Әлеумет

Баланың тұсауын кімге кестіріп жүрсіз?

Бүгінде халқымыздың бабадан мұра боп жеткен өнегелі салт-дәстүрлерінің көбі өзіміз танымастай өзгеріске ұшырауда. Көп адам олардың түпкі мәніне зер салмай, үйреншікті, жаттанды болғандарын кәдеге жаратып жүр. Осы жағы ойландырады.

Мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшін жүрген жерімізде, ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде бұған қатысты танымдық деректерді жиірек айтып, жариялап тұрған дұрыс болар еді. Мысалы, қазіргі күндері халқымыздың ғибратты дәстүрлерінің бірі – тұсаукесер рәсіміне де өзгерістер еніп кеткенін көріп, қынжылып жүрген жайымыз бар.

Қаз-қаз қадам басып, жүруге талпынған бүлдіршіннің тұсауын кесуді ата-бабаларымыз бала өміріндегі алғашқы қуаныш тойларының бірі санаған. Оған үлкен мән берген. Күрмеуін шешіп, тұсауын кескен сәттен баланы бүгінгідей өлшеулі ақ матаның үстімен жүргізу, алдына әртүрлі заттар қойып, қайсысын таңдар екен деп қадала қарап тұру деген бұрын болмаған. Сәбиге бұлайша әртүрлі заттарға таңдау жасату корей халқының бала 1 жасқа толғанда жасайтын үрдісі екен. Осы кірме дәстүр қазақ ұлтының қалыптасқан салтына да салқынын тигізген. Көршілес өзбек ұлтынан да дәстүрімізге кірмелеп кіріп, дендеп алған көріністер көп. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Қысқасы, бүгінде ел ішінде баланың тұсауын кесу рәсімін әркім әрқалай өткізуде. Мысалы, сіз кішкентай ұлыңыздың немесе немереңіздің тұсауын кімге кестіріп жүрсіз? Бұрынғылар ағайынның арасындағы сыйлы, туыстың ішіндегі беделді кісіге қолқа салатын болған. Негізі ұлттық дәстүрдің де, діннің де дәріптейтіні осы туыстық қарым-қатынастар емес пе? Ал бүгінде өзінің ағайын-туысынан алыстап, жақсыны жаттан іздейтіндер көбейді. Қадамын аттап-пұттап жаңа басқан сәбиге таңдау жасатып, өз  дегенімізге көндіргенше, тұсаукесерді ата дәстүрімен өткізіп, оған бата беріп, бақытын тілеген абзалырақ қой, негізі.

Ақмарал ЛЕУБАЕВА,

Шымкент қаласы,
Әдетғұрып және  салтдәстүр
орталығының ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *