Қысқа қарай адамның азықтануында калориясы мол тағамдар басымдық ала бастайтыны мәлім. Өйткені ағза жылу түзуге әсері бар азықты көбірек қажетсінеді. Бұл жақсы, дегенмен кей жағдайда зиянын тигізетін жақтары да жоқ емес екен.
«Бірінші кезекте бұл ағзада қышқылдану артуына, зат алмасуы бұзылуына, тіпті қан құрамының өзгеруіне де әсер ете алады.Өйткені бүгінде адамда қимыл-қозғалыс аз. Осыдан қан айналымы баяулап, оның қоюлана түсуіне себеп болады. Бұлтты, суық күндер де ағзаның үйреншікті қалыбын бұзады, көп жағдайда ұйқы қанбайды. Ұйқының үнемі қанбай жүруі, шаршау, стресс эндокриндік жүйенің жұмысын бұзады, бұдан қанның тұтқырлық көрсеткіші ауытқуы мүмкін. Оның үстіне адам сергимін деп шай, кофе, энергетикалық сусынды жиі іше берсе, ағзадан сұйықты қуатындықтан ол да қанды қоюлата алады. Осының бәрі қан айналымын баяулатып, жүрекке салмақ салады. Мұндайда қан тамырларында қақ тұру қаупі артады», — дейді мамандар.
Салқын ауа райында, күн суығанда бірінші кезекте шеткі қан тамырлары, уақ тамырлар тарылады екен. Ол аяқ-қолдағы, кейбір ішкі ағза мүшелеріндегі қан айналымы баяулауына себеп болып, қоюланады. Қанның уақ тамырлардан өтуі қиындайды, сол себепті ағзадағы ұлпалар мен ішкі ағза мүшелеріне оттегі мен азықтық заттардың уақтылы жетуі тежеле бастайды. Зат алмасуы бұзылады, ағзадан қажетсіз заттардың шығарылуы да баяулайды. Күн суыта келе біз жылы жерде отыруға, жатуға құмарлана бастаймыз, шамадан тыс болса бұл да өз кезегінде қанның қоюлануына себеп. Оның үстіне жаздағыдай суды жиі ішпейміз, күн суыса тіпті де ішпей қоямыз, ағзаның сусыздануы арта түседі.
Жалпы алғанда, мезгіл ауысуына орай дұрыс тамақтана білген жақсы. Майлы, қышқыл, тұзды, тәтті, өңделген тағамдарды шамадан асыра пайдаланып, газды сусынды көп ішпеген дұрыс болмақ. Алкогольден мүлдем аулақ болған жөн. Балық еті, қызанақ, жидек, сарымсақ, баклажан, зығыр майы, зімбір сияқты қанды сұйылтуға әсері бар азықтар тұтынып тұру керек.
Ағзасында қанның қоюланғанын адам басының жиі ауыра бастауынан-ақ сезіне алады. Басы ауырлай түскендей болады, бас айналуы жиілеуі мүмкін. Тез шаршайды, әлсірейді, көру мен естуі нашарлайды. Аяқ ауырлай түскендей болып, аяқ-қолдың ұюы, қышуы, ысуы сезіледі. Ұйқы басып, себепсіз үрей мазалауы жиілейді.
Әрине, мұндай белгілердің орын алуына басқа қандай да бір жайсыздықтың әсері болуы да мүмкін. Сондықтан өз бетімен емделмей, дәрігерге көрініп, қан сынамасын тексерткен абзал. Дәрігер мұның нақты себебін анықтап, тиісті ем тағайындайды, қажетті кеңестер береді.
Осы орайда әлеуметтік желіде жарияланған тамыр хирургі кеңестерінің де пайдасы тиер деген оймен назарларыңызға ұсынамыз:
1. Әр сағат сайын бірнеше секунд аяқ ұштарымен тұру керек. Сонда балтыр бұлшық еттері жұмыс істеп, қан терең тамырлардан жоғары қарай айдалады.
2. Адам шөлдемесе де сағат сайын үш жұтым су ішіп тұрғаны дұрыс. Жалпы, қай кезде де суды бірден сіміріп салмай, бірнеше мәртеден жұтып ішкен жөн.
3. Таңертең суық суға шайыну пайдалы, ол тамырды сергітеді. Яғни шеткі тамырлар алғашында тарылады да, көп ұзамай кеңейеді. Осы арқылы шынығады, қалыпты жұмыс істейді, қан жақсы жүреді.
4. Қайда болса да бір орында тым ұзақ отырмау керек. 45 минуттан кейін тұрып, аяқ жазған, керіліп-созылып болса да үш минуттай жеңіл жаттығу жасап жіберген дұрыс.
5. Таңертең ұйқыдан тұрған соң екі минут ішпен жату керек. Өйткені адамның көбі шалқасынан немесе бір бүйіріне қарай жатып ұйықтайды, бұл кезде қанның ішкі құрылысқа тең таралуы тежеледі. Ал таңғы екі минут етпеттеп жату ішке түскен қысымды азайтады, диафрагмаға жайлы тиеді, ондағы қан айналымы қалпына келеді.
