Басты жаңалықтар Мәселе Шымкент

БАЛАҢЫЗ ЫСТЫҚ ТАМАҚ ІШІП ЖҮР МЕ?

 

Әңгіме мектептегі балаларға берілетін ыстық тамақ жайында. «Ас – адамның арқауы» демекші, уақтылы ішілген ыстық тамақтың адам денсаулығы үшін маңызы зор.

Бүгінде Шымкенттегі білім ұяларында бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жоғары сыныптағы балалары бюджет есебінен бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылатыны белгілі. Кейінгі кездері бұл бағытта мониторинг жүргізілген, зерттеп-зерделеніп, баға өзгертілген, баланың тамақ ішкен-ішпегенін анықтайтын биометриялық бақылау жүйесі ендірілген. Яғни бюджет тарапынан ақша нақты ішілген тамаққа ғана есептеліп бөлінетін боп бекітілген. Дегенмен өнім берушілер тарапынан бұл өзгерістерге наразылар баршылық сияқты.

Мектеп асханасын жалға алушылар «Баға өзгергелі шығынға батудамыз, «Алақан» жүйесіне қарсымыз» деп шағымданған. «Баланың мектепке келетін-келмейтінін біз алдын-ала білмейміз, сондықтан тамақ мәзірін даярлай алмаймыз. «Алақан» жүйесін алып тастасын. Бағаны көтеру немесе ас мәзірін бұрынғыша қалдыру керек» деген тұрғыда шағымдануда екен.

Ал қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек тамақтың калориасын, әр балаға қанша тамақ берілуі керегін Денсаулық сақтау министрлігі шешкенін, оған әлі де өзгеріс енгізу туралы келісіліп жатқанын айтады. Өнім жеткізушілердің мазасын осы мәселе алуда екен. Олар 1 балаға деп бекітілген 677 теңгені аздық етеді дейді. «Бюджет бекітіліп қойған. Кәсіпкер айтты деп, әкімдік қызметкері қалады екен деп ол өзгере салмайды. Ол бір күннің мәселесі емес. Ас мәзіріне, ахуалға, рәсімдердің атқарылуына байланысты іске асады. «Алақан» — дұрыс аппараттық-бағдарламалық кешен, баланың тамақты ішкен-ішпегенін тіркейтін аппарат. Бүгінде қаламыздағы 150 мектепте осындай 2 жүйе істеп тұр. Тек «Алақан» жүйесінде ғана 1 айда 200 миллион теңге үнемделді», — деді С.Құранбек бұған байланысты.

Қысқасы, бұған дейін 1 мектепте 1000 бала болса, тамақ ішуге барған-бармағанына қарамай ақша олардың бәріне есептеліп келіпті. 2021 жылдан бұл саланы ретке келтіру басталған. «Баланың сабаққа келген-келмегенін өнім берушінің өкілі сағат 9-да алуы керек. Бұл – мектеп басшылығы мен кәсіпкер арасындағы коммуникация мәселесі. Кәсіпкер өз міндеттерін орындауы керек. «Баланың келер-келмесін білмейміз, ақшаны төлей бер» деген — заңға томпақ дүние. Әр кәсіпкер әр мектептің басшылығымен байланыс орнатсын. Сағат 8.45-8.50-ге дейін ақпарат алсын. Тамақ сағат 10.00-10.30 шамасында беріледі, соған дейін дайындалуы керек», — деді әкім орынбасары. Ол «болды, бітті» деп қатып қалар ештеңе жоғын, жоғарыдан қандай да бір өзгеріс болса, соған сай өзгеріс ендірілуі мүмкін екенін де айтып өтті.

Кей мектептерде тамақ дұрыс берілмейді деп шағымданушы ата-аналар аз емес. Ондай күмәнді жайлар туындап жатса, ата-аналардан, ақпарат құралдары мен түрлі ұйым өкілдерінен құралған топ оны арнайы ережеге сәйкес, заң аясында тексере алады. Жалпы, өнім берушілер үшін шынында да біраз қиындықтар туындап жатқан сияқты. Мысалы, алдағы уақытта олардың азық түрлерін қай жерден, қандай бағаға алғанына дейін анықтайтын жүйе ендіру жағы қарастырылуда.

Ата-аналарды мазалап жүрген тағы да бір мәселе — оқушылардың үзіліс кезінде тамақтанып үлгеру жайы. Бұған байланысты бізге Әсем есімді қала тұрғыны хабарласты. «Ұлым 5-сыныпта оқиды. Сабақтары түстен кейінгі ауысымда. Үйге кешкі сағат 7-ден аса жетеді. Қарны ашқанын, үзіліс кезінде тамақтанып үлгере алмай қалғанын айтады. Асханадан асықтырып шығарып жібереді екен. Негізі мектеп асханасында балалардың тамақтанып үлгергенін қадағалап отыру жағын қарастыру керек қой. Ата-аналар оны қадағалай алмаймыз», — дейді ол.

Демек, мектептерде мұндай да мәселе бар деген сөз. Мектеп басшылары осы жағын да назарда ұстаса екен дейміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *