазақстан АИБА құрамынан шығып кетуі керек еді. Сол кезде жүлде қорымыз бір күміске кем болса да халықаралық деңгейдегі беделімізді сақтап қалған болар едік. Ал мұндай оқиғаны жаңа ұйымның ескерусіз қалдырмайтыны анық.

Міне, осындай нақты, дұрыс қадам жасай алмауымыздың, батылсыздығымыздың салдарынан бокстағы әлем мойындаған абыройдан да, алтыннан да айырылдық. Оны қайтару өте үлкен күш-жігерді, батыл қадамды қажет етеді. Ал әзірге әлем назары да, бақ та өзбек боксшыларына ауды. Қашанға дейін? Ендігі жерде қазақ боксы бұрынғы беделін қайтара алады ма?

Балқы Базар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *