Улы газдың құрбаны болып қалмаңыз! Ол көзге көрінбейді, онымен улану адам өліміне әкеліп соғады. Газ өзінің уландыратын қасиетін жоймай таза ауамен тез араласады. Күн жылынғанымен, түн суық болғандықтан әлі де пеш жағатындар бар. Адамдар отынды, көмірді үнемдеу үшін және үйдегі жылуды сақтап қалу үшін көмірдің жанып кеткенін күтпей, пештің мұржасын түнде тығындап жауып қояды. Улы газбен улану көбіне ұйқыда жатқан кезде болады.
Улану тек пешпен жылыту құрылғылары қолданылатын үйлерде ғана орын алады деп ойлау дұрыс емес. Көлік иелері де сақтана жүруі тиіс – өздерінің көлікжайларында оқыстан опат болғандар бар. Көлікжайдың қақпаларын жауып қойған күйінде автокөліктерін жылытпақ болады. Арты қайғылы аяқталады. Қалалық пәтерлерде де уланулар болады. Орталықтандырылған жылуды жеткіліксіз санап, тұрғындар ылғалдылық пен салқыннан арылу үшін газ плиталарын қолданамын деп, қайғылы оқиғаға душар болуы мүмкін. Барлығы – қарапайым қауіпсіздік шараларына селсоқ қараудан. Өмір, денсаулық үшін техникалық қауіпсіздік туралы ойлану артық емес.
А. Бабаш,
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының ТЖБ аға инженері,
азаматтық қорғау капитаны.