Соңғы кездері жастардың әскерге өз аяғымен кетіп, табытпен оралып жатқан қайғылы оқиғалар жиі орын алуда. Мұның дені әлімжеттіктің салдары екені айтылады. Осыдан кейін қандай ата-ана баласын әскерге жібергісі, кімнің әскерге барғысы келсін?
Өкінішке қарай, әлімжеттік әскерде ғана емес, мектеп-колледждерде де белең алып барады. Былтыр Келес ауданы мен Түркістан қаласында оқушылар арасында болған төбелес әлеуметтік желіге шығып кетті. Сондағы оқушылардың бір-біріне деген өшпенділігі, қатыгездігі жаға ұстатады. Шымкенттегі «Парасат» колледжінде оқитын екі студенттің ата-аналарының полицияға арыз жазуына балалардың ауыр соққыдан миы шайқалып, аурухана төсегіне таңылғаны себеп болған. Олардың айтуынша, колледж директорының орынбасары ұлдарды жертөлеге кіргізіп алып, сағаттап ұрған. Ал оған себеп – студенттердің мұғалім туралы әлеуметтік желідегі әзілі болса керек.
KTK телеарнасы таратқан ақпарат рас болса, соққы жеген екі студент өздерін колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасары жертөлеге кіргізіп, үшінші курс студенттері мен мұғалімдердің көзінше сабағанын, тіпті арызданар болса көміп тастай мын деп қорқытыпты. Әрине бұл оқиғаға қатысты анық-қанығын тиісті органдар анықтайды деп сенеміз. Біздің айтқымыз келгені — әскерге кеткен бала ажал құшса, мектептегі бала аяусыз соққы жесе, перзенттерімізді қайда оқытып, қайда жібереміз?
Ата-заңымызда әрбір азаматтың заңмен қорғалғаны айтылған. Ал біздің балалар сол заңмен қорғалған ба? Әлде заңымыз қағаз жүзінде ғана үстемдік құрып, іс жүзінде қауқарсыз ба? Ата-ана ұл-қызын мектепке жібергенде олардың қауіпсіздігіне сенімді болу керек, әскерге жібергенде олардың өміріне мемлекет кепілдік беруі тиіс. Әйтпесе, ұрпақ сауатсыз, отан қорғаусыз қалмай ма?
Нұрболат Әлімхан.