Басты жаңалықтар Экономика

Түркістанда тоқыма дамымақ

Оңтүстікте «ақ алтын» терімі басталып, шаруалардың жаз бойғы еңбектің жемісін көретін кезі келді. Мырзашөл өңіріне барсаң, ертеден кешке дейін қайнаған еңбек. Барлығының ойында – ауа райы бұзылмай тұрып ақ ұлпаны жинап алу. Бұл мәселеде шаруалардан бөлек, аудан басшылары да тынымсыз еңбек үстінде жүр.

Осынау қайнаған тіршілік жайында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров былай дейді: «Биыл Мақтаарал ауданы бойынша 35,5 мың гектардан астам жерге мақта шиті себілген болатын. Бүгінгі күнге дейін 24900 гектардан 71 пайыз өнім жиналды. Орташа түсім – 27,2 центнер. Ендігі екінші теріммен 28 центнерден асады деп күтілуде. Өнім бересі былтырғымен салыстырғанда жақсы».

Жалпы, мақтаның бітік шығуы үшін жаз бойы қажетті агротехникалық жұмыстар жүргізілген. Әсіресе вегетациялық кезеңде суғару сияқты маңызды мәселе проблемасыз өтті десек болады. Диқандар бұған байланысты өздері келісім-шартқа отырған «Қазсушар» мекемесіне ризалықтарын білдіріп отыр.

Сондай-ақ, мақта көсектерінің тез ашылуы үшін дефолиация жұмыстары да нәтижелі жүргізілді. Қысқасы, шиттің өніп шығып, дақылдың көктеуіне, көсектердің ашылуына қажетті жұмыстың бәрі жасалды. Енді техниканы тиімді пайдалана отырып өнімді ысырапсыз жинап алу керек. Өнімді күн суытпай, ауа райы құбылып кетпей тұрып жоспарға сай мерзімде жинап алу қажет.

Бүгінде тонналап жиналған өнім қабылдау орындарына жеткізіліп жатыр. Жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мұндай жұмыстар Мақтааралмен іргелес Жетісай, Шардара аудандарында, Ордабасы және Отырар аудандарында да атқарылуда. Бұл аталған өңірлер мақта өндірсе, облысымызда одан дайын өнім шығару өндірісі жолға қойылуда. Мысалы, Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында тоқыма өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Онда мақта-мата жіптері мен джинсы матасын өндіретін заманауи фабрика салынып жатыр. Кәсіпорынға қажетті инженерлік инфрақұрылым жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұйырса, оның бірінші кезеңі жыл соңына дейін іске қосылмақ. Өз кезегінде ол жүздеген жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.

Қысқасы, Оңтүстіктің мақтасы тек шикізат болып қана қалмайды, ол жергілікті өңдеу өнеркәсібіне де өзіндік ықпалын тигізеді. Өңірімізде шикізатты терең өңдеу, өнім алу жүзеге асырылады. Түркістанда тоқыма өнеркәсібінің дамуына жол ашады.

Облысымызда мақта өңдеу зауыттары іске қосылып, толыққанды мақта-тоқыма кластерін құру жоспары іске асқан жағдайда жіп, мата шығару, төсек-орындар тігу, мақта талшығын өндіру, боялған мата шығару, тағы басқа маңызды бағыттар жолға қойылатын болады. Ол импортқа тәуелделекті азайтуға қызмет етеді, оған қоса облыстың экспорттық әлеуетінің артуына да өзіндік үлесін қосатын болады.

Әрине, осынау ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру үшін кәсіпорындар мен кәсіпкерлер арасында байланысты нығайту, кадрлар даярлау сияқты бағыттарды да қатар алып жүру керек. Мемлекеттің қолдауы да маңызды. Осы орайда үкімет тиісті көмегін көрсетіп те жатыр.

Х. АСАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *