Басты жаңалықтар Құқық Мәселе

Әлеуметтік желі шексіз мүмкіндік. Бірақ, шексіз еркіндік емес

  • Біздің анықтама:
    Айжан КЕСЕБАЕВА – заңгер, қоғам белсендісі. 20 жылға жуық заңгерлік тәжірибесі бар білікті маман.

–Айжан Өмірзаққызы, елімізде азаматтардың жеке өмiріне қолсұғуға, олардың дербес деректерін таратуға тиым салатын заң бар. Бірақ, әсіресе, әлеуметтік желіден байқап жүргеніміздей, аталған заң талаптары жиі бұзылады. Тіпті «Пәленше-парақор», «Түгенше-қылмыскер» дегенді сот үкімі шықпай жатып-ақ жариялап, жазып жататындар көп. Мұндай келеңсіздіктің кең етек жаюы дер кезінде жауапкершілікке тартылмауынан да шығар бәлкім… Сіз қалай ойлайсыз?

–Жалпы, әлеуметтік желіде, масс медиада соттың шешімі шықпай жатып «қылмыскер», «алаяқ», «ұры», «парақор» деп ат танып жазу – жала жабу болып табылады. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде блогерлер, белсенді желі қолданушылар, өздерінің оқырман санын малданып, солар арқылы қоғамдық пікір тудыруға ықпал ете алатындарын пайдаланып, осындай өрескел фактілерге жол береді. Берген ақшасын қайтара алмай жүргендер де бірден әлеуметтік желіге «Пәленше Түгеншеев алаяқ екен…» деп жазып қоюға тырысады. Бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайда әрине, екінші тарап, өзінің ар-намысын қорғау үшін сотқа жүгінуіне құқығы бар. Егер оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодекстің 190 бабына сәйкес алаяқтық тармағымен күшіне енген соттың шешімі жоқ болса, жала жапқаны үшін блогерді сотқа бере алады. Жалпы алғанда бізде құқық қорғау органдарына арыз жазылмайынша жауапкершілікке тарту әрекеті басталмайды. Себебі, әлеуметтік желідегі барлық жазбаны қадағалаушы орган мамандарының қарап, бақылап отыруы мүмкін емес қой. Жазбаша шағым түскенде барып, қылмыстық іс қозғалады.

–Әлеуметтік желі қолданушылар сізді о баста «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент филиалының басшысы, Шымкент қаласының қоғамдық кеңес мүшесі ретінде жақсы таныды. Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрестегі белсенділіктеріңіз «Әділдік жолы» бірлестігінде өте жоғары болды…

–Иә, 2019-2024 жылдар аралығында республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы басшысы болдым. Шымкенттегі сыбайласқан-жемқорлыққа қарсы іс-қимылды азаматтық қоғам тарапынан жүзеге асыру бойынша өзара қызмет атқардым. Қоғамдық бақылау, қоғамдық мониторинг жүргізу ісімен белсене айналыстым. Білесіз бе, сыбайлас жемқорлықпен күресте толықтай тәуелсіз болуың маңызды рөл атқарады. Мемлекеттен ешқандай грант алмағаның, қандай да бір қолдауға ие болмағаның жөн. Мемлекеттік қандайда бір ұйымдарға бағынысты болмағаның жақсы. Осы ұстаным бізге көп көмегін тигізді. Біздің жұмысымызды жеке қайырымдылық қор қаржыландырды. Көптеген қылмыстың бетін ашуымызға дербес ұйым ретінде қол жеткізе алдық деп ойлаймын.

–Мысалы?


–Мысалы, Шымкенттегі «Мұз сарайының» жекеге өте арзанға сатылып кеткенін алғаш болып анықтаған біздің ұйым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің Шымкентте өткен көшпелі отырысында біздің орталық ұйымның басшысы Дидар Смағұлов осы мәселені көтереді. Сосын ғана Мұз сарайы бойынша арнайы органдар тексеруді бастады. Нәтижесінде, шынында да ғимараттың өз құнынан тым төмен бағаға жекеге сатылып кеткені, сатылып қана қоймай, оның миллиондаған соммаға жалға алынып отырғаны анықталды. Өздеріңіз көріп отырғандай қазір бұл нысан мемлекетке қайтарылды.
Сонымен бірге біз 2021 жылы Шымкентте балаларға арналған АРТ-спорт мектептері мен секциялардың, үйірмелердің жұмысына талдау жүргіздік. Талдау көрсеткендей, мемлекеттен қаржы бөлініп келген тегін спорт секциялары мен үйірмелердің жұмысында заңсыздықтар көп екені анықталды. Шымкентте әрбір үшінші баланың спорт секциясына немесе түрлі өнер үйірмесіне баруы тек қағаз жүзінде екені белгілі болды. Ал қағаз жүзінде олар үйірмеге «барып жүргендіктен» мемлекеттен қаржы бөлініп отыр. Спорт үйірмелерін, мектебін ашқандар баланың дербес деректерін алып, өз үйірмесіне келуші ретінде өтірік тіркеп қойған. Ол баланың спортпен айналысып жүргенін ата-анасы мүлдем білмейтін болып шықты.
Байқасаңыз бұл жерде екі мәселе туындап отыр. Біріншісі, баланың дербес деректерін қайдан алды? Ата-анасының рұқсатынсыз ол деректер қалайша спорт үйірмесінің базасына «келуші» ретінде тіркелген? Екіншісі, үйірмеге келмеген бала үшін – мемлекеттің қаржысын заңсыз пайдалану. Бұл фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, 56 млн теңгеден астам қаржы мемлкетке қайтарылды. Өтірік жұмыс істеп отырған қаншама спорт үйірмелері өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Біз көтерген мәселе бойынша бүкіл республикада тексеру, анықтау жұмыстары қолға алынды. Себебі бұл мәселе ел Президентінің тікелей назарына ілікті. Құзырлы органдар еліміздің барлық спорт секциялары мен өнер үйірмелеріне тексеру жүргізді. Талай заңсыз әрекет әшкереленді. Қазір бұл жоба «Даму бала» жобасына ауыстырылды.  

–Бізде әлі де болса, «өзіміз ғой…» деп ағайынгершілікке салыну, табысты туыстың «қамқорлығын» пайдаланып жемқорлыққа бару көп.  Сыбайластыққа қарсы тұру иммунитеті «ағайыншыл» қазақта қалыптаса қояр ма екен…

-Расында да бізде бір ағайының лауазымды басшы болса соның есебінен екі асап қалғысы келетін, соның атын пайдаланатын менталитет өкінішке қарай бар. Бауырмашылдықты рушылдық деп түсінетіндер де жоқ емес. Негізі  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәрбиесі үйде, шәйдің басынан басталуы керек. Қараңызшы, бала-шағамызбен бір көлікте келе жатамыз, жол полициясы тоқтатса бірден мәселені пара беру арқылы шешуге тырысамыз. Көліктің артқы орындығында отырған ұл-қызымыз мұны көріп өседі. Баланың ойына жемқорлық, парақорлық ұғымын, «мәселені осылай шешуге болады екен ғой…» деп сіңіреміз.

Немесе, дастархан басында отырып «Пәленшені жұмысқа кіргізу керек еді, Түгеншеге конвертпен кіріп шығайын» деген әңгімені талқылаймыз. Бұл жәй ғана тұрмыстағы түйіткіл, болмашы нәрсе боп көрінуі мүмкін. Бірақ, солай ету арқылы парасыз мәселе шешілмейтіндігін жеті ұрпағымыздың санасына ендіріп, улап келе жатырмыз. Сол себепті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, тәрбие үйден, талбесіктен басталуы керек. Ұл-қызымызды үйде, адалдыққа үйретейік. Қазір баланы тәрбеиелеудің де қажеті жоқ. Өзің қандай боласың, балаң да сондай болады. Бала көп нәрсені білмейді деп ойлаймыз. Ол бәрін көріп өсуде. Ертең көргенін қайталайды. Ағайыншыл, туысқа бауырмалмыз ба, онда адалдық тәрбиесін ағайынның арасында да насихаттайық. Қылмыс жасаған туыстан теріс айналып, намыстанатындай болсақ, туысқанымыздың арасында қылмысқа баратындар азаяр еді, олар ағайынды жоғалтып аламын деп қорқар еді. Бірақ, бізде олай емес қой. Бізде керісінше жемқорлықпен байыған туысты құрметтеу, төрге оздырып, тойда алдымен соған сөз беру басым. Осылай ету арқылы біз қоғамда «ебін тауып екі асағандар құрметті» деген ұғымды қалыптастырып алдық. Тіпті періште, аяғын енді ғана тәй-тәй басқан баланың тұсауын да алдымен не байлығы көпке, не лауазымды қызметтегі басшыға кестіреміз. Жағымпаздық. Кімге жағынып жүрміз? Жемқорға ма? Байыбына бармаймыз. Білсек те көз жұма қараймыз. Егер біз қоғам, әулет, отбасы болып ондай туысымыздың барынан жиіркенетін, ұялатын ментальді тұрғыдағы идеологиялық деңгейге жетсек сыбайласқан жемқорлықты да жеңер едік.

Айжан Өмірзаққызы, жеке заңгерлік кеңсе ашыпсыз. Заң білмейтіндердің көп екені жасырын емес. Олай болса кеңсеңізге келушілер де аз емес шығар? Оларды әсіресе не мазалайды? Қандай мәселемен келеді?
 
–Иә, «Айжан Кесебай заңгерлік кеңсесін» аштым. Жеке заңгерлік салада қызмет атқарудамын. Кеңсемізге келіп кеңес алғысы келетіндердің көбі қаржылық пирамидаға алданғандар. Алаяқтарға алданып тапқан таянғанынан айрылып сан соғып қалғандар. Әлеуметтік желідегі сапасыз курстарға шатылып қалғандар да бар. Сонымен бірге ақпаратын әлеуметтік желіде сататын, жалпы блогерлік қызмет туралы мән-жайды білгісі келетіндер де жиі есік қағады.

Өздеріңізге белгілі Онлайын платформалар мен онлайын жарнамалар туралы  заң елімізде 2023 жылы қабылданды. Осы заңның аясында өз қызметтерін заңдастыруға, заңды жұмыс істеуге көшкендер көбеюде. Оларға заңгерлік кеңес беріп, жол нұсқаймыз.

Отбасылық дау-дамайға қатысты заңгерлік кеңес сұрайтындар да баршылық. Корпаративті құқық (корпоративная права), бизнеске қатысты да заңгерлік кеңес берудемін.

–Сұхбатымызға негіз болған алғашқы сұрақтың төңірегіне қайта оралсақ. Бұл тенденция жасыратыны жоқ, соңғы кездері әсіресе блогерлер мен кәсіби біліктілігі төмен журналистер арасында жиі кездесетін олқылық. Зорлық-зомбылықты насихаттауға жататын материалдарды медиа бетінде жариялау (сурет, видео),  қылмыскердің адам өлтіру әрекетін тәппіштеп баяндау… суицидке барғандардың қайда, қалай өзін өзі өлтіргенін нақтылап, анықтап жазып көрсету… өкінішке қарай әлі де кездеседі. Мұндай әрекетке тиым салынғанын білмейтін блогер, журналист бар.

–Бір нәрсені айрықша атап айтар едім. Әлеуметтік желі шексіз мүмкіндік. Бірақ, шексіз еркіндік емес. Осыны дұрыс түсінбейтіндер көп. Әлеуметтік желіде басқаларға қатысты ақпаратты, жеке адамның басына қатысты мәліметті, қате, негізсіз пікірлерді жария ету заң алдында жауапқа тартылатын әрекет.
Әсіресе, кішкентай балаларға қатысты ақпаратты жалпыға жария етуге болмайды.

Жоғарыда айтқанымдай бізде 2023 жылға дейін «Блогер деген кім? Әлеуметтік желі қолданушы деген кім?» деген сұраққа жауап берілген жоқ. Аражігін ажыратуды білмей келдік. 2023 жылдың шілдесінде қабылданған онлайын платформалар мен онлайын жарнама туралы Заңда осының бәрі де нақтылап көрсетілді. Осы жерде блогер деген сөзге, блогер инфлюенсер дегенге анықтама берілді. Ол – белгілі бір платформада өзінің өнімін сататын адам. Яғни, бұған дейін де айтып келе жатқанымдай, әлеуметтік желідегі жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Әлеуметтік желіні БАҚ-пен теңестіруіміз қажет.

Мысалы, сіздер дәстүрлі басылым журналистері газетке, журналға шығаратын ақпараттарыңызды әбден тексеріп, сүзгіден өткізесіздер ғой. Жалған еместігін тексересіздер. Балаларға қатысты ақпаратқа мұқият боласыздар. Баланың қауіпсіздігіне зияны тиер тимейтінін саралайсыздар.  Тура солай әлеуметтік желі қолданушысына да жауапкершілік артылуы керек. Неге? Себебі әлеуметтік желі үлкен күш. Бір газеттің таралымы 10 мың болса, әлеуметтік желідегі жазбаны миллион адам оқиды. Бірінен-бірі көшіріп басу арқылы тіптен әлемге жылдам таралып кететіні тағы бар. Осындай жағдайда, мысалы, баланың өміріне, құқығына қауіп төндіретін ақпараттың жарияланып кетуіне жол бермеу керек. Бала туралы мәліметті  әлеуметтік желіге ата-анасының, заңды қамқоршысының рұқсатынсыз жариялауға болмайды. Бұл Заңда көрсетілген.

Блогерлердің парақшасы қоғамдық санаға әсер ете алатын парақша деп бағаланып, оларды жауапкершілікке тарту шарасын күшейткен орынды. Азаматтардың жеке басына өтетін, белгілі бір компанияның іскерлік дәрежесіне нұқсан келтіретін материалдарды жариялауға сақ болу керек. Қабылданған заңда барлық міндет көрсетілген.
Бірақ соны білмейтін блогер көп, білмегенситін эксперт көп. Қарапайым халық тіптен мұндай заңнаң бейхабар. Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын ұмытпаған жөн.
Десе де бұл мәселеде, яғни заңнан бұқараның бейхабар болуына, «таяқтың екі ұшы болатыны» сияқты құзырлы органдарда кінәлі. Өкінішке қарай бізде нақты арыз түсіп, қоғамда шу шықпаса тиісті органдар мәселені тексермейді. Қылмыстық іс қозғалмайды. Қылмыстық іс қозғау үшін 4 тараптық дәйек: субъектісі, объектісі, субъективті, объективті тұсы болуы керек.

–Енді не істеуіміз керек?

–Қоғамдық сананы көтеруге күш салуымыз қажет. Қоғамда заңдық сауаттылықты арттырайық. Әсіресе, әлеуметтік желіге тіркелгендердің аталған зңды білуі міндетті. Әлемуеттік желі қолданушылар «заңды контент деген не? Заңсыз контент деген не?» Осының аражігін ажырата алуы керек. Онсыз қылмысқа өзі ғана емес өзгені де итермелейді.

–Айжан Өмірзаққызы, мән-жайды ашып айтып, түсіндірген сұхбатыңыз үшін көп рақмет.

Сұхбаттасқан Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *