Жалпыхалықтық мерекеге және 16 наурыз – Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай Шымкенттеге Көрме орталығында «Жарамазан Fest» республикалық байқауы өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған байқауда Түркістан облысы аудандарынан, облыс орталығы Түркістаннан, Шымкенттен, Қызылорда, Жамбыл, Жетісу, Алматы, Атырау облыстарынан келген өнер ұжымдары бақ сынады. Олар өз аймақтарына тән орындаушылық ерекшеліктерді таныстырып, жарамазан жырларын түрлі нақышта орындады.
Жарамазан – халқымыздың ауыз әдебиеті арқылы таралған тұрмыс-салт жырларының бірі. Ислам дінімізді насихаттауға арналған жарамазанның қасиетті Рамазан айтында айтылатыны белгілі. Яғни өнерге бейімі бар азаматтар ораза ұстап, ауыз бекіткен жамағаттың үйлерін аралап, жарамазан айтады, ізгі істерге үгіттейді, ақ ниетпен бата береді. Үй иелерінің көңілін көтеру мақсатында өлеңге әзіл қосып та айтады.
Байқау кезінде қатысушылардың орындаушылық шеберлігі мен ұлттық таным көкжиегі сараланды. Оларға ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне қатысты викториналық сұрақтар қойылды. Әділ қазылар құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі, республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші әрі термеші Жақып Спатаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жыршы-термеші Абылай Бөріханов, айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов болды.
Қазылар шешімімен байқаудың Бас жүлдесі Жетісу облысынан келген «Тұғыр» квартетіне берілді. Бірінші орынға Түркістан облысының Түлкібас ауданынан қатысқан «Арша» тобы ие болды. Екінші орынға екі топ – Созақ ауданының «Созақ серілері» және Шымкент қаласының «Шымкент серілері» топтары лайық деп табылды. Жүлделі үшінші орын да екі топқа – Жамбыл облысының Талас және Жуалы аудандарынан келген «Талас толқыны», «Жуалы» топтарына берілді.
Байқауға қатысушыларға бұдан бөлек ынталандыру сыйлықтары мен арнайы жүлделер де тарту етілді. Алматы қаласының «Достар» тобы, Түркістан қаласының «Көне» триосы және Атырау облысының «Жылыой» тобы ынталандыру сыйлықтарын иеленді. Арнайы жүлделер Қызылорда облысынан келген «Салауат» тобы мен Түркістан облысының Төлеби ауданынан қатысқан «Төлеби қырандары» тобына тапсырылды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар мен сертификаттар табысталды.
Д. НҰРПЕЙІС.
