Білім, ғылым

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА ОҚЫҒАН АҚНИЕТ

Былтыр күзде Түркістанда оңтүстіккореялық «Усоң университетінің»  халықаралық филиалы (Woosong University Kazakhstan) ашылғаны мәлім. Негізінен IT мамандар даярлайтын жоғары оқу орнының 2 мыңға дейін студент қабылдауға мүмкіндігі бар. Онда бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен барған 400-дей жастар білім алуда.

 Түкістанға корей студенттері келді

Міне, осы университетке таяуда Оңтүстік Кореядан 24 студент келді. Олар күтіп алғандар қатарында өздерімен корей тілінде еркін сөйлесе алатын қазақ қызы барын көргенде қатты қуанды. Оңтүстік Кореяда білім алып келген Ақниет Сембек (суретте) оларды қаланың көрнекі жерлерімен таныстырды.

Ақниет бізден 12 студент Оңтүстік Кореяға барып академиялық алмасумен оқып келгенін айтады. Енді ол жақтан студенттер келіп отыр. Осында бір семестр оқитын болады. «Университет әзірге «Жасанды интеллект» және «Деректер ғылымы» бойынша екі мамандыққа оқытуда. Оқытушылары Оңтүстік Кореядан келген өте мықты профессорлар», — дейді Ақниет. Өз отбасының Түркістанға көшіп келгеніне екі айдай болыпты. Жолдасы Ерғали аталған оқу орнында жасанды интеллект бойынша профессор қызметін атқаруда екен. Ол Англияның Ноттингем университетінде, Оңтүстік Кореяның атақты «КАИСТ» (Кореяның ғылым мен техникадағы озық институты) жоғары оқу орнында білім алыпты. Сондай-ақ Ерғали бауырымыз Оңтүстік Кореяның мықты компанияларында қызмет атқарған тәжірибесі бар азамат екен.

«Усоң университетіне» түсу үшін ағылшын тілін білу міндетті, өйткені сабақтар ағылшынша өтеді. Оқу құны алғашқы жылы 6000, кейінгі курстарда 5500 доллардан екен.

 Білімді балабақшадан бастап береді

Біз Ақниеттен өзін жақынырақ таныстыруды және Оңтүстік Кореяның халқы, ондағы білім саласының ерекшеліктері туралы айтып беруін сұрадық.

«Шымкенттікпін, химия-биология бағытындағы Назарбаев мектебін бітіргенмін. 2016 жылдан бастап Астанадағы «Еуразия» Ұлттық университетінде грантпен оқыдым. Мектептегі үйірмелерге, іс-шараларға белсенді түрде қатысушы едім, сол әдетім университетте де үзілген жоқ. Оған қоса «ОЛХ»-ке өзім туралы жарнама беріп, Назарбаев мектептерінде оқитын балаларға математика, ағылшын тілінен репетитор болдым. Үй жұмыстарын орындауға жәрдемдесіп, табыс таптым. 2017 жылы ЭКСПО-да волонтер болып істедім. Сонда жүргенімде директор шақыртып, супервайзерлік жұмысқа алды.

Мен негізі мектептен соң Қытайдың бір университетіне грант ұтқанмын. Өзім Түркияға оқуға түсуді армандап жүрдім. Ал шетелге кетуіме анам үзілді-кесілді қарсы болды. Бәрібір де жібергісі келмейтін еді. Бірақ шетелде оқу менің ойымда үнемі жүретін. Сосын кореялықтардан сұрап, іздене бастадым. Тіл курсын тауып, соған құжат тапсырдым. Сөйтіп жүріп ылғи шетелге оқуға тапсыратындардың ортасына тап болдым. Мен өзімнің болашақ жарымды да сонда кезіктірдім. Екеуміздің әңгімеміз бірден жарасып кетті. Ол құжаттарын Оңтүстік Кореяның «КАИСТ» деген университетінің  докторантурасына тапсырды. Мен тілдік курсқа өттім. Ерғалидың ұтқан оқу бағдарламасында жүріп-тұру ақысы, стипендия, грант — бәрі бар. Мен де грант ұттым, бірақ оқу тегін болғанымен стипендиясы жоқ еді. Ары қарай жұмыс істеп табыс таппасаң қиын. Бірақ сонда да барам деп шештім. Әке-шешемнің жібермейтінін уайымдап жүргенімде Ерғали отбасын құруға ұсыныс жасады. Мен оны қабыл алдым. Бұл 2018 жыл еді, Оңтүстік Кореяға маусым айында кеттік. Тэджон қаласында пәтер жалдап тұрдық. Жолдасым 1 миллион 500 мың вона стипендия алатын. Біздің ақшаға шаққанда 500 мың теңге. Соған өмір сүрдік. Мен алғашында тіл курсын Пусан қаласындағы «Доңсо» университетінде оқыдым. Кейін, 2019 жылы Корей үкіметінің дамушы елдер жастарына беретін стипендиясына қол жеткіздім. Білім министрлігінің грантымен оқыдым. Тіл игерудегі жоғары көрсеткішім үшін жоғары стипендия алдым. Басында 1 миллион вона алатынбыз, кейін бағалар көтеріле бастағасын 1 миллион 300 мың вона беретін болды. Мен Тэджон университетінен «Денсаулық және сұлулық басқармасы» мен «Косметика ғылымы» деген мамандықтар бойынша екі диплом алып шықтым. Денсаулық сақтау, косметика жасау мен оны қолданудың қыр-сырына, оған қатысты заң талаптарына дейін оқытты. Бәрін теориямен қоса іс жүзінде де үйретті.

Ол жақта мықты косметологиялық компанияларда жұмыс істеп, косметиканың рецептісін жасаған өте білікті кісілер ғана профессор бола алады екен. Менің косметологиядан сабақ берген мұғалімімнің өз клинкасы болған. Сол ағайымның өз бренді бар бір танысы косметика шығарып, оны Канада мен Ресейге экспорттайды екен. Енді Орта Азияға экспорттамақ. Ол үшін тұрғылықты жерді білетін, қазақша, орысша сөйлей алатын адам іздейді. Ағайым мені соған таныстырып, рекомендация берді. Сөйтіп оқу бітірмей жатып жұмысқа тұрып кеттім.

Ерғали ағылшынша, мен корей тілінде оқығанбыз. Ол IT мамандығында оқыған. Ерғалиды өз профессоры меншігінде зерттеу орталығы бар бір профессорға таныстырып, ұсынған. Сөйтіп ол да оқу бітірмей жатып жұмысқа тұрып кетті. «Neoforce» компаниясы өз жобаларын бітіргесін басқа адамға рекомендация беріп, Ерғали «GAION» компаниясына алынды. Компания директоры болып толық айлық жалақы алып жүрді», — дейді Ақниет.

Ақниет бүгінде үш баланың анасы. Балаларының бәрі де 1 жасқа толмай жатып балабақшаға барған. Оңтүстік Кореяда балабақша тәрбиешісінің өзін «Балабақша жасындағы балалар білімі» деген мамандыққа ғылыми негізде оқытып, білім береді екен. Сондықтан аналары алаңдамай сәбиін үш айлық кезінен-ақ балабақшаға орналастыра береді. Бірақ тәрбиешіге екі-үш жасқа дейінгі үш баладан артық алуға болмайды. Қызығы – балабақшаға полицей, дәрігер, ұшқыш сияқты мамандық иелері шақырылып, өз мамандықтары туралы айтып беріп тұрады екен. Балаларды табиғаты сұлу жерлерге серуендетіп, театрларға, зауыттарға да апарып тұрады. Яғни олардың танымдық білімін арттырады. Ойын түрінде көрсетіп, тіпті қалай дұрыс тамақтану керегіне, астың пайда-зиянына дейін түсіндіріп отырады екен. «Оңтүстік Корея – мәдениеті өте жоғары ел. Халқы әлемдегі ең білімді халық саналады. Естуімше, оларда кезінде білім, жұмыс іздеп АҚШ-қа көшкендер көп болған. Оны тоқтату үшін көп етіп зерттеу орталықтарын ашып тастаған. Зерттеуге, ғалымдарға инвестиция көп салынады. Халықтың жағдайын жасаған, ішкі туризмді дамытқан. Біз тұрған Тэджон білім қаласы саналады. Онда университеттер мен зерттеу орталықтары өте көп», — дейді Ақниет.

Корей халқы үлкенді қатты сыйлайды екен. Жасы үлкен кісілер өте белсенді, үнемі спортпен, дене шынықтырумен айналысып, табиғат аясына жиі шығып жүреді. Бір отбасыда ары кетсе екі-үш баладан ғана болады, яғни бұл елдегі бала туу көрсеткіші төмен.

Қысқасы, Ақниеттен Оңтүстік Кореяның ерекшеліктері туралы көп жайларды білдік. Бүгінде одан Оңтүстік Кореяға оқуға түсу үшін кеңес сұрайтындар көп. Сондықтан «Инстаграмда» ол «Ақниет арнасын» ашқан. «Біраз баланың оқуға, магистратураға, бакалаврға түсуіне жәрдемдестім. Бүгінде Оңтүстік Кореяға білім іздеп, жұмыс іздеп баратын қандастарымыз көп. Ол жақта жұмыс істейтін ерлерге 1 сағатқа 10-11 мың вона төлейтін болса, әйелдерге ерлерге қарағанда әлсіздеу деп 7-8 мың вонадан төлейді. Арнамды білім іздеген жастарға көмектесу ниетімен аштым», — дейді Ақниет.

Осындай білімді, көзі ашық, елге жаны ашитын жастарды көргенде кәдімгідей бір қуанып қаласың. Ақниет те бізге кейбіреулер сияқты «керегі жоқ», «уақытым жоқ» демеді, жұмысының қауырттығына қарамастан уәдесін орындап, тұщымды сұхбат берді. Сол үшін де оған аса ризамыз.

Көп жаса, мұрат-мақсатыңа жет, Ақниет!

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *