Басты жаңалықтар Мәселе

  Түркістанда «Қытай, қытай» деп жүріп…

 

 жерлестер жайын ұмытып кетпейік

Таяуда Отырар ауданында «Ақ Дала» мақташылар фестивалі өтті. Мереке шетелдік инвесторлар мақта өсірген аумақта ұйымдастырылды. Әрине, өңіріміз үшін бұл үлкен жаңалық болды. Дегенмен бүгінде бұл оқиғаға қатысты айтылып жатқан алуан пікірлер бар.

Мысалы, кезінде аталған ауданда түрлі шаруашылықтарды басқарған өңірімізге белгілі азамат Қанжігіт Сыздық өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «Шаруаны қытайларға бермей-ақ сол жердің иелері бірігіп атқара алмай ма, кедергі не, қолдарынан келмей ме деп жатқандар бар. Білгенімше түсіндірейін. Осындай тірлікті ұйымдастырып, іске асырамын деген өзіміздің азаматтарға басшылар тарапынан қытайларға жасалғандай қамқорлық жасала қоймайды. Жер жайылымдық, оны егістікке айналдыру жолы өте қиын. Шаруа жасаушыға мемлекет дұрыстап несие бермейді, кедергі де, құжаты да шаш-етектен. Қажетті техника, ұрық, химикат пен тыңайтқыш, тамшылатып суғару құралдарын, насостарды тиімді жолмен алу оңды шешілмеген. Осынша көлемде еккен егіске Сырдариядан су алуға төменде Қызылорданың күріші бар деп рұқсат бермейді. Отырарлықтардың ежелден егіп келген суармалы егісіне жазда су жетпеді. Жинаған өнімді өткізетін орын шешілмеген, елімізде оны өңдеп, өнім шығаратын кәсіпорын жоқ. Қытайлар бізде жіп дайындап, оны еліне өнім шығару үшін алып кетеді. Яғни біздің экономикаға тиімсіз. Облыстағы диқандар өнімін сататын орын таппай, мақта зауыты басшылары не дейді деп соларға тәуелді. Осындай оралымсыздықтан жергілікті шаруалардың бірігіп іс жасауға құлқы жоқ, билікке сенім аз, сондықтан бар жерін өзгеге беріп, қазір жерсіз отыр. Ұсыныс: Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне берілетін несие, субсидия шаруаларға делдалсыз жетуі тиіс. Қайтарымы баяу, өте төмен пайызда, ұзақ мерзімге беру жолы шешілуі керек».

Отырар ауданында осындай пікірдегі азаматтар аз емес. Мысалы, Темір ауылының тұрғыны Амантай Төрехан бізге былай деді: «Ауданда иелігіндегі жайылымдық жерін ондағы қыстауымен қосып сатқан азаматтар бар. Жер телімдерін кәсіпкерлік компания сатып алған, сосын шаруашылыққа инвестор тартқан. Ол жер дарияға жақын аумақта. Мақта еккендер жағалауға қуатты насостар орнатқан, суды өзеннен алады. Есесіне төменгі ауылдарға су жетпей қалды, төрт-бес ай бойы сусыз отырған ауылдар бар. Инвестиция тартып, тамшылатып суғару тәсілін енгіздік деп жатыр ғой, бірақ соның зардабын қарапайым шаруа, ауылдықтар көріп отыр. Жалпы, тиісті жағдайлар жасалса, мақтаны өзіміздің шаруалар да өсіре алар еді.

Қытайлықтардың еккен мақтасы мол өнім беріп жатқаны рас. Көсектердің бәрі бір мезгілде ашылатындай етеді екен. Соны комбайнмен бірін қалдырмай жинап алады», — дейді ол.

Біз тілдескен тағы бір-екі азамат: «Инвестор деп оларға барлық жағдай жасалған. Ал шығындарын бүгінде кемі екі есе өндіріп те алған шығар. Негізі мұндай шаруаны егер тиісті жағдайлар жасалса өзіміздің азаматтар да атқара алар еді. Дегенмен қытайлар біз біле бермейтін химикаттарды қолданады екен. «Мақта керемет шықты» деп мәз болып жүргенімізде жеріміз сол химикаттан зорығып, ештеңе өспейтін қу тақырға айналып қалмасын. Мені алаңдататыны осы. Арыс жақтағы бір ауылда сондай болған деп жүр ғой жұрт», — деген қауіп білдірді.

Ал шәуілдірлік Хасен Тұрлыбековтің бұған қатысты пікірі басқаша. «Өзіміз іске асыра алмағасын анау-мынау дей берудің де қажеті жоқ-ау. Маған қытайлардың тақыр жерге су шығарып, еккен мақтасынан мол өнім алып жатқаны ұнады. Ең бастысы, ауылдықтардың жұмыспен қамтылғаны дұрыс болды. Өзімнің бір жиенім сонда барып жұмыс істеген. Ауылдың бір жігітімен екеуі үш күн болып, беретін тамағына үйрене алмай қайтып келген. Қытайлардың бригадасына түскен екен, олардың ішетін тамақтары ащы болып, асқазандарына жақпай, іштері ауырып, мазасы қашыпты. Екеуі де үш күнде 36 мың теңгеден табыс тауып келді. Қытайлықтар күндігіне 12 мың теңгеден төлепті. Сол жерде айлап жұмыс істеп, табыс тапқандар бар. Бұл жақсы ғой.

Негізі біздің аудан кеңестік кезеңде де мақта еккен. Тіпті бір кездері мықты мақташыларымен де аты шығыпты. Бірақ кейін шығынын ақтамағасын біраз жыл мақта егілмей қалған. Енді мына жаңалыққа қарап қуанып отырғаным – жаңа технология бойынша мақта егу жалғасын тапса аудан экономикасының дамуына оңды әсері болады ғой деп ойлаймын.

Негізі сол мақта егілген аумақ бұрын жайылымдық жер болған. Кей аумағы тап-тақыр болып, шаңы шығып жататын. Осыдан біраз бұрын жолдастарымызбен дарияға балық аулауға барғанда сол жерге егілген мақтаның жайқалып өсіп тұрғанын көріп, сүйсінген едім. Терілген мақта Түркістанда салынып жатқан фабрикаларда өңделеді екен, өнім де өзімізден шығатын болады деп жатыр жұрт. Шикізат та, өнім де өзімізден шығып жатса, бұған қуану керек шығар», — дейді Х.Тұрлыбеков.

Иә, бүгінде Түркістан қаласында мақтаны өңдейтін, одан түрлі өнімдер шығаратын фабрикалар салынып жатқаны жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Соның ішінде жіп иіру фабрикасы таяу арада іске қосылады деседі. Қолға алынған жобалар жүзеге асса, жылына он мыңдаған тонна мақта өз жерімізде өңделеді екен. Көптеген жаңа жұмыс орындары да ашылады деген сөз. Бюджет кірісі, салық түсімі артады, жеңіл өнеркәсіп дамиды. Мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқандықтан осылай боларына деген сенім бар.

Әйтсе де «қытай, қытай» деп жүріп ауылдың жайын да ұмытып кетпейік дегіміз келеді. Өйткені, жоғарыда аталған азаматтардың сөзінен білгеніміз, бүгінде инвесторлар мақтаны жайылымдық жерлерге егуде. Ал жайылымдық жері азайған сайын жұрттың мал өсіруден қиналатыны белгілі.

Мақта – күннің жылуымен қоса суды да көп қажет ететін дақыл. Тамшылатып суғару тәсілі қолданылады дегенмен де қажетті су өзеннен алынады. Өз кезегінде бұл сол өзеннен су ішіп отырған ауылдықтарға қиындығын тигізеді. Өзен сулары онсыз да азайып бара жатыр. Жергілікті диқан мен ауыл тұрғыны еккен егісіне су жеткізе алмаса, мұның салдары да жеңіл бола қоймас. Барынан айырылған жұрт жалданып табыс тапқанына қуанбағанда қайтеді сосын? Азық-түлік қауіпсіздігі де керек қой. Мал өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, азықтық дақылдар да қажет. Осының бәрін беретін ауылдың жағдайы назардан тыс қалып кетпесе екен дейміз.

О. ТҰРАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *