Біле жүріңіз

Жеңісті жақындатуға жануарлар да жәрдемдескен

Екінші дүниежүзілік соғысқа жауынгерлермен қатар жылқы, түйе, ит, мысық секілді жануарлар да алынып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан. Жеңіс күні қарсаңында осыған қатысты деректерді жинақтаған едік…

3 миллионнан
астам жылқы қатысқан

Ұлы Отан соғысы жылдарында атты әскерге мінетін жылқы қажет болды. Жылқы, сондай-ақ, азық-түлік тасыды, техника өте алмайтын жолсыз, батпақты жерлерден адамдар мен техниканы алып өтуге пайдаланылды. Шұғыл шегіну, тұтқиылдан шабуыл жасау кездерінде таптырмас көлік болды. Әсіресе партизандар үшін орны бөлек еді. Госпитальдарды көшіруге, жаралыларды қауіпті жерлерден алып шығуға, дәрі-дәрмектер жеткізуге пайдаланылды.

Кей деректерде соғыс кезінде 3 миллионнан аса жылқының әскер қатарында болғаны айтылады. Соның жартысынан астамы шайқастар кезінде опат болыпты. Атты әскер дивизиялары мен корпустары Мәскеу, Ленинград пен Сталинградты және басқа да ірі қалаларды, Кавказды қорғауға, жаудан азат етуге қатысты. Олар Ресейдің, Белоруссияның, Украинаның, Еуропа елдерінің жерлерін жаудан азат етті, Берлинге дейін барды. Мәскеуде, Керчьте, Солтүстік Осетияда және басқа да жерлерде жауынгер жылқыларға арнап ескерткіш қойылған.

Берлинге дейін барған түйелер

Әйгілі Сталинград шайқасы кезінде немістер Қалмақ АКСР-інің жеріне дейін кірген. Қорғаныс шайқастары кезінде жауынгерлерге техниканы, жаралыларды тасымалдайтын күш көлігі аса қат болыпты. Сол кездері олар далада жайылып жүрген түйелерді аулауға мәжбүр болған. Жануарларды ұстап алып, арбаға жеккен. Сөйтіп Ойсылқара түлігі де жауға қарсы шайқастарға атсалысыпты. Тарихи деректерде сондай 350 түйе туралы айтылады. Солардың Миша және Маша деп аталған екеуі Кеңес жауынгерлерімен бірге Берлинге дейін барған екен. Олар қаладағы хайуанаттар бағында қалдырылып, бейбіт күнде де адамдарға қызмет етіпті. Астрахань облысының Ахтуба қаласында осы екі түйеге орнатылған ескерткіш бар екен.

60 мың иттің ерлігі

Ұлы Отан соғысы жылдарында түрлі әскери бөлімдерде 60 мың ит «қызмет еткен». Олар танкке қарсы миналарды залалсыздандыруға, пойыздарды жаруға, байланысшы ретінде, сондай-ақ жаралыларды ұрыс даласынан алып шығуға пайдаланылған. Осындай иттердің «Жолбарыс» деп ат қойылған біреуі 7468 минаны, 150 снарядты залалсыздандыруға жәрдемдесіпті. Ол тіпті «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен марапатталған, Жеңіс шеруіне де қатыстырылған екен. Мәскеуде, Сталинградта жауынгерлермен бірге жаумен арпалысқан батыр иттерге арнап ескерткіштер орнатылған.

9 мың мысықтың жәрдемі

Ал мысықтар соғыс кезінде окоптарды тышқаннан тазартуға көп еңбек сіңіріпті. Олардың, әсіресе, Ленинградты тышқандардан, егеуқұйрықтардан тазартуда еңбегі зор болған. Ленинград қоршаудан құтқарылған соң қалаға азық-түлікпен бірге Ярославльден 4 мың, 1945 жылы Сібірден қосымша тағы 5 мың мысық апарылған. 2008 Батыс Сібірдегі Түмен қаласында Ленинградты тышқандардан тазартқан мысықтарға арнап «Сібір мысықтары» атындағы сквер ашылыпты. СанктПетербургтің өзінде Ленинград тұрғындарына жәрдемі тиген мысықтарға арнап ескерткіш қойылған екен.

…Иә, сөйтіп соғыс кезінде үй жануарлары да жауынгерге жақсы жәрдемші бола алыпты. Сондай-ақ жылқының, ірі қара мен уақ малдың бірнеше миллиондаған тонна еті мен сүті де жауынгерге азық болып, олардың күш-қайратын арттырған. Бірнеше миллион тонна жүні мен терісі жауынгерлерге киім, аяқ киім тігуге жұмсалған. Әрине, бұл жануарлардың тылда да баға жетпес пайдасы болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *