Басты жаңалықтар Мәселе

Сынып жетекшісінің үйге келуі оқушыға психологиялық соққы ма?

Ата-аналардың пікірі екіге жарылып тұр

Өкінішке қарай, бүгінде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтындардың, тіпті, тұрмыстық зорлық көрсететіндердің қатары артып жатқаны қынжылтады. Заң барынша қатаңдатылып жатса да…

Aдамның табиғаты өзін емес, өзгені кінәлауға бейім келеді. Соның салдарынан әрбір жағдайға өзгені кіналауға етіміз үйренген сықылды. Айталық, өз отбасында орын алған кез келген жағдайға мектепті, ұстаздарды кінәлі санайтын ата-аналар бар. Өзгенің отбасындағы келеңсіздік үшін оқушының сынып жетекшісі, мектеп басшысының тәрбие жөніндегі орынбасары, тіпті директордың өзі де кінәлі атанып, жұмыстан босатылған оқыс жағдайлар кездеседі. Қарап тұрсаңыз, ақылға симайтын ақиқат. Себебін сұрасаңыз, мектеп – оқушы – ата-
ана арасындағы болуы тиіс «үштік одақ» ережесін алға тартады. «Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» деп Шерхан Мұртаза айтқандай, мұндай жағдай қайда, қашан, қалай, не себепті орын алғанына қарамастан жауапты адам мұғалім болып шығады.

Жуырда Шымкенттегі колледждердің бірінде 1-курстың студент қызы суицид жасап, өмірі қыршынынан қиылды. Мектепте оның отбасы, ата-анасы, өзі жайында ешқандай құжат болмаған. Сұрастырғанымызда оның артық қылығы байқалмаған, тәрбиелі оқушы болғаны айтылады. Демек, оқыс әрекетке тек тізімге алынып, жаман әрекетімен көзге түскендер ғана барады дегендердің қателесуі мүмкін. Мектеп те, ата-ана да кез-келген жағдайға бейқам болмағаны жөн.

«Үштік одақ» деген не, оның мақсаты қандай? Осы сауалға жауап іздеп көрдік. «Мектептегі үштік одақ – бұл сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін мектеп-оқушы-ата-ана арасындағы тығыз байланыс пен өзара ынтымақтастық. Яғни, мұғалім оқушыға терең білім мен кәсіби бағыт-бағдар береді, оның мектеп қабырғасындағы қауіпсіздігі мен тәртібін қадағалайды. Ал ата-ана баланың үйдегі тәрбиесіне, сабаққа дайындалуына және мектеппен байланыста болуға жауапты. Оқушы болса, білім алуға ынта танытып, тәртіп сақтайды және мұғалім мен ата-ананың сенімін ақтауға тырысады. Мұндағы мақсат – баланың тұлға ретінде жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру, оқу мен тәрбие үдерісінде туындайтын мәселелерді бірлесіп шешу, мектеп пен отбасы арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайту». «Үштік одақтың» мақсаты осылай түсіндіріледі. Яғни, бала тәрбиесі мен білімі үшін мұғалім мен ата-ана тығыз байланыста болуы керек. Жауапкершілікті бірі екіншісіне артып қойып, өзі қарап отыруға болмайды. Одан бөлек ата-ананың баласы алдындағы жауапкершілігі заңмен де белгіленген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Әке мен шеше баланың өмірі мен денсаулығына қамқорлық жасап, оған сапалы тәрбие мен білім беруге міндетті. Себебі, бала – отбасының ғана емес, елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы. Оның бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасуында отбасының тәрбиесі айрықша орын алады. Бала ең алдымен мейірімділікті, сыйластықты, жауапкершілікті, еңбекқорлық пен адамгершілікті өз шаңырағынан үйренеді.

Соңғы кездері қоғамда бала тәрбиесіне қатысты дау-дамай жиі қозғалуда. Мектепке мол жауапкершілік жүктелгендіктен сынып жетекшілері оқушылардың үйлеріне барып, ата-анамен етене танысқысы келеді. Оған қарсылар да, қолдаушылар да бар. Мәселен, «мұғалімнің үйге баруы бала үшін «травма» болады, бала құқы тапталады» деп байбалам салушылар да, «келсін, мектепке әркез бара беруге мүмкіндік бола бермейді, мұғалімнің үйге келгені жақсы болар еді, пікір алмасып, тілдесеміз» деп қолдау білдіріп жатқандар да аз емес. Осы мәселе бойынша біз шымкенттік ардагер ұстаз, білім саласындағы республикалық Қоғамдық кеңес мүшесі Өмір Шыныбекұлына хабарласып, пікірін сұрадық. «Үштік одақ білім саласында бұрыннан бар, әлі жалғасын тауып келеді, – деді ардагер ұстаз. – Мұндағы мақсат – баланың болашағы. Одан қорқудың қажеті жоқ. Мен өзім мұғалімге артық жүктеме беруге қарсы адаммын. Ал енді сынып жетекшісі уақыт тауып, баланың үйіне барып, ата-анамен етене танысқысы келсе, оған қуану керек. Бұл жерде бәрі бала үшін. Үйге кіргізбеймін дейтіндер болса, ондайларға бармай-ақ қойсын. Бірақ келуге қарсылық танытқаны жайында басшылыққа айтып немесе тиісті бір құжат дайындап қою керек. Ертеңгі күні дәлел болуы үшін. Жалпы, сынып жетекшісінің оқушының үйіне барғанынан бала құқының тапталып, «травма» алатыны туралы ештеңе байқап тұрғаным жоқ».

«Баламның құқы тапталады» деген сылтаумен сынып жетекшілерін үйге келтірмей, тәрбиенің ақсауына себеп болатын ата-аналардың бұл әрекеті құптарлық па? Әлде, шынымен де сынып жетекшісінің үйге келгенін көрген бала психологиялық соққы алады ма? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *