facebook әлеуметтік желісінде «Түркістан облысы Арыс қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мектеп нарықта 50 теңгеден сатылып жатқан қаламсапты (ручканы) мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 5 мың теңгеге сатып алуға тапсырыс берген» деген ақпарат жарияланды.
Оны алдымен желі қолданушы Amangeldi Kalybek
өз парақшасында жариялаған. Жазбаға негіздеме ретінде мемлекеттік сатп алу порталындағы аталмыш мектеп тарапынан келіп түскен тапсырыстың көшірмесін де салып отыр.
Жазба авторы әлеуметтік желіде көптен танымал азамат. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс, бюджет қаржысының жөн-жосықсыз, мақсатсыз жұмсалуы тақырыптарын жиі қозғайды.
Олай болса оның бұл ақпаратты негізсіз жариялап отыр деуге сенгіміз жоқ. «Бәлкім цифрдан қателесіп кеткен болар тапсырыс берушілер» деген пікірді айтушылар да бар.
Алайда, мемлекеттің қаржысы баз біреулердің жауапсыздығынан, цифрдан қателесіп кетуінен талан-таражға түсетін, сұраусыз қазына еместігі тағы да белгілі.
«Еңбек етіп жүрген азаматтардың салығынан жиналатын бюджет қаржысы бұлайшы жауапсыз жұмсалмауы керек қой» дейіндердің де сөзінің жаны бар.
Қалай болғанда да қызу талқыға түскен бұл ақпарат негізді болса кінәлілер жауапқа тартылуы қажет-ақ. Әлеуметтік желі қолданушылардың пікірі осыған сайып отыр.