Шымкентті дамытуда инновациялық орталықтардың маңызы үлкен. Жақында сондай орталықтың құрылыс жұмыстарымен арнайы танысқан қала әкімі Ғ.Сыздықбеков Әл-Фараби ауданындағы «Shymkent Hub» ғимаратында болды. Инновациялық орталық Шымкентте ақпараттық технологияларды қолдау және дамыту мақсатында құрылған. Орталық стартап жобалар, технологиялық компаниялар, инвесторлар, оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы өзара әрекеттесу алаңы ретінде қызмет етеді.
Сонымен қатар қала басшысы «Бозарық» шағынауданындағы базар құрылысының барысымен де танысты. Жауапты мамандарға барлық жұмысты уақытында аяқтап, аумақты абаттандыруды және стихиялық саудамен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерін осы базар аумағына көшіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырған қала басшысы сапаға мән беруді ескертті.
Бұдан бөлек тазарту қондырғыларының кешенін аралап, нысанның санитарлық жағдайымен танысуды мақсат тұтқан қала әкімі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшылығына мүдделі органдармен бірлесіп қазіргі экологиялық жағдайды зерделеу бойынша есеп беруін ұсынды. Бұл алдағы жобаларды негіздеуге қажет.
Қала әкімінің «Алтынтөбе» тұрғын алабындағы базарға ат басын тіреуі, сауда нүктесінің жай-күйімен танысуы қала басшылығының бақылауында екендігін аңғартса керек. Аудан әкімі мен бөлім басшыларына учаскедегі барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырған қала әкімі бәрі де тұрғындар үшін қолайлы болуына жіті мән беру керектігін ескертті.
Қала басшысы Шымкенттегі жаңа әуежай терминалы аумағындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын да өз бақылауына алған. Ал А.Асқаров атындағы дендросаябақтың жәй-күйі қала әкімінің назарынан тыс қалған емес. Бұл жолы да қала басшысы дендросаябаққа барып, субұрқақ пен каскадты сарқыраманың жұмысын тексерді. Олар жазғы уақытта да үздіксіз жұмыс істеуі қажет. Жауаптыларға мұны жіті қадағалауды және пикник ұйымдастыратын орындарды жарықтандыруды тапсырды.
Шымкенттегі қонақжай нысандардың бірі «Көл» аумағы. Қазір осы аумақты абаттандыру және Ордабасы алаңындағы субұрқақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Салалық басқарма басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне қала әкімі бұл орайда бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.