Күн салқындап, адамдардың иммунитеті төмендей бастаған кезеңде жұқпалы ауруларды оңай жұқтырып алу қаупі күшейеді. Әсіресе, тұмау кең таралады.
Тұмау — кез келген адам жұқтыруы мүмкін қауіпті ауру. Тұмау тиген адамнан тараған вирус тасымалдаушы болып табылады. Адамның көбі тұмаумен бірнеше күн ғана ауырады. Бірақ кейбіреулердің жағдайлары күрт нашарлап, тіпті соңы қайғылы аяқталуы да ықтимал. Сол үшін тұмауды дер кезінде емдеу маңызды.
Тұмау кезінде созылмалы аурулар күшейеді, соның бірі — өкпенің асқынуы (пневмония, бронхит). Пневмония көп жағдайда өлім-жітімге себеп болып жатады. Науқастардың арасында тұмауды аса елемей, емделуге немқұрайды қарайтындар аз емес. «Елемеген ауру жаман» демекші, тұмаудың алдын алмау, ауырған жағдайда дұрыс ем-дом қабылдамаған адамның өзге мүшелеріне де зияны тиіп, денсаулығында үлкен кінарат орын алуы мүмкін.
Тұмаудың белгілері: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас пен бұлшық ет, тамақтың ауыруы, жөтелу және әлсіздік. Тұмау тез өрбиді және бірнеше күннен 2 аптаға дейін созылуы мүмкін. Сырқат өкпе қабынуы және бронхит сияқты асқынуларға әкеледі.
Алдын алу шаралары: науқас адаммен байланыста болмауға тырысу, онымен байланыста болғанда бетперде тағу керек. Инфекция таралмауы үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуып, жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жапқан дұрыс. Мүмкіндігінше көп адам жиналған жерде болмай, бөлменің ауасын жиі тазарту керек. Тұмау басталғанға дейінгі ең тиімді әдіс — вакцина салдыру. Ол тұмау жұқтыруды төмендетіп, оның адамдар арасында таралмауына көмектеседі.
Вакцинация қауіпсіз. Екпе салдырғаннан кейін кейбір адамдарда екпе орнында қызару және ауырсыну, бастың және бұлшық еттің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Дегенмен, олар тез жойылады.
Тұмауға шалдыққанда ауруды таратпау және емделу шаралары: үйде отбасының басқа мүшелерінен оқшаулану, аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дәрігер шақырып, бір реттік орамал пайдалану, дәрумендерге бай сұйықтықтар ішу арқылы дәрігердің нұсқауына сай ем қабылдау.
Вирус ауа — тамшы жолы арқылы таралатындықтан, күнделікті гигиена сақтау, үй ішін уақтылы желдетіп, ауаны тазарту, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы, құнарлы тағамдарды қабылдау маңызды.
Б.Унгарбаева,
«Мырзакент» Мақтаарал аудандық ауруханасының
жалпы тәжірибелі дәрігері.
