және Сабаев пен Әбілдаевтар әулеті
Орта Азия мен Қазақстандағы тұңғыш қорық – «Ақсу-жабағылының» құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Қорық ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген. Бұдан бір ғасыр бұрын бұл қорық осы жердің табиғаты мен аң-құстарын, өсімдіктерін бүгінгі және келешек ұрпаққа қаз-қалпында сақтап қалу мақсатында құрылған.
«Табиғат – тіршілік тірегі» деп халқымыз айтқан игі мақсатты орындау жолында ғасырлық ғұмыры бар бұл қорықта қызмет еткендердің арасында мықты басшылар мен ғалымдар, мамандар, лаборанттар, қорықшылар мен инспекторлар болды. Олардың еселі еңбектерімен «Ақсу-Жабағылы» қорығын әлемдегі бірегей қорықтардың қатарына қосқаны бізді қуантып, көңілімізді марқайтады.
«Ақсу-Жабағылы» қорығында қаншама аталарымыз бен апаларымыз аянбай еңбек етіп, аптап ыстық пен аязды, боранды, жауын-шашынды күндері небір қиыншылықтарды бастан өткеріп, браконьерлермен күресіп, аңдар мен құстарды, өсімдіктерді қорғап, бүгінгі күнге жеткізді. Табиғаттың баға жетпес байлықтарын сақтау жолында ерен еңбек сіңірген қорықшылар мен инспекторларды халық білуі керек деп есептеймін.
Жүз жылдық мерейтой қарсаңында осы қорыққа 36 жыл бұрын егерь болып жұмысқа кіріп, бүгінгі күні мемлекеттік инспектор қызметін атқаратын Дауылбай Пошанұлы мен көп жылдар бойы қарапайым қорықшы болып істеп, зейнеткерлікке шыққан Мырзатай Мұратәліұлымен тілдесудің сәті түсті. Сәл шегініс жасап айта кетсем, Дауылбай мен Мырзатайдың әкелері Пошан Әбілдаев пен Мұратәлі Сабаев – сонау 1950-1990 жылдары «Ақсу-Жабағылы» қорығында қатардағы қорықшы болып, қиын кезеңдерде күн-түн демей, аянбай жұмыс істеген ардақты азаматтар. Марқұм Мұратәлі мен Пошан көкелеріміз өмірден өтіп кеткенімен, олардың ұлдары Мырзатай мен Дауылбай әкелерінің жолын қуып, адал еңбек етіп жүрген қорықшы әулетінің атпал азаматтары. «Атадан бала туар, атаның жолын қуар» дегендей, Мырзатайдың ұлы Дулат та инспектор, ал Дауылбайдың ұлы Диас Көкшетауда орманшы мамандығында оқып жүр екен. Демек, Сабаев пен Әбілдаевтардың әулеті – кәнігі қорықшылардың әулеті.

Дауылбай Әбілдаев пен Мырзатай Сабаевтан сұхбат алу үшін оларды Балдыберек және Қаратөбе ауылдарындағы үйлеріне арнайы іздеп бардым. Қорықтың жүз жылдығына орай зейнеткер Мырзатай аға мен инспектор Дауылбайдан әкелері туралы және «Ақсу-Жабағылы» қорығын басқарып, ел-жұрттың құрметіне бөленген басшы Айтбек Меңлібековтың атқарған еңбектері жөнінде айтып беруін сұрадым. Ардагер Мырзатай аға аз сөйлейтін, табиғаты тұйықтау адам. Әкесі туралы «Менің әкем Мұратәлі өте еңбекқор әрі сабырлы, өзіне жүктелген тапсырманы тындырып істейтін және тазалық пен тәртіпке қатты қарайтын кісі еді. Көкем Мұратәлі мен анам Ұлжаннан тараған 7 ұл, 3 қыздан өрбіген немерелер мен шөбере баршылық», — деп қысқа қайырды. Инспектор Дауылбай әкесі туралы жан-жақты әрі толығырақ мәлімет берді. «Ауыл адамдарының айтуынша, әкем Пошан ақкөңіл, жаны жайсаң, қолы ашық және өз ісіне шын берілген жан болған деседі. Менің білетінім, көкем айтқан уәдесіне берік болатын. Мен қорыққа жұмысқа кірген 1992 жылы «Сілбілі» кордонында Түлкібас жақтан келген Нұрғали деген жігітпен бірге жұмыс істедім. Сол жылдары оның келіншегі босанып, ұл туғанда менің әкеме: «Осы баламның үйлену тойын өзіңіз ашып, бата бересіз», – дегені есімде. Сонда әкем: «Аман болсам, тойыңа барамын», — деп уәде берген. Уақыт деген тез өтеді екен. 2024 жылы әкем жасы 90-нан асқанына қарамастан, сөзінде тұрып, Нұрғалидың баласы Нұртастың үйлену тойына барып, батасын беріп, уәдесін орындады. Пошан Әбілдаұлынан тараған 3 ұл, 8 қыздан өсіп-өнген бала-шаға бұл күнде бір қауым ел болдық. Әкем былтыр 92 жасында өмірден өтті. Жас кезінде Түлкібас жақта шахтада, кейін Ленгір (қазіргі Төлеби) ауданындағы Елтай ауылына көшіп барып, теміржолда жұмыс істеді. Қай жерде жұмыс істесе де абыройлы болып, ел құрметіне бөленгені жөнінде Түлкібас, Төлеби ауданының адамдарынан есітіп, риза болып қаламыз. Әсіресе, қорықта жұмыс істеген жылдары аң-құстарды, өсімдіктерді қорғауға көп еңбек сіңірді. Әкем бізге үнемі «Табиғат – адамзаттың ортақ үйі», «Табиғатқа қамқорлық – ұрпаққа қамқорлық» деген нақыл сөздерді айтып, құлағымызға құйып отыратын.
Әкем – 26 жыл қорықта адал қызмет істеп, көптің құрметіне бөленген ардақты азамат. 2023 жылы тамыз айында Пошан Әбілдаев туралы «Ардақты Ардагер» журналына «Тау мен қария» атты көлемді мақала жарық көрді», — деп Дауылбай әңгімесін қорытты.
М.Сабаев пен Д.Әбілдаев екеуінің өз шаңырақтарында ұлдары мен келіндерімен бірге тату-тәтті тұратынын өз көзіммен көріп, куә болдым. Олардың шын мәнінде өсіп-өнген әулет, үлгілі отбасы екендіктерін ауылдағылар да айтты.
Директор Меңлібеков
Ардагер Мырзатай аға мен инспектор Дауылбайдан бұрынғы директорлар және есте қалған ерекше бір сәттер туралы айтсаңыздар деп қолқа салдым. Олардың айтуларына қарағанда, директор Айтбек Меңлібеков «Ақсу-Жабағылы қорығын» 20 жылдай басқарған іскер директор. Ол қорыққа басшылық жасаған жылдары Ақсудың оң және сол жағалауларындағы кордондарға жаңа заманауи үйлер салдыртып, материалдық-техникалық жағын жаңартып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға күш салған. «Айтбек Нарынбайұлы астындағы аты болдырса да өзі шаршамай, басқа ат ауыстырып мініп, қорықты әрмен қарай аралап, бәрін өзі көріп, тексеріп жүретін талапшыл басшы болған. Оның ағысы күшті Ақсу өзенінің үстінен рельс пен шпалды, тағы басқа да материалдарды атпен тасытып, көпір салдырғанын қызметкерлер де, аудан тұрғындары да жақсы біледі. Мен білетін Айтбек Нарынбайұлы кейде Ақсудың арғы бетінен дүрбі салып, бергі бетті бақылап, бергі жақта браконьердің жүргенін бізге рациямен айтып ескертетін. Содан кейін біз, 4 кордонның инспекторлары жабылып іздеп, браконьерді тауып, оны ұстап, акті жазып жатқанда Аятбек ағаның өзі де келіп қалатын», – деді Дакең.
Тау баласы тауға қарап өседі
немесе инспектор Дауылбай туралы
Мың есіткеннен бір көрген артық деп, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығының бүгінгі жағдайын өз көзіммен көріп, танысу мақсатында «Дарбаза» кордонына барып, мемлекеттік инспектор Дауылбай Әбілдаевқа жолықтым. Ол – 1992 жылдан бері тарихи қорықтағы бірнеше кордонда тынбай еңбек етіп келе жатқан майталман маман.
Дауылбай 1968 жылы Балдыберек ауылында дүниеге келген. 1976-1983 жылдары Ленгір қаласындағы N17 мектеп-интернатты оқып бітірген соң үш жыл Владивостокта әскери флотта қызмет етіп, старшина шенін алып, елге оралады. Одан кейін Георгиевкадағы (қазіргі Көксәйек ауылы) училищеде механизатор мамандығын меңгеріп, Ленгірдегі «Луч» фабрикасына жұмысқа кіреді. 1992 жылы Дауылбай туған ауылына келіп, әке салған сүрлеуге түсіп, «Ақсу-Жабағылы қорығына» егер болып орналасады. Тыңғылықты еңбегімен көзге түсіп, мемлекеттік инспектор қызметіне көтеріліп, бірнеше кордонда жұмысын жалғастырып келеді. Тауда Дакеңмен бірге жүрген кезде оның тазалық пен тәртіпке айрықша көңіл бөлетінін байқадым. Оның басты ұраны: «Таза табиғат – таза болашақ», «Жерді аяласақ, жер де бізді аялайды» екен. Жұмысына барғанымда өзі отырған ғимараттың айналасы таза екеніне, ағаштар мен гүлдердің жайқалып өсіп тұрғанына куә болдым. Біз қорықты аралап жүргенде табиғат аясына келген демалушылардың көп екенін көрдік. Бір өкініштісі, олардың арасында тынығу мәдениетін сақтамай, темекінің тұқылын, босаған ыдыстарды тастай салатындар аз емес екен. Бұл, біріншіден, айналаны ластаса, екіншіден, өрт қаупін тудырады. Дакең жол-жөнекей соларды жинап, жолыққан адамдарға тазалықты сақтау керектігін ерінбей ескертіп жүрді. Айтуға оңай болғанымен, оларды бақылап, тәртіпке шақыру оңай шаруа емес. Соның арасында «Ақсу-Жабағылы» қорығының басшылары рациямен жиі хабарласып, түрлі тапсырмалар беріп жатты. Бір сөзбен айтқанда, бір сәт те толастамай қызып жатқан жұмыс.
Айтпақшы, бұларды сырттай бақылап және сырттарынан «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп арыз жазатындар да бар екен. Сондай 4 арыз бойынша жоғары жақтан тексерушілер келіп, анық-қанығын тексеріп болған соң, «шағым дәлелін таппады» деп анықтама жазған екен.
Дауылбайдың ұзақ жылдар бойы адал атқарған жемісті еңбегі еш кеткен жоқ. Қоғамдық өмірге белсене араласқаны басшылық пен аудандық, облыстық мәслихат тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше Құрмет грамоталарын иеленді. Еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында биологиялық әртүрлілікті сақтауда және көбейтуде қол жеткізген табыстары үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің және ел Президентінің тарапынан бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының
мүшесі,
қоғам қайраткері.
