Шымкент қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынып жатқан білім ұяларының алғашқылары пайдалануға берілді. Біріншісі «Нұршуақ» шағынауданында бой көтерді. 2000 орындық жаңа білім беру мекемесіне қазір 1130 оқушы қабылданған. Ал, «Қарабастау» тұрғын алабындағы 1200 орынды мектепте 950 бала білім алып жатыр. Осылайша жайлы мектептердегі сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталды.
Заманауи мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылып, олардың дамуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалары және робототехника сыныптарымен жабдықталған. Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Білім беру мекемесінде хореография залы, төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары да бар. Мұнда балалар өзара еркін араласып, қызығушылықтарын дамыта алады.
Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 18 мектеп ашу жоспарланған. Бұлар апатты және үш ауысымды мектеп пен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Жаңадан ашылып жатқан мектептерді қоғамдық көлікпен қамту мақсатында №122, №191 және №55 автобус маршруттарының сызбаларына өзгерістер енгізілді. Мысалы, Қарабастау тұрғын алабына қатынайтын №122 және №191 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы енді №142 жалпы орта білім беретін мектебіне дейін ұзартылады. Ал №55 автобус маршруты «Нұршуақ» шағынауданындағы №140 жалпы орта білім беретін мектебі арқылы жүретін болды.