Uncategorized Біле жүріңіз

КҮЗ ШУАҒЫ – МИЗАМ КЕЛДІ

Күздің алғашқы айы да келіп жетті. Бұл маусымның өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Соның бірі – мизам шуағы кезеңі.

Мизам шуағы – күздегі алғашқы түскен суықтан кейінгі келетін жылы кезең. Бұл кезде атмосферадағы жылы ауа ағысы шуақты күндер орнатады. Осы шақта ауада түтілген мақтаның үзігі сияқты жылтыраған ақ түсті, сағым сияқты жіңішке жіптер пайда болып, ұшып бара жатады немесе жолында кездескен кедергіге ілініп қалып, қалқып тұратыны бар. Бұл қызық құбылысқа қатысты ғалымдар арасында да нақты тұжырымдылған түсінік жоқ. Бір деректерде бұл – жас өрмекші торының үзіктері. Яғни жас өрмекшілер күздің алғашқы салқыны түсе өз бетімен белсенді түрде тарала бастайды. Жаңа тіршілік ортасын іздейді, тор тоқу үшін бөлетін затымен жіп түзіп, бір ұшын биік тұстарға, үй бұғаттарына, өсімдік ұштарына, бұтақтарға бекітеді. Сөйтіп самалдың, желдің күшімен сол жіп арқылы біраз қашықтықтарға дейін «ұшады» немесе қонады. Оның денесінен бөлінетін осы зат салқын ауада қатады да, жіп болып ұшып жүреді немесе бірдеңеге ілініп, ауада тербеле қалқып тұрады. Ал кей тұжырымдар бойынша мұндай жіп атмосфераның жоғарғы қабатындағы қандай да бір уақ ағзалардың тіршілік әрекетінен туындауы немесе өсімдік ұлпасынан, тозаңның, тамшының аса уақ бөлшектерінен түзілген болуы да мүмкін. Бір қызығы, мұндай жіптер жанасқан кезде адамға да жабысады немесе кейбірі мұндайда бірден жоғалып кетіп те таңқалдырады. Бұл кезде ауа құрғақ, жанға жағымды, жайлы болады. Осы құбылысты ежелден аңғарған қазақ жіпке «мизам» деп, ауа құбылысына «мизам шуағы» деп атау берген.

Мизам шуағы әдетте тамыз айының соңында басталып, шамамен төрт аптаға созылады. Кейде бұдан кешірек басталып, қазан айында да аңғарылады. Ал ауада «жіптер» түзілуі кейде айқын байқалады, жиірек кездеседі, кей жылдары ол болмауы да мүмкін.

Ескіде аталарымыз қыркүйек айын «мизам» деп атапты. Мизам шуағында құрғақ, жылы, жайлы күн райы орнайды. Орекеңдердің «бабье лето» дейтіні – осы кезең.

Халық нанымында мизам шуағы кезінде далада өрмекші торы көп болса, онда күз жылы әрі жауын-шашынсыз болады деп күтіледі. Ол кезде ауа райы жақсы болса, күз суық болады деп болжаған. Бұл кезде күн райы бұзылса, онда күздің алдағы бөлігі құрғақ болады деп күткен. Ал күн райы жаңбырлы болса, онда күздің ауа райы тұрақсыз, құбылмалы болады дейді.

Қысқасы, мизам шуағы – жаздың жылы күндерін аяқтайтын кезең. Алда қыс барын еске түсіреді. Бұл кезде жұрт қысқы азығын түгендеп, отын-суын қамдауды бастайтын болған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *