Қытай жер бетінен 4 шақырым биікте жүріп жұмыс істейтін жел-электр станциясын сынақтан өткізді. Оны осынша биікте алып аэростат ұстап тұратын болады.
Бұл ЖЭС сыртынан қарағанда дирижабльге ұқсайды. Ұзындығы мен ені тиісінше 67 және 40 метрді құрайды, биіктігінің өзі 23 метрге тең.
Биіктегі жел күші жер бетіндегіден жоғары әрі тұрақты болып тұрады. Бұл ЖЭС сондықтан жасалып, сынақтан өткізілуде. Ол биіктегі ауа ағысын пайдаланып, одан электр қуатын өндіреді. Электр қуаты жерге аэростатты әуеде ұстап тұратын кабель арқылы жеткізіледі. Оның тұрақты жұмысы кемінде 20 жылға жетеді деп есептелген. Болашақта бұл станция электр қуатын жеткізу қиын қиырдағы, шөлді аумақтардағы қажетті жерлерге қызмет көрсететін болмақ.
