Мәселе

Бесік атадан қалған мұра

Немесе Бесік тойды өткізу туралы 5 ой

Бесік – жақсылықтың тілеушісі. Сәбиге арналған шілдехана, бесік той, сүндет той, тілашар, тоқымқағар бәрі дүниеге келген баланың құрметіне арналған қуанышты тойлар.

 «Мал – баланың шашуы» деген халқымыз нәресте туылғанда Алла Тағаланың ұрпақ берген нығметіне шүкіршілік етіп, мал сойып ақиқа берген. Осы амалға қарап қазақтың шілдехана, бесік тойын шариғаттан шет кетпеген ұлттық салт десек те болар.

 Қазіргі уақытта бесік әкелу, бесікке салу, бесік тойдың өзі бәсекеге айналды. Көзіміз куә болған көңіліміз толмайтын кейбір көріністерді тізбелемей-ақ түзігін айтсақ.

1–ой: Буыны қатпаған сәбиді бесікке салғанда көпшіліктің көзінен таса етіп, әр отбасы өз шаңырағында өткізсе.

2–ой: Бесік тойды алыс-берістің бизнесіне айналдырмай, өз отбасыңызбен, әрі кетсе өз ағайын әулетіңізбен тойласаңыз. Соңғы кездері бесік тойға еркектер де келетін болған. Әуелгіде әжелеріміз бетін шымшып күлетін еді ер кісілердің бұл келісіне, соңыра үйреніп кеткендей. Бесік той әйелдер қауымы у-шусыз өткізетін жиын болған. Еркек қатыны ерсілі-қарсылы жүрмек тұрмақ бесік тойда әжелеріміз «қатты дауыс көтеріп сөйлемеңдер бала жылауық болады» деп ұрсатын. Ер кісілердің қатын-қалашпен жағаласып бесік тойға баратын үрдісін үдетпеу керек  секілді.

3–ой: Мына дүниеге келген періште сәбидің алғашқы тойында ішімдікті араластырмаса. Қазақтың қасиетті бесігін қорламаса. Тойда стақан көтеріп тілек айтатын көбінесе жастар емес, байқасаңыз үлкендер жағы. Осы әдеттен тыйылса үлгі тұтар үлкендер!

4–ой: Бесікті нағашы жұрттың әкелуі заманның заңдылығына айналғандай. Жақында көрші Өзбекстан елінің Тамды ауданынан келген қонағымыз осы дәстүрді өзбектікі деп таңқалдырды. Өзбектер күйеуге тиген қыздары өмірге сәби әкелсе, бесігін, жасауын апарады екен. Бұл салт қазақта болмаған дейді қандасымыз. Сәбиді атасы, әкесі жатқан бесікке бөлеп, тербеткенін айтып отыр. Көне көз ата әжелерден естігенімізде осы әңгіме. Қазақ баланың бесігін өздері ағашын таңдап арнайы шеберге жасатқан. Ол бесік атадан балаға мұра болған. Болмаса баланы ырымдап өз руынан шыққан батыр, би, данагөйлердің бесігін алдырып бөлеген. Ал нағашы жұрты тойға балаға атаған тайын жетектеп, сый сияпатымен  келген. Жарайды, перзенті үшін ата-ана бәріне даяр. Біздің айтайын дегеніміз, қазіргі бесік тойларда баланың киім кешегін, ойыншықтарын жасауын жарысып әкелетіні. Бір бесік тойда сәбиге бес шуба әкеліпті. Бұл бәсеке емей немене? Осы мәселенің байыбына барып, ысырапқа жол бергенді ислам діні  де дұрыс көрмейтінін есте сақтасақ!

5–ой: Қала тұрғындарының яғни этаж үйде тұратын отбасылардың жағдайын ескеріп, бесік той, шілдехана тойларды ішімдіксіз өткізетін арнайы орындар болса. Болмаған жағдайда  Шымкент қаласындағы республикамызда баламасы жоқ  Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығында шағын топпен, өз әулетіңізбен арақ шарапсыз той өткізуіңізге болады.

Орталықта ұлтымыздың салт дәстүріне сай, арнайы мамандардың атсалысуымен шілдехана, бесік той, тұсаукесер рәсімдерін өткізуге толық мүмкіндік бар. Сіздерге әрдайым есігіміз ашық тойшыл қауым!

Ақмарал Леубаева,

Ақын, композитор.

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *