Мәселе

Ашық терезе  ажал ошағына айналмасын

2024 жылы – 102, 2025 жылы 85 бала құлаған

Қазір шілденің кезі, күн ыстық. Сондықтан үйді, әсіресе көпқабатты үй пәтерлерін салқындату үшін терезелерді ашып тастайтындар көп. Өкінішке қарай, осындай сәттері балаларға төнетін қауіпті ұмыт қалдыратынымыз бар. Ал оның соңы орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін.

Терезе торына сенбеңіз

Таяуда ғана, 4 шілде күні Қарағандыда екі жастағы бала екінші қабаттан құлады. Дәл осы күні Шымкентте де кішкентай баланың көпқабатты үй терезесінен құлау оқиғасы тіркелді. 7 шілде күні Абай қаласында алты жастағы бала бесінші қабаттан құлады. Жалпы, жыл басынан бері елімізде осындай бірнеше оқиға орын алып отыр. Осыған орай бүгінде Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті жұртшылықты балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақыруда.

4 шілде күнгі оқиға қаланың Тұран ауданына қарасты №3 шағынауданында болған. Ересектердің қарауынсыз қалған 5 жасар бала үйдің екінші қабатындағы терезеден құлап кеткен. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Тағы бір оқиғада анасы асханадағы жұмысқа қас қағым ғана сәтке алданып қалған уақытта екі жасар бүлдіршін тоғыз қабатты үйдің 6-шы қабатындағы терезеден құлаған. Ол ашық тұрған терезе алдына шығып, ондағы жәндік өткізбейтін торға сүйенген екен. Тор оның салмағын көтермей, бекіткішінен босап кетіп, бала жоғарыдан құлаған. Ол ауруханаға апара жатқан жолда жан тапсырған. Бұл – биылдыққа қаладағы балалардың терезеден құлауының 6-шы жағдайы. Өкінішке қарай, оның 3-еуі қайғылы аяқталып, қалған 3 бала ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Шымкенттің Төтенше жағдайлар департаменті мына жайларды ұмытпауды ескертеді: Балаларды үйде ешқашан қараусыз қалдырмау керек. «Қазір жүгіріп барып келе қоямын» деп сыртынан құлыптап кетуге әсте болмайды. Ересектердің қарауына қалдырғанның өзінде оларға терезе қаупін ескертуді ұмытпаған жөн. Өйткені баланың аты – бала, ол терезе алдына сырттағы өзін қызықтырған нәрсені көру үшін шығуы мүмкін. Ол тордың тым әлсіз екенін білмейді. Терезе маңына бала өрмелеп шығуы мүмкін жиһаздарды және басқа да заттарды қоймаңыз. Терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштері мен ашылуын шектейтін құрылғыларды орнатыңыз. Бүгінде саудада ондай құрылғылардың алуан түрі бар. Балаларға ашық терезенің қауіпті екенін үнемі түсіндіріп, үлкендерге де жалықпай ескертіп отырыңыз.

Бұл әрбір ата-ананың, жалпы жұртшылықтың есінде ұдайы жүруі тиіс жайт. Мысалы, бір ғана 2024 жылдың өзінде елімізде 102 баланың терезеден құлау оқиғасы тіркелген екен. Олардың 4-еуі оқиға орнында жантәсілім еткен, басқалары ауырлығы әрқалай дене жарақаттарын алған. Өмір бойына мүгедек боп қалғандары да бар. Ал былтырғы жылы терезеден 85 бала құлап, олардың 9-ы мерт болған. Бір ғана Астананың өзінде бір күнде төрт бірдей баланың терезеден құлау оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, екеуі көз жұмды. Осыған ұқсас оқиғалар Шымкентте де болып тұрады. Өйткені қала жазы ыстық болатын аумақта орналасқан. Ыстыққа шыдамай, үй терезесін күндіз-түні ашып қоятындар бар. Үйге салқын ауа кіреді деп айқара ашып тастайтын кей тұрғын ашық тұрған терезенің қауіп төндіретінін естен шығарып алып жатады. Соның салдарынан өкінішті оқиғалар орын алады. Айталық, 2024 жылы Шымкентте осындай 8 оқиға тіркелсе, былтыр да бірнеше оқиға қайталанған. Терезеден есін білмейтін кішкентай балалар ғана емес, кейде ересектер де құлап жатады. Біреулер байқаусызда құласа, енді біреулердің өзіне сеніп, құлай қоймаспын деп терезе жуатыны бар. Мысалы, былтырғы жылы наурызда Алматыда 41 жастағы әйел терезе жуамын деп оныншы қабаттан құлап мерт болған. Ал шілде айында Өскеменде бір әжей терезе жуамын деп бесінші қабаттан құлап, жан тапсырған болатын. Биылғы жылдың ақпан айында Петропавлда Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары сыныбында оқитын 18 жастағы бала құлап кеткен еді.

Құрылысшылар да ойланса…

Осы орайда қадап айтқымыз келетін жайт мынау: қалаларда көпқабатты үй терезелерін қауіпсіз етудің жолын табу керек. Мысалы, біздің Шымкент қанатын кеңге жайып, өсу үстінде. Қалада көпқабатты үйлер саны жылдам артуда. Терезеден бала құлау қаупі барын ескере отырып, үй тұрғызып жатқан құрылысшылар неге жоғарғы қабат терезелеріне қауіпсіздік құрылғыларын бірден орнатып кетпейді? Егер солай етіп отырса, бұл өзі бір аса қажетті әрі сауапты тірлік болар еді. Сонда ешкім де сәбиін жоғалтып, қайғыдан қан жұтпас еді.

Әрине, қауіпсіздік мәселесі – әркімнің өз жеке шаруасы ретінде де есте тұрады. Дегенмен қатердің кейде аяқ астынан кезіге кететіні, «жазым болса, быламыққа тіс сынатыны» да бар ғой. Сондықтан бұл мәселеге үй салатын құрылыс компаниялары да жоғары жауапкершілікпен қарауы қажет сияқты. Осыдан бірер жыл бұрын Мәжіліс депутаттарының құрылыс компанияларын үй салғанда терезелерге қорғаныш құрылғыларын орнатуға міндеттеу жөнінде ұсыныс жасағаны есте. Сол ұсыныс аяқсыз қалып кеткен сияқты. Ендеше бұл мәселені қайта қозғау қажеттігі туындап тұр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *