Түркістан облыстық білім басқармасынан береке кеткен сыңайлы. Облыстағы жұмысшысы да, бюджеті де ең көп басқармада заңгер жоқ па, әлде басшылар маңызды шешім қабылдарда заңгермен ақылдаспай ма, түсініксіз.
Осы жылдың маусым айында бірқатар мектептердің директорлық бос орындарына конкурс жарияланды. Сол тізімде Сайрам ауданынан №27 Аққала, №55, Базарбаев атындағы №61, Рашидов атындағы №64 мектептеріне директорларлыққа үміткерлердің тізімі жарияланған. Бірақ 19 маусымда өткен комиссия отырысындағы тізімде Фурхат атындағы мектебі кенеттен пайда бола кетеді. Әлеуметтік желіде жарияланған тізімде аты жоқ Фурхат атындағы мектебіне директорлыққа үміткер конкурс жайын қайдан біліп, комиссия отырысына қалай келді? Біз бұл бойынша зерделеу жасап көрдік.
Біздегі мәлімет бойынша 3 маусымда өткен конкурстың тізімінде «Бабур» мектебі болған. Бірақ директорлыққа үміткер комиссия мүшелерінің тиісті қолдауына ие бола алмаған. Бұдан кейін конкурс қайта жариялануы тиіс еді, басқармадағылар олай істегілері келмесе керек. 18 маусым күні, конкурстық комиссия отырысы өтуден бір күн бұрын басқармадағылар екінші үміткерге хабар береді. Ол кісі түлектерге аттестат беретіндіктен комиссия отырысына бара алмайтынын айтып, бас тартқан. Осылай екінші үміткерге айқын да дара жол ашылады.
Осы мәселе бойынша басқарма басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбековаға хабарласқанымызда ол кісі еңбек демалысында екен, Жандос Нұрпейісовпен байланысуымызды нұсқады. Көкейдегі сауалды Жандос мырзаға қойдық. Ол 3 маусымдағы конкурстық комиссия отырысына ұсынылған тізімді жіберді. Бірақ біздің мәселенің анық-қанығын ажыратуға бағытталған негізгі сұрақтарымыз жауапсыз қалды. Басқараманың баспасөз хатшысы жауапты ресми түрде жолдайтынын жазса, кадр басшысы Әлжан Сапарбековтен жауап алу мүмкін болмады.
Маусым айының соңында басқармаға арнайылап та бардық. Кадрдағылар «Әлжан біледі» дегеннен әріге бармаса, Ә.Сапарбеков пен Ж.Нұрпейісов жиыннан қолдары босамады. Осылай, сұрағымыз жауапсыз қалды. Ал, Сайрамдағы конкурсы қалай жарияланғаны түсініксіз Фурхат атындағы мектебіне директор тағайындалды. Бұл басшылық тарапынан директорлыққа «өз адамдарын» отырғызу үшін әдейі ұйымдастырылған қитұрқылық па, әлде техникалық қателіктің салдарынан орын алған олқылық па? Мұның жауабы табылып жатса, конкурстық хаттаманың заңдық күші жойылуы да мүмкін. Әліптің артын бағалық.
Ұлықбек ҮМБЕТ.
