Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автожолдарды жақсарту жайында әрдайым айтып келеді. Тіпті, 2022 жылғы Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде нақты тапсырма берді. Алайда…
Шымкентке Ғабит Сыздықбеков әкім болып тағайындалғалы қыруар жұмыс атқарды. Дегенмен, сапасыз жұмысымен қала басшысының іскерлігі мен беделіне нұқсан келітіріп жүргендер де бар. Мәселен, Шымкенттегі «Қаратөбе тас жолында» Энергетика басқармасының тапсырысымен кәріз желісін ауыстыру мақсатында қазылған жол ұзақ уақыт аяқталмай жатып қалды. Осы кезде жаңадан тағайындалған Ғабит Әбдімәжитұлы оны тез аяқтауды тапсырды. Бірақ мердігер жұмысты асығыс жүргізді ме, әлде сапасына мән бермеді ме, әйтеуір кәріз жүйесінің үстіне төселген жол қайта-қайта опырылып кете берді. Ол көліктерді зақымдап қана қоймай, жолаушылардың өміріне де қауіп төндіреді. Қауіптің алдын алу, жолдың сапалы жөнделуін қамтамасыз ету мақсатында біз бұл мәселені әлеуметтік желіде, басылым бетінде бірнеше мәрте көтердік. Соған орай Шымкент қаласының транспорт басқармасы бұл жұмысты өздері атқармағанын алға тартса, энергетика басқармасы төмендегі жауапты жолдаудан танбады: «…Аталған мәселе бойынша тиісті мердігер мекеме – «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жолдың отырған бөлігіне тас төселіп, жол жабындысын толық қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда».
Бұл мәселені біз бірнеше рет қозғаған соң мердігердің өкілімін деп Есенәлі есімді жігіт редакцияға
хабараласты. Сөзіне қарағанда, мердігер «Алекс» компаниясы екен. «Барлық жерде жұмысымызда кемшілік жоқ еді, осы ойыла беретін жолды өзіміз де түсінбей жүрміз. Бізге бір нысанды қайталап жөндей беру артық шығын. Астында тас көшіп жатыр ма, білмейміз», – деген маман алдағы уақытта бәрі реттеледі деп сендіргісі келді. Содан бері де сол жол оншақты рет опырылып, оншақты рет жамалды. Бірақ, жөнделген жол сол күні, кейде бір-екі күнде қайта ойылып қала береді.
Біз мердігер өкілінің уәжін қанағат тұтпағасын жол саласында ұзақ жыл қызмет атқарған қала тұрғыны Балтабай Дүйсенге хабарласып, осы жайттың себебін сұрадық. «Жерге пластикалық құбыр тасталғандықтан төсенішті арнайы құралмен ұрып, таптай алмайды. Себеп сол, — деді ол кісі. – Жол опырылмас үшін құбырдың асты мен үстіне қалың етіп құм төселуі керек. Осы талаптың орындалғанына күмәнім бар. Құзырлы орындар тексерсе бәрі анықталады».
Әрине, құзырлы орындар тексеруі керек. Бір емес, екі емес, оншақты рет жолдың ойылғаны ол жерде құрылыс талаптарының дұрыс сақталмағанын аңғартса керек. Неге осыны жаттанды жауап беруден жалықпайтын Энергетика басқармасы зерттемейді? Бәлкім, бұл мәселені прокуратура мен ҰҚК сыбайлас жемқорлықпен айналысатын бюросы зерттеп-зерделеуі қажет шығар. Қалай болғанда да мемлекеттің қыруар қазынасы желге ұшпауы керек қой.
Жолаушылардың қауіпсіздігін ойласақ, мұны ұзаққа созбай, жылдамдатқан жөн. Алда күздің жауын-шашыны, қыстың аязы мен қары бар. Бұған «халықтың мұң-мұқтажын арқалаймыз» деп жар құлағы жастыққа тимей жарнамалап жүрген үміткер партия өкілдері де назар аударса дейміз.
Балқы БАЗАР.
