Басты жаңалықтар

Түркістан турист тартудан көшбасшы бестікке енді

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда туристер ең көп демалған өңірлер белгілі болды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасай отырып, «Kazinform» агенттігі хабарлады.

«Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашевтың айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда ішкі туристер ең көп барған өңірлер қатарында Шымкент қаласы мен Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары бар.

– Соңғы жылдары ішкі туризмде өңірлік құрылымның өзгергені байқалады. 2022–2023 жылдары көшбасшылар қатарында Ақмола, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары болса, 2024 жылы Маңғыстау облысы туристер санының айтарлықтай өсуінің арқасында алдыңғы орынға шықты.

2025 жылы Ақмола және Алматы облыстары көшбасшылық позициясын нығайтты. Ал 2026 жылдың I тоқсанында Түркістан облысы алғаш рет ішкі туристер ең көп барған бес өңірдің қатарына енді. Бұл өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуы мен тарихи-мәдени туризмге қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді, – деді ол.

Комитет мәліметінше, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, туристер ең көп тоқтаған өңірлердің көшін Алматы қаласы (472 930 турист) бастап тұр. Одан кейін Астана қаласы (352 243), Ақмола облысы (161 169), Шымкент қаласы (139 443) және Алматы облысы (112 845) орналасқан.

– 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында туристер санының ең жоғары өсімі Ақмола облысында тіркелген. Өңірдегі көрсеткіш 42 пайызға артты. Одан кейін Шымкент қаласы (+39,3 пайыз) мен Астана қаласы (+12,1 пайыз) келеді, — деді спикер.

Оның сөзінше, бұл бағыттардың сұранысқа ие болуына елдердің жақын орналасуы, тілдік кедергінің болмауы, әуе билеттерінің салыстырмалы түрде қолжетімді болуы және қысқамерзімді демалысқа қолайлы болуы әсер етіп отыр», — деп жазады «Kazinform».

Өңірдің тарихи-мәдени нысандарына деген қызығушылық артуда. Осыған орай облыстың туризм саласына инвестиция салу да артып келеді, инфрақұрылымды дамыту бағытында көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Соның арқасында туризм нысандарына апаратын ғана емес, олардың төңірегінен өтетін бағыттарға да назар аударылып, ең бастысы, жолдар жаңғыртылып, жөнделуде. Туристердің жайлы демалысын қамтамасыз ету үшін жаңа жобалар жасалып, жүзеге асырылуда. Оларға қызмет көрсету арқылы облыс қазынасына қомақты кіріс келуде.

Туристер Түркістан облысының табиғаты көркем аумақтарын тамашалау үшін де келеді. Сондықтан оларды барынша танымал ету, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсаттарына арнап инвестиция тарту күшеюде. Жаңа бағыттар ашылуда. Бұл салаға биылғы тартылған инвестициялар көлемі өткен жылдағыдан үш есе дерлік көп. Экотуризмді жандандыра түсу үшін облыс аумағындағы ұлттық табиғи парктерде, қорықтарда, демалыс аймақтарында жаңадан нысандар салынып жатыр.

Былтыр Түркістан облысына миллионнан аса турист келген. Биылғы жылы одан асып түспесе, кем соқпайтын сияқты. Түркістан облысының тұңғыш рет туристер көп келген аумақтардың алғашқы «бестігіне» қосылуы осыны аңғартып тұрғандай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *