- Тосын сұрақ
Қазақстанның бұрынғы Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен 2018 жылы Түркістан облысы құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы белгіленген болатын. Ал Шымкент қаласы өз алдына бөлек респуликалық қала мәртебесін алып, мегаполис атанды. Осы Жарлық негізінде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан атауы жойылды.
Соңғы кезде «Облысқа бұрынғы Оңтүстік Қазақстан атауын қайтару керек» деген ойды жиі қозғайтындар бар. Олардың айтуынша, еліміздің барлық аймақтары қамтылып, өңірге сай атау берілген облыстар бар да Оңтүстік аймақты білдіріп тұратын атау жоқ. Енді жер-жерде қоғам белсенділері осы олқылықтың орнын толтырып, «Оңтүстік Қазақстан облысын құру керек» деп жүр. Сіз қалай ойлайсыз, Оңтүстік Қазақстан облысы керек пе?
Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ, еңбек ардагері, Түркістан облысының құрметті азаматы:
– 2010 жылы Үкіметке облыс әкімдігінен ұсыныс сұрағанда біз төмендегідей мәтінде бергенбіз. Түркістан облысын ашып, мына аудандарды беру қажет:
1.Түкістан қаласы.
2.Сауран ауданы (ол кезде бұл аудан жоқ болатын).
3.Кентау қаласы.
4.Созақ ауданы.
5.Бәйдібек ауданы.
6.Отырар ауданы.
7.Ордабасы ауданы.
8.Арыс қаласы.
9.Арыс ауданы.
Сосын Қызылорда облысынан бұрын Түркістан ауданына қараған Қандөз елді мекенін немесе Жаңақорған ауданын түгел алу керек. Түркістанға өте жақын. Бұл аудан халқының ағайын-туысы, сауда-саттығы Түркістанда.
Ал, Оңтүстік Қазақстан Облысына:
1. Шымкент қаласы, оның 4-ауданы.
2.Жетісай
3.Мақтарал
4.Асық-Ата (қазір екі аудан болып тұр)
5.Шардара
6.Қазығұрт
7.Сарыағаш
8.Төлеби
9.Түлкібас.
Әкімдіктің ұсынысы осылай болған. Бұл жоба жүзеге асқанда халқы жобалас және экономикаға тиімді екі облыс болып құрылуына өте қолайлы болатын еді. Өз басым осы жобаны қолдаймын. Әлі де кеш емес. Осы тәртіппен жаңа облыс құруға болады.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЙ, журналист:
– Негізі осы пікірді мен де жер-жерден жиі естимін. Ел айтса, көкейіндегісін айтады ғой. Шынында да «Оңтүстік Қазақстан» деген атау жойылып барады. Тек биыл күзде бір ғасырлық мерейтойын атап өтетін облыстағы осы аттас газет қана бұл атауды еске салып тұр. Басқа атаудың барлығы Түркістанның тасасында қалды. Әрине, жаңа облысқа қарсылығымыз жоқ. Дей тұрғанмен, демографиялық өсімнің бізде өзге өңірлерден жоғары екенін ескерсек, Оңтүстік Қазақстан облысы қажет деп есептеймін. Мұны тұрғындардың көпшілігі қолдайды деген сенімдемін. Бұл бірқатар қиындықтарды жойып, өңірдің өркендеуіне жол ашатын сөзсіз.
Кезінде облыстың атауы Шымкент облысы деп те өзгерген. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан деген атау облысты Марс Фазылұлы Үркімбаев басқарып тұрғанда қайта қалпына келтіріліп еді. Қарап отырсаңыз, Қазақстанда Батыс, Шығыс, Солтүстік облысы атаулары бар да Оңтүстік жоқ. Осы тұрғыдан алғанда да бұл атауды қайта қалпына келтіру керек сияқты.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Шымкент қалалық соты Баспасөз қызметінің маманы:
–6 жыл бұрын сол кездегі Мемлекет басшысының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысын екіге бөліп, Шымкент қаласы өз алдына мегаполис атанды да бұрынғы облыстың орнына Түркістан облысы құрылды. Меніңше бұл бір оңды шешімдердің бірі болды. Себебі, Шымкент адам танымастай өзгеріп жатыр. Өркендеп жатыр. Түркістан да даму үстінде. Бірақ, облыс орталығына Түлкібастан, Сайрамнан,Төлеби ауданынан баратындарға да алыс болуда. Түркістан облыс орталығы ретінде бір шетте қалып кеткені рас.
Сондықтан да «аймақтан тағы бір облыс құру қажет пе?» деген сұраққа қажет дер едім. Түркістан облысында 2200 мың халық тұрады. Ал, Ұлытау облысында 300 мыңнан ғана асатын халық бар. Бізде 7 есе көп халық. Бұл біріншіден. Екіншіден, облыс орталығына халықтың жетуі қиынға түсуде. Ал, Түрксітанды айналасындағы Кентау, Отырар, Сауран аудандарымен-ақ дамыта беруге болады. Жаңа облыс құрып, оның орталығын Сарыағаш немесе Қазығұрт ету керек деп ойлаймын. Мысалы, Ленгерде недеген үйлер салынып, Төлеби ауданында даму бар. Сарыағаш та даму үстінде. Ал, Қазығұрт ауданы кенжелеп, тоқырап отырғандай көрінеді. Олай болса, Оңтүстік Қазақстан облысы құрылып, орталығын Қазығұрт етсе бұл аймақта да даму, өркендеу орын алар еді. Әрі, шекаралық аймақ ретінде қағажу көрмей, дамығаны жөн.
Ғабит САПАРБЕКОВ, журналист:
– Меніңше Түркістан облысы деп аталуы дұрыс шешім болды. Орталық Азия, Ауғанстанға дейінгі атырапта Түркістан атының орны айрықша. Ол тарихи атауды қазақ елі еншілегені орынды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысын қайта құру алдағы күннің еншісінде деп ойлаймын. Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Шардара, Қазығұрт аудандарында бір миллионнан астам халық бар. Алдағы уақытта ОҚО сол жақтан құрылады-ау. Уақыт керек. Ал Түркістан облысының құрылып, Түркістан қаласына мәртебе берілуі тарихи шаһарды өте жылдам дамытты. Жүз мың тұрғынға лайық инфрақұрылым, үй салынды.
Қилыбек ТҰРЛЫБЕК, кәсіпкер:
– Түркістан облысын өз алдына қалдырып, жаңадан Оңтүстік Қазақстан облысын ашу керек сияқты. Себебі, қазіргі облыс орталығына Мақтаарал Жетісай, Келес, Шардара аудандарының халқы үшін жету өте қиын. Ұзақ жол. Оған Қазығұрт, Сарыағаш аудандарын қосыңыз. Міне, осы аудандардың басын біріктіретін Оңтүстік Қазақстан облысын құру керек. Облыс орталығы етіп Қазығұрт ауылын белгілеген орынды-ау. Сарыағаш қаласы да лайықты. Бірақ, ол жерде халық тым тығыз орналасқан. Сол себепті Қазығұрт ауданының орталығы облыс орталығы болуға қолайлы.
Әбдімәлік ТАСТЕМІРОВ, еңбек ардагері:
– Оңтүстік Қазақстан облысы атауының қайтарылуын құптаймын. Ол Қазығұрт ауданынан төменге қарай Сарыағаш, Келес, Жетісай, Шардара, Арыс аудандарының басын біріктіретін облыс болуы қажет деп санаймын. Мысалы, Жетісай, Шардара, аудандарының басшылары немесе азаматтары Түркістан облысының орталығындағы жиынға бару үшін қаншама шақырым жүріп барады. Түркістанда ондай жиын, кездесу, келіссөздер, алқалы мәжілістер жиі өтіп тұрады. Олай болса, әлгі алыс аудандардан сабылған ел Түркістанға жету үшін әбден шығынға батып жүр. Көліктеріне кететін жанармайды, жолға жұмсайтын уақытты айтыңыз.
Пердеш ЕСЕНБЕК, еңбек ардагері, бұрынғы мемлекеттік қызметші:«
– Негізінде Түркістан облысының құрылғаны да жөн болды. Түркі дүниесіне рух сыйлап, оның иесі қазақ екенімізді білдіріп тұрған қала болашақта дамитыны сөзсіз. Десе де оңтүстік аудандар үшін өз алдына бір облыс ашу қажеттілік. Біздің өңірдің халқы тығыз орналасқан. Халық саны да өзге аймақтарға қарағанда жыл сайын артып келеді. Тағы бір облыс ашуға мүмкіндік толық жетеді деп ойлаймын. Міне, сол жаңадан ашылатын облысқа Оңтүстік Қазақстан атауын беріп, бұрынғы тарихи атты қалпына келтіруге болады.
Сонымен бірге, кезінде Өзбекстанға берілген үш ауданды да қалпына келтірсек жақсы болмақ. Бізде бір облысқа жетерлік аудандар да, жер де, ел де бар, шүкір.
Нияз СӘРСЕНБАЕВ, қоғам белсендісі:
– Түркістан облысы осы күйінде қала бергені дұрыс. Ал Оңтүстік Қазақстан облысын қайта құрып, орталығы ретінде Құзығұртты таңдау ұсынысын қолдаймын. Бұл Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған деп аңыздалатын қасиетті Қазығұрт атауының да асқақтауына сеп болары сөзсіз. Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Мақтаарал аудандарының басын біріктіріп, жаңа облысқа қосқан жөн. Мысалы, Қазығұрт ауданындағы қазіргі Шарапхана ауылының өзі бір аудан орталығы болуға лайықты. Төлеби ауданын да жаңа облысқа қосқан орынды. Қалған аудандар Түркістан облысының қарамағында қала бергені тиімді.