үйлердің құлау қаупі бар
Екі жыл бұрынғы су тасқыны сабақ болса керек, биыл аудан, қалаларда тасқынның алдын алу бойынша оқу-жаттығу жұмыстары жиі жүргізілуде. Бірақ Кентаудағы тосын жағдай табиғи су тасқынынан емес, адамдардың салғырттығы салдарынан орын алуда. Ауыз су құбырының жарылуы салдарынан былтыр бір үйдің қабырғасы қақ айырылса, биыл тағы бір үйдің иесі дабыл қағуда.
Сейсенбі күні Кентау қаласындағы С.Ерубаев көшесінің тұрғыны Шахи Радажанова хабарласты. «Ауыз суға қол жеткізе алмай қиналып отырғандар бар, ал бізде су далаға ағып, көлшікке айналуда, – дейді кентаулық азаматша. – Көшеден өткен үлкен су құбырының жүргізілгеніне 60 жылдан асса керек, бүгінде шіріп, тозған. Құбырдың әр тұсы тесіліп, су далаға кетуде. Құбырдың ескіруінен жамаудың өзі көмектеспей жатыр. Сенсеңіз былтырғы қыркүйек айынан бері сегіз рет тесіліп, әкімдікке шағым жасадық. Далаға аққан судың салдарынан жақын маңдағы үйлерде апаттық жағдай туындауда. Бір үйдің қабырғасы жарылғанда жауапты мекемелер оны мойындамады. Үй иесі сотқа шағымдануға мәжбүр болды.
Кешегі дүйсенбіде құбыр тағы жарылды. Тиісті мекемеден келген мамандарға жиналған суды қашыру үшін кәріз жүйесіне құятын арықша салыңдар дегенімде «ертеңге дейін тасымайды» деп құлаққа ілмеді. Алайда, біз жиналған суды үйге келтірмес үшін таңғы төрттен бері әуре-сарсаңға түстік. Менің шарбағым мен үйге жақын электр бағаны құлаудың алдында тұр. Үйге зәк өтуде. Шұғыл шаралар жасамаса менің үйімнің қабырғасы да жарыла ма деп уайымдап жүрмін».
Келеңсіз жағдайдың бірнеше рет қайталанғанын қала әкімінің орынбасары Ғ.Төлеповтың Ш.Радажановаға 14.10.2025 жылғы жазған жауап хатынан да байқауға болады. «Ерубаев көшесі бойында ағымдағы жылдың басынан бастап барлығы 7 рет ағын су жүйесіндегі ақуалға қатысты өтінімдер тіркелген. Барлық өтінімдер бойынша жұмыстар «Ащысай су» МКК тарапынан толық көлемде орындалып, ақаулар ретке келтірілді.
Сонымен қатар, С.Ерубаев көшесінде орналасқан диаметрі 110 мм, ұзындығы 750 метр ауыз су құбырының тозуына байланысты жаңа су құбырын тарту мақсатында сметалық-құжаттама әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды. Қаржы бөлінген жағдайда аталған нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталатын болады», – делінген. Демек, құбыр ауыстыру ісі әлі жоба күйінде деген сөз, ал ол мақұлданбаса ше? Тұрғындар уайым тұңғиығына бата беруі керек пе?!
Бұл мәселеге қатысты хабарласқан Кентау қаласы әкімдігінің жауапты маманы Жанна Әлімбай былай деді: «Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына барған арнайы топ қызметкерлері С.Ерубаев көшесінде орналасқан диаметрі 160 мм болатын ескі ауыз су құбырынан ақау анықтады. Қазіргі таңда аталған мәселені жедел түрде жою мақсатында «Ащысай Су» МКК-ның 2 жұмыс бригадасы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Ақау толықтай жойылғаннан кейін тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету қайта қалпына келтіріледі. Жұмыс барысы қала басшылығының тұрақты бақылауында».
Ш.Радажанова жұмысшылар тесілген жерді бітеп, аққан суды тоқтатып, жаңа құдық дайындайтынын айтты. Оның сөзіне қарағанда 60 жылдан асқан құбырды тез ауыстырмаса болмайды. «Ескіні жамағанның есі кетеді» демекші, бұл мәселе тұрғындарды титықтатып, әбігерге салып жүр.
Аталған жоба мақұлданып, бюджет қаражатының қаралуы көп уақытты қажет етеді. Соны күтіп отыра бермей, Төтенше жағдайға арналған арнайы қордың қаржысын пайдаланған дұрыс секілді. Ол қаржыны тасыған судың салдарынан құлаған үйлерді жөндеуге жұмсағанша құбырды ауыстырған әлдеқайда тиімді болмақ. Бұл енді қала әкімі Жандос Тасовтың іскерлігіне байланысты.
Ұлықбек ҮМБЕТ.
