Қазақ үшін той — қазына, ұлы думан, қуаныш пен ақ батаның киелі бесігі. Осынау ұлы думанның тізгінін ұстап, микрофон алған жанға ұшан-теңіз жауапкершілік жүктеледі. Себебі асаба — сол кештің келбеті, мәдениетінің өлшемі, бүкіл халықтың көңіл-күйін тербейтін бас дирижері.
Алайда соңғы уақытта дүйім жұрттың алдына шығып, сөз қадірін ұқпайтын кейбір «асабалардың» ерсі қылықтары жаныңды ауыртады. Өздерінің арзан күлкісі мен деңгейсіз әзілдері үшін өзге жанның тән бітімін, салмағын немесе қызметін мазаққа айналдыруды үрдіске айналдырған. Бұдан да сорақысы — тойдың сәні мен мәнін кетіретін, ұяттан безген, ерсі ойындардың көбеюі. Ар-намыстың ақ туындай болған қара көз қыздарымыз бен инабатты келіндерімізді сахнаға шығарып, әдеп шеңберінен шығатын билерге мәжбүрлеу — ұлттық тәрбиемізге жасалған қиянат. Сол сәттердегі бейәдеп қимылдар мен ретсіз көріністер той иесінің де, келген қонақтың да бетін шиедей қылып, абыройын төгетін масқаралыққа айналуда. Қонақ тойға мазақ болу үшін емес, ақ тілегін арқалап, қуанышқа ортақтасу үшін келеді. Қазақ қашан да «Қонақ келсе – құт келер» деп, төрге оздырған. Ал қыздарымыз бен келіндеріміз — әр шаңырақтың алтын діңгегі, ұлтымыздың мақтанышы. Оларды арзан талғамның құрбаны ету — адамгершілікке де, тектілікке де жат қылық.
Қадірлі асабалар! Қолдарыңыздағы микрофон — жай ғана темір емес, ол — көмей мен жүректі, адам мен адамды жалғайтын алтын көпір. Осы көпірден тек тағылымды сөз, тәрбиелі әзіл мен ақ бата ғана өтсін. Тойға келген әрбір мейман үйіне шаттанып, рухани байып қайтсын. Ғибратты думандарымыз ерсі ойынмен емес, есті өнермен, өнегелі сөзбен есімізде қалсын!
Балтабай Дүйсен.
Шымкент қаласы.
