Шымкенттің «Қазына» этно-тарихи саябағындағы «Қазақ хандығына – 550 жыл» алаңында халқымыздың ұлттық құндылықтарын насихаттауға арналған ауқымды іс-шара болып өтті. Мәдениет басқармасына қарасты Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған мерекеде «Ер-тұрманым күмістен» атты шеберлік сағаты көрермен назарына ұсынылды. Жиналған жұртшылық халқымыздың көне тарихымен, қолөнерімен, тұрмыс салтымен бір қауышқандай мол әсер алды десек болады.
Республикалық деңгейде өткен бұл шеберлік сағатына Шымкенттен бөлек, Түркістан облысынан, Алматы, Ақтөбе қалаларынан және басқа да өңірлерден ер-тұрман, ат әбзелдерін, әшекей заттарын жасайтын қолөнер шеберлері қатысты. Алаңға орнатылған қатарлар мен көрмелерде ағаш пен темірден түйін түйген ұсталар көрерменді ер шабу, ер-тұрманды, оның тоқым, тартпа, үзеңгі, құйысқан сияқты қосалқы заттарын, ауыздық, жүген мен қамшы жасау, ерді терімен қаптау, оны әшекейлеп өрнектеу сияқты ғажайып қолөнер түрлерімен, әдіс-тәсілдермен таныстырды. Қатарларға қойылған өте мұқият шеберлікпен жасалған әсем дүниелер бабаларымыздың қолөнерді қаншалықты деңгейге дейін өркендеткенін, оның лайықты мұрагерлерінің ел ішінде әлі де бар екенін паш етіп тұрды.

Біз осында ер-тұрман әшекейлерінің қалай құралатынын көрсетіп, түсіндіріп тұрған шебер Болат Орақовпен тілдестік. Бөкең қаладағы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің ұстазы екен. Қолөнермен айналысу – қол боста айналысатын хоббиі. Қаланың «Қайтпас-2» шағынауданында өзінің жеке шеберханасы бар. Өзі көбіне ер-тұрманды былғарымен қаптап, оны күміспен, мельхиормен әшекейлеумен айналысады екен.
«Осыдан біраз бұрын Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры
Жұмабай Ғаппарұлы қолөнермен айналысатын азаматтармен хабарласып, арнайы көрмеге қатысуымызды өтінген болатын. Шымкенттен, Түркістан облысынан ер шабатын, қолөнермен айналысатын біраз адамның басын қосып, ұмыт болып бара жатқан құндылықтарымызды насихаттасақ деген ойын айтты. Әрине, мұндай істі қуана қоштаймыз ғой. Соның нәтижесі – бүгінгі іс-шара. Шеберлік сағаты өте жақсы өтті, сол үшін ұйымдастырушы азаматтарға айтар алғысым көп», — дейді Б.Орақов.
Шымкенттің іргесіндегі Ленгір қаласында тұратын қолөнер шебері Құрбанәлі Ағаділов те – Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бастамасына қуана үн қосқан азаматтың бірі. Шеберлік сағаты кезінде ол жұртқа ер шабудың әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Қ.Ағаділов 34 жылдан бері ер шабумен айналысады екен. Осы уақытқа дейін 3 мыңнан астам ер жасапты, оның 200-300-дейі күміспен күптелген. Соның бірі кезінде Астанадағы «Бәйтерекке», тағы бірі Талдықорғандағы І.Жансүгіров мұражайына қойылыпты. Ол кісі түйенің де екі ерін (қомын) жасаған, олар қазір Төлеби ауданындағы мұражайларда тұр. Қ.Ағаділов кейінгі жиырма шақты жылдан бері белдік, қамшы, зергерлік бұйымдар жасаумен де айналысады. Ол – Төлеби ауданынан шыққан талай атақты шабандоз, көкпаршы, балуандарға ер-тоқым жасап берген азамат.
«Кезінде Мойынқұмда өндірістік комбинат ашқан Әзімбай Нұрбеков деген кісі болған. Көп адамға ер шабуды үйреткен еді. Жасаған ерлері бүкіл Қазақстанның шопандарына, Монғолияға дейін жіберілетін. Сол кісі – менің ұстазым. Бүгінде ерді таңдалған ағашын шабудан бастап толықтай жасап, былғарымен қаптап, сәндеп, мельхиор, тастарын орналастыруға дейін өзім жасаймын. Шәкірттерім баршылық, колледжде істейтін бірер мұғалімдерге де үйреткенмін.
Жалпы, ер-тұрманның біздің егемендігімізге қосқан үлесі көп. Жаугершілік замандарда оның ролі зор болған. Бабаларымыз ер-тұрманға өзінің бес қаруын ілді, жорықта ер-тоқымын төсеніп-жастанды. Ер-тоқымсыз ат үстінде ешкім де шайқаса алмайды, елін қорғай алмайды, жауды қуа алмайды. Ата-бабаларымыздың бүкіл өмірі ат үстінде өтті. Бабаларымыз елді қорғау үшін баланы жастай атқа отыруға үйреткен, түрлі ойындармен шынықтырған, соның арқасында осы ұлан-байтақ жерімізді иелендік. Сол үшін де ер-тұрманға ескерткіш қою керек. Қазіргі күннің өзінде бүкіл ұлттық ойындарымыздың жетпіс пайызы ат үстінде өтеді, бәрі ер-тұрманмен болады. Соның арқасында «Көшпенділер ойындарында» да біздің жігіттер чемпион болып, қазақты әлемге танытып жүр.
«Ер-тұрманым күмістен» деген атпен ұйымдастырылған бұл шеберлік сағаты елімізде бірінші рет өтіп жатыр. Бұл маған үлкен әсер берді, қуантты. Мұндай іс-шаралар жылда болып, ер-тұрманның дәрежесі көтерілсе, ер жасайтын шеберлер көбейіп, дәстүріміз артса екен деймін. Осыған көңіл бөлінсе, дамыса, жастар үйренсе біздің спортымыз да, ұлттық спортымыз да жан-жақты өркендейді деген ойдамын. Мұның бәрі елге өте үлкен, жағымды әсер береді, халық осындайды көруі керек.
Тағы бір айтарым – ел ішіндегі ер шауып, жүген, үзеңгі сияқты түрлі жабдық істеп жатқан шеберлерге де көңіл бөлінсе, жағдай жасалса, оларға шеберхана салып берсе, жастарды осындай өнерге ұмтылдырса, осыған қызықтырса екен деймін. Сонда біздің төл өнеріміз жаңғырып, өсіп-өркендей берер еді. Жұрт өзгенің сапасыз дүниесіне қызықпай, өзіміздің шеберлердің қолынан шыққан сапалы заттарға шындап ден қояр еді», — дейді Қ.Ағаділов.
Шеберлік сағатына қатысқан азаматтар арасында есімі елімізге белгілі қолөнердің хас шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер мұражайының директоры Дәулет Дәркембай да болды. Ол алдындағы қолөнер бұйымдарын қызықтаған жұртшылыққа ат әбзелдерін түрлі металдармен әрлеуді көрсетіп, түсіндірді.

Дәулет Дәркембай басқаратын мұражайдың өзінде бүгінде 3 мыңдай жәдігер бар екен. Басым бөлігін кезінде әкесі Дәркембай Шоқпарұлының өзі жинаған. Онда атақты шебердің бүкіл өмір жолынан хабар беретін деректер, қазақтың ағаштан, теріден жасалған ыдыс-аяқ, үй жиһаздары, саз аспаптары, саятшылық, зергерлік бұйымдары, қазіргі қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан заттар бар. Бұл мұражай Дәркембай Шоқпарұлының туып-өскен мекені – Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылында ашылған. Ақши – әйгілі «Алтын адам» табылған Есік қаласына таяу маңда орналасқан ауыл. Бұл ауылға бүгінде елімізден ғана емес, шет мемлекеттерден де қызығып барушылар көптеп саналады.
Дәулет Дәркембайдың өзі де қолөнер шебері. Ұлт өнерін қастерлейтін Дәкеңнің арманы да – халқымыздың ұлттық мұрасын, қолөнерін дамыту, таныта түсу. «Мұндай шеберлік сағатының ұйымдастырылғаны өте құптарлық іс болды. Бұдан да гөрі үлкенірек жерге ұйымдастырылып, көрермен халық көбірек қатысса тіпті де жақсы болар еді», — дейді Дәулет Дәркембай «Ер-тұрманым күмістен» іс-шарасы жайында.
Ақтөбе қаласынан келген шебер Ерқосай Әбілов те көптеген өңірлік, республикалық, халықаралық көрмелерге қатысқан азамат екен. Ол кісінің көрермен назарына ұсынған жәдігерлері де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Әсіресе темірден тоқылған көбе сауытты тамашалаушылар көп болды. Ерекең бұл сауытты темір-болат металдан сомдапты. Бір-бірімен астаса орналасқан болат жапырақшалар мата материалға бекітіледі. Мұндай сауыт сарбаздарды садақ оғынан, найза, қылыш соққысынан қорғаған. Сауытқа тиген соққы тайқып, тайып кетеді.
Алам дейтін адам немесе мекеме үшін бұл сауыттың бағасы 4 миллион теңге болып тұр. Саудаласуға болады.

«Шымкентті алғаш рет көруім. Әсем қала екен. Іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысым көп. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын мұндай жиындардың көбірек болғаны жақсы», — дейді Е.Әбілов.
Біз осындағы көрмеге көрік және басқа да ұстахана заттарын алып шыққан шымкенттік Абдулла Наурызбаевты да сөзге тарттық. Ол кісі бүгінде зейнеткер, ұсталықпен айналысып, жасаған заттарын мұражай, көрмелерге өткізіп тұрады екен. Темір балқытуға жаны құмар.

«Биыл жазда саха ағайындар Ресейдің Таулы Алтай өлкесіндегі Қосағаш қаласында фестиваль өткізді. Соған қатыстым. Жезқазғаннан арнайы кен (руда) апарып, балқыту арқылы одан темір өңдеп шығардым. Енді тағы да сондай кеннен болат металл бөліп шығару ойымда бар», — дейді ол кісі.
Жалпы, мұндай қолөнер туындыларының көрмесі кімді де болса жалықтырмайды. Ғажайып шеберліктің, төзімнің, ұқыптылықтың, әсемдік пен үйлесімділіктің ұштасуынан дүниеге келген туындылар халқымыздың өзіндік болмысын, дүниетанымын көрсетеді, эстетикалық тәрбие береді, ұлт мұрасына деген сүйіспеншілікті арттырады. Іс-шараға жиналған көпшілік мұнда қойылған дүниелерді бірнеше мәртеден қайта айналып келіп тамашалап жатты десек, артық айтқандық болмас.
«Ер-тұрманым күмістен» шеберлік сағатының соңы өнерпаздар концертіне ұласып та жұрттың көңілін көтере түсті. Мұнда көрермендерге атты ерттеу тәртібі де көрсетілді. Ұлттық мерекелерден танымал арқан тарту, аударыспақ, асық ату, көкпар көріністері ғана емес, тоқымқағар, үзеңгі астынан өткізу сияқты бүгінде екінің бірі біле бермейтін дәстүрлер де сахналанып, жұрттың танымдық көкжиегін кеңейтіп жатты.
Қысқасы, «Ер-тұрманым күмістен» республикалық шеберлік сағаты халқымыздың ұлттық мұрасын насихаттаудың жарқын бір көрінісі болды. Қала әкімдігінің, мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шарадан жұрт молынан рухани нәр алып, оның өз деңгейінде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға риза болып тарқасты.
Д. ОРАЗ.
