Қоғам

ЕЛІМ ДЕП ӨТКЕН ЕР ТҰЛҒА

1937-1938 жылдардағы жаппай саяси  қуғын-сүргін науқаны қазақтың небір асыл азаматтарының өмірін қиды. Осындай арманда кеткен арда тұлғалардың бірі – шымкенттік Тәңірберген Отарбаев. Ол халықтың жағдайын жасап, сауаттандыру жолында жан аямай еңбек еткен. Бірақ жазықсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған.

Жазықсыз жапа шеккен

Шымкентте Тәңірберген Отарбаевтың қызы Ұлжан апа (суретте) тұрады. Биыл жасы 88-де. Кешегі күні біз Ұлжан апаның үйіне барып, ол кісімен әңгімелесіп қайттық. Алдын ала хабарласқасын ол кісі өзінің әкесіне қатысты жинаған бір портфель құнды деректерін, құжаттар мен газетте жарияланған мақалаларды, оншақты кітапты даярлап қойыпты.

Ұлжан апа әкесінің жүзін көрмеген, әкеден бір айлығында қалған екен. Анасы Мәриям өмірге тоғыз перзент әкелген. Алтауы жастай шетінеп, Жақұт, Қайрат, Ұлжан есімді үш баласы ғана жетілген.

«Әпкем менен 16 жас, ал ағам 6 жас үлкен еді, — дейді Ұлжан апа. – Олар қазір өмірде жоқ, ұрпақтары бар, Алматы, Шымкент қалаларында тұрып жатыр.  Әкемді менің бір айлық кезімде «халық жауы» деп ұстап әкетіпті. «Халық жауы» отбасының жайы қандай болмағы белгілі ғой, жастайымыздан қиындық көріп өстік. Анам менің 6 жастағы кезімде ауыр науқасқа шалдығып дүниеден өткен.

Әкемді ұстап әкетерде біздің отбасы Ташкентте тұрған екен. Ол кісі сонда «рабфакта» меңгеруші боп қызмет атқарып жүрген. Жала жабылып, бір күнде қамауға алыныпты. Анамды «Мәке» дейді екен, түрмеге әкетіп бара жатқанда: «Мәке, мен ақпын, жазықсызбын. Ақталып келемін деп сенемін. Бірақ сен енді балаларға ие бол. «Халық жауының әйелі» деп Сұлтанбек Қожановтың әйелі Гүләндам сияқты лагерьге жабуы да мүмкін. Сондықтан балаларды ал да, Шымкентке қайт, төркініңе бар», — деп ескертіпті. Содан анам мені көтеріп, екі баласын жетектеп Шымкентке қайтады. Әкем де, анам да – Шымкенттің тумалары. Әкем Қатынкөпірде, анам қаланың орталығында туып-өскен. Анамның өскен үйі қазіргі Қонаев көшесінің бойындағы «ЦУМ» тұрған жерде болған. Көшесі «Степная» деп аталатын, жер үйлер көп, №9 үйде тұрғанбыз.

Нағашы апамыз Перне өте парасатты кісі еді. Өз перзенттерінен қалдырмай өсірді. Мен қазіргі Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектепке 1947 жылы бардым, 1954 жылы 7-ші сыныпты сонда бітірдім. Қалған 3 жылды сол кездегі «Советская» көшесінде болған мектеп-интернатта жатып оқыдым. Сосын Алматыға барып оқуға түстім, сол жақта Жетібаев Әбуғали деген Ауыл шаруашылығы институтының ұстазымен тұрмыс құрдым, Алматыда тұрдым. Шымкентке көшіп келгеніме биыл екінші жыл болып отыр», — дейді Ұлжан апа.

Ол кісі өзінің елдің сауатын ашуға мол еңбек сіңірген қайраткер адамның қызы екенін көпке дейін білмей жүріпті. Өзі оқыған №7 мектепті бір кездері әкесі басқарғанын да бертінде естіген. Ал жастау кезінде «біздің әкеміз қайда?», «ол кісі кім болған?» деген сұрақтарына ешкімнен мандымды жауап ала алмаған. Себебі белгілі, ол кездері жұрт «халық жауы» деген жаман ат таңылған адамдардың атын атауға қорқатын болған.

Тәңірберген Отарбаев 1893 жылы өмірге келген. Ол кісі 1938 жылы жалған жаламен 5 жылға сотталған екен. Соның екі жылында ол Ташкент түрмесінде отырыпты. Кейін оны Коми АКСР-іне жіберген. Ол сол жақта, Ухтинск деген жерде белгісіз жағдайда қаза болған. «Жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болды» деп айтылыпты. Жаза мерзімі бітуге таяғанда, 1944 жылы бақилық болыпты. Ал ол кісінің қалай дүниеден өтіп, қайда жерленгенін анықтауға ата-анадан жастай қалған балаларының мүмкіндігі болмаған. Ұлжан апаның әпке-жездесі мен ағасы соны анықтауға көп әрекет жасапты. Сөйтіп әкелерінің 1957 жылы ісінде қылмыс құрамы болмағандықтан ақталғанын анықтаған.

Бауыржан батырдың сүйікті ұстазы болған

Ал Ұлжан апаның өзінің әкесін іздеуі әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының үйіне барудан бастау алған. 1970 жылы наурызда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Тәңірберген Отарбаев туралы «Ақын ағартушы» деген мақала шығады. Онда Т.Отарбаевтың Бауыржан Момышұлы және басқа да бірқатар белгілі азаматтардың ұстазы болғаны туралы айтылған екен. Осыны оқығасын Ұлжан апа Баукеңе жолықпақ болады. Бірақ оның сәті 1979 жылдың 10 мамырында ғана түсіпті.

«Бауыржан ағаның әйелі Жәмила апай менің нағашыларымды танитын еді. Бір жолыққанымызда Тәңірберген Отарбаевтың қызы екенімді айтқанымда таңқалған. Бауыржан ағаға жолыққым келетінін естігенде: «Баукең  мықты ұстазым еді деп ол кісіні үнемі еске алып отырады», — деген болатын. Содан Бауыржан ағаның үйіне бардым. Ол кісі кім болатынымды, жағдайымды – бәрін тәптіштеп сұрады. Себебі алғашында мен Тәңірберген Отарбаевтың қызы дегенге сеніңкіремеген екен. Өйткені мені бұрын көрмеген. Ағамен жақсы әңгімелестік. Кейін ол кісі менің өкіл әкемдей болып кетті, көп жақсылықтар жасады. Үш бөлмелі пәтер әперді», — дейді Ұлжан апа.

Батыр Бауыржанмен болған әңгімеден кейін ол кісі әкесі туралы барша материалдарды іздеп, жинастыра бастайды. Бізге көрсеткен кітаптары мен бір портфель толы деректер мен құжаттар – сол ізденістің жемісі.

Нәмет Сүлейменовтің «Ұстаз» деген шағын кітабы, Т.Отарбаевтың өз шығармалары топтастырылған «Жауыз тағдыр жаңылдырды жолымнан» деген кітап, жазықсыз жазаланғандар туралы энциклопедия, Мамытбек Қалдыбайдың «Ұмытылмас кездесулер», «Батыр Бауыржанның сүйікті ұстазы», Жәмила Егембердиеваның «Өмірдің өзі – дастан», Гүлзира Шерімбетованың «Ғасыр жаңғырығы» деген кітаптары жинақталған екен. Бірқатарын парақтап көрдік. Ж.Егембердиеваның «Өмірдің өзі – дастан» кітабында Бауыржан Момышұлы атынан айтылған естеліктердің біразын оқыдық.

Ол кездері Ташкент Түркістан республикасының астанасы саналыпты. Онда баспаханалар болған, газет-журналдар шығып тұрған. Осы басылымдарда ағартушы ұстаз Тәңірберген Отарбаевтың көптеген өлеңдері, мақалалары жарық көріпті. «Терме», «Сана», Сәуле», «Шолпан» журналдарында, «Ақ жол» газетінде шығармалары басылып тұрған. Ол кісінің «Челюскиншілер» деген жинағы әдеби жүлде алыпты. «Баттал» деп аталатын тарихи поэмасы болған. «Әл-Фараби» деген ғылыми зерттеуге арналған кітабы, «Ескі мектеп», «Жаңа мектеп» деген кітаптары жарық көрген екен. Осының бәрі ол кісінің қаншалықты жан-жақты адам болғанын көрсетіп тұр.

«Сұлу, сұсты да инабатты кісі болған» деп суреттепті батыр өзінің жақсы көретін сүйікті ұстазын сол кітапта. Т.Отарбаев сондай-ақ домбырашы, халық әндерін нәшіне келтіре орындайтын әнші де болыпты.

Б.Момышұлы өзінің естелігінде Т.Отарбаевтың үйіне барып әңгімелесіп тұрғанын да айтады. «Ол кісімен әдебиет жөнінде, өлең ұйқастары, құрылысы, үлкен жазушылар тұрғысында сырласып, пікірлесіп жүрдік. Мен Тәкеңді іштей жақсы көретінмін. Қысқасы, жазушы болуыма Тәкеңнің үлкен ықпалы тиді», — деп еске алыпты батыр ұстазын. «Тәкең, шіркін, көрсе көркі, сөйлесе сөзі бар, ақылды, сабырлы, шешен, өте білімді, білім болғанда, жан-жақты көшелі кісі еді. Барлық шығыс, әлем әдебиетінен хабары мол. Ол кісі сабақ бергенде қызық, кәдімгі көрнекі құрал ретінде қолына домбыра ұстайтын. Әрбір ақынның шығармасын өтерде өлеңдерін мәнерлеп оқып, өзінше сабақ-концерт беретін. Оның сабағы – біз үшін рахат дүние», — деп асқан ризашылықпен еске алған.

Ұстаздық жолдан айнымаған

Т.Отарбаевтың шығармалар жинағы былтырғы жылы Шымкенттен шығыпты. Қаладағы саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының арабша әріппен түсірілген төтен жазу танитын азаматтары архивтерден ақтарыстырып, ол кісінің өлеңдерін, мақалаларын жинақтаған, сөйтіп кітап етіп бастырып шығарған. Оны да парақтап көрдік. Жазылған өлеңдерден, мақалалардан сол кездердегі әлеуметтік, қоғамдық тыныс сезіледі. Ел ертеңіне деген сенім де, алаңдаушылық та жүр. Т.Отарбаев әсіресе балалардың сауатын ашуға, оқытуға, ұстаздардың біліктілігін арттыруға көп көңіл бөліпті. Маңызды жұмыстарды жолға қою жөнінде, милиция жұмысы, жер, су мәселелері, кемшіліктерді жою туралы және басқа да алуан тақырыптарды қаузаған. Адам бойындағы кейбір жаман қасиеттер, жаман адамдар әрекеті жөнінде де бар. Ол кісінің түрмеде жазған өлеңдері де бар екен.

Осының бәріне көз жүгірте отырып ағартушы ұстаз Тәңірберген Отарбаевтың қандай үлкен жүректі, ірі адам, елін сүйген ардақты азамат болғанын сезіндік.

Т.Отарбаев өзінің сауатын қаладағы «Кенжеқожа» деген медреседе ашқан екен. Ол медреседе мұсылманша хат танумен бірге математика және тағы басқа да пәндерден дәріс оқылыпты. Осы жерден білім алып шыққан жас жігіт бірден мектепте ұстаз болған. Кейін Ташкентте екі жыл оқып білімін жетілдірген. Қазіргі Қ.Спатаев атындағы мектеп сол кездері бар екен. Әр жылдары әрқалай аталып келген. Алғашында қаланың қазіргі Тоқаев көшесінде болған екен. Т.Отарбаев осы мектепте директор болған. Осында жүріп ол балалар үйін ашыпты, оның меңгерушісі де болыпты. Шығармашылық қуатын ұғынған Алаш зиялылары баспаға жұмысқа тартпақ болғанда ол кісі: «Балаларды оқытуымыз керек, оларға білім беруіміз керек» деп ұстаздық жолынан айнымай, өмірінің соңына дейін сол жолға адал боп өтіпті.

«Әкем Жүсіпбек Аймауытовпен араласып тұрған екен. Ол кісіні мектебіне келгенде балаларға таныстырған. Бір кездері Қапланбектегі оқу орнына да басшылық етіпті. Сонда жүргенде оқу орнының жай-күйін білуге Ахмет Байтұрсыновтың өзі келген екен. Бұл жөнінде алдыңдағы кітаптардың бірінде егжей-тегжейлі айтылады», — дейді Ұлжан апа.

Ұлжан апамен екі сағаттай әңгімелесіп, көптеген жайларға қанықтық. Елдің жарқын өмірі жолында аянбай тер төккен Тәңірберген Отарбаевтай атпал азамат туралы көп-көп айта беруге болады. Қаланың «Самал» шағын ауданындағы бір көшеге Т.Отарбаевтың есімі берілген. Ердің есімі – елдің есінде.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *