Мәселе

Балабақша ма, «былықбақша» ма?

Мемлекет балаларды балабақшамен толық қамту мақсатында арнайы бағдарлама әзірлеп, ол өз нәтижесін беріп жатыр деп айтуға болады. Жеке меншік балабақшалар көптеп ашылып, оларға қабылданған әр бала үшін ортақ қазынадан қаражат бөліп отыр. Бұдан бөлек ата-аналар да перзентін балабақшаға бергені үшін ақы төлейді. Балабақша қызметкерлерінің жалақысы мемлекет есебінен. «Бар жақсылық балаларға» демекші, бақшаға баратын бүлдіршіндер үшін бар жағдай жасалған. Алайда…

Осы бөлінген қаражаттың барлығы балалар қажеті үшін жаратылып жатыр ма? Оны білу ата-аналар былай тұрсын, аудан-қалалардағы білім бөлімі қызметкерлеріне де қолжетімсіз. Көптеген балабақшалардың сыртқы есігі іштен бекітіліп, онда ешкім кіре алмайтындай етіп қойған. Әрине, сақтық шаралары керек, алайда, сырт көзден оқшаулану салдарынан балабақша ішінде тәрбиешілер немен айналысып, бүлдіршіндер қандай тамақ ішіп жатқанын білу мүмкін болмайды. Тіпті, балаларды ұрып-соғу фактісі де тіркелуде. Мысалы, Келес ауданындағы «Ақмаржан» балабақшасы қызметкерінің балақайды ұрып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Көзден таса жерде мұндай оқиғалардың қаншасы болып жатқаны бір Жаратқаннан өзгеге беймәлім. Бармақ басты, көз қыстымен неше түрлі оқыс оқиғалар жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқан болуы да мүмкін. Ал белгілі болған келеңсіздіктерге байланысты балабақша басшысының әлгі «таяқтағыш» тәрбиешіні жұмыстан шығарумен шектеледі. Сонда тапталған бала құқығы мен өз ұжымындағы жағдайға бақылау жасай алмаған мекеме басшысының жауапкершілігі қайда қалады? 

Балабақшалардағы бассыздықтар мұнымен шектелмейді. «Садикке» жиі келмей қалатын, тіпті, мүлдем қатысы жоқ, басқа аудан, қалада тұратын бүлдіршіндер де келгендер тізіміне енгізіліп, солардың атынан қазынадан қаржы ұрлап, қылмысқа баратындар кездеседі. Сөзіміз құрғақ болмас үшін айтайық, біраз уақыт бұрын Арыс қаласындағы бір балабақшаға шымкенттік сәбидің «барып жүргенін» анықтап, бұл жайында қалалық білім бөлімінің басшысын құлағдар еттік. Оған қатысты қандай шара көрілгенінен бейхабармыз. Ал, Шымкенттегі №126 «Шұғыла» балабақшасының бір қызметкері балаларға сапасыз тамақ берілетінін айтамын деп жұмыстан қуылды. Міне, іштегі құпияны сыртқа айтқан әрбір қызметкерді осындай тағдыр күтіп тұрған болуы мүмкін. Сол себепті де балабақша мәселесі жабық тақырыпқа айналды. Ал бүлдіршіндерге қатысты келеңсіздіктер жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысы тапсырғандай, балабақшаларда тәрбиешілердің біліктілігі талапқа қаншалықты сай екенін анықтау керек. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында балабақшалар жайында:«Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», – деп атап өткен болатын.

Жалпы, ашықтық жоқ жерде ақиқат жоғалады, құпия ұлғайған сайын күдік те күшейеді. Сол үшін қай жерде, қай салада, қай мекемеде болсын ашықтық салтанат құруы қажет. Ал ашықтық болмаған жерде қитұрқылықтың белең алатыны осы кезге дейін дәлелденген дүние. «Балабақшаларда санақта бар, санатта жоқ балалар үшін ортақ қазынадан қаржы жымқыру кең етек жайып барады» деген сөз де осы ашықтықтың жоқтығынан желдей есуде. Еліміздегі 2-6 жас аралығындағы балалардың жартысынан астамының балабақшаға бармайтынын Мемлекет басшысының өзі айтты емес пе? Демек, санатта жоқ бүлдіршіндерді тізімге енгізіп қоюға осы жайт та мүмкіндік беретінін түсіну қиын емес. Егер «ауадағы балалар» анықталған жағдайда бөлім басшыларына тағылар кінә ауыр. Алайда, білім бөліміндегілер балабақшаны өздігінен келіп тексеріп, нақты бала санын анықтай алмайды. Өйткені, кіші кәсіпкерлік нысандарын тексеруге енгізілген мараторий әлі күшін жоймай тұр. Сонда білім бөлімінің басшылығы мұны реттеу үшін не істеу керек?

Дегенмен, тығырықтан шығар жол да бар екен. Түркістан облыстық білім басқармасы осы олқылықты жою үшін арнайы комиссия құрып, балабақшаларға тексеру ұйымдастырған болатын. Нәтижесінде көптеген кемшіліктер анықталыпты. Қоржынға түскен кейбір мәліметтерге сүйенсек, мұндай олқылық мақталы аудандарда жиі кездескенге ұқсайды. Мәселен, Жетісай ауданында әжетханасы, асханасы талапқа сай келмейтін балабақшалар бар екен. Білім саласындағы жекеменшік ұйымдарды тексеруге мораторийді алып тастамай, мұндай келеңсіздіктер тек Жетісай мен Мақтаарал ғана емес, басқа аудандарда да қайталана берері анық. Ресми мәліметке сүйенсек, Түркістан облысында 1500-ден аса мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді екен. Жоғарыдағыдай тексерулердің қорытындысы бойынша санаулы қызметкерлерді жауапкершілікке тартып, бір-екі балабақшаның жұмысын тоқтату айтарлықтай нәтиже бере қоймас. Сол себепті, меншік түріне қарамастан білім саласындағы нысандарға қатысты мараторийді алып тастаған жөн. Бір кәсіпкердің мүддесі ол жерде тәрбиеленіп жатқан жүздеген бүлдіршіндердің тағдырынан артық болмауы тиіс.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *