Бұған дейін шымкенттіктерге «ағаш базары» атымен әйгілі болып келген аумақтағы сауда қатарлары осыдан біраз уақыт бұрын қала сыртына көшірілген болатын. Ал базар орны экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында көгалдандырылып жатыр. О баста бұл аймақтағы базар заңсыз орналасқаны белгілі. Құрылыс материалдарын саудалап келген аймақта енді саябақ болады. Көп жылдан бері қоршаған ортаға зиянын келтірген базар енді жоқ.
Көгалдандыру барысында топырақ қалпына келтіріліп, құнарлы жер дайындалды. Жалпы саны 100-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, ауаны тазартуға және тұрғындар үшін жайлы демалыс орындарын құруға бағытталған.
Көгалдандыру шаралары қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Жайлы ортаны дамыту басқармасы және Абай аудан әкімдігі қызметкерлерінің бірігіп әрекет етуі арқасында жүзеге асырылды. Алдағы уақытта бұл аумақ халықтың сүйікті демалыс орнына айналады деп күтілуде.