Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Жұмыртқа жеңіз, жүдемейсіз

Күздің күні біртіндеп салқындап, түн ұзарып келеді. Адам ағзасы осы өзгерістерге бейімделуде. Түрлі жұқпалар бас көтеретін күзгі маусымда оған қуат көбірек керек.

Ағзаны нығайтатын азықтың бірегейі – жұмыртқа. Пісуі тез, берері мол бұл азықты мамандар былай деп сипаттайды: «Жұмыртқа ағзаны қажетті дәрумен, қышқылдармен, кальций, фосфор, селенмен, биотинмен, басқа да минералдармен байытады. Оның құрамында жүйке жүйесіне, көзге оңды әсер ететін холин, каротиноидтер бар. Жұмыртқаның ақуызы құрамында, сондай-ақ, амин қышқылдары, А, В, Д, Е дәрумендері, йод, темір, калий сияқты ағза үшін аса қажетті микроэлементтер мен минералдар жеткілікті. Майы аз, калориясы жоғары. Адам ағзасының қорғаныс қабілетін арттыруда маңызды тағам, түрлі жұқпалардан қорғануда көмегі көп. Ондағы фосфор адамның ақыл-ойын сергітеді, миға пайдалы. Ақ уызы ағзадағы гемоглобин мен эритроциттерді түзуге көмектеседі.

Дегенмен, пайдалы екен деп жұмыртқаны жөнсіз жей беруге де болмайды. Аллергиясы немесе қандай да бір созылмалы ауруы бар адамға ол жайсыз әсер етуі мүмкін. Өйткені оның сары уызында холестерин бар. Қалыпты шамадан артық тұтынған жағдайда ол қан тамыры жолдарында тұтылып, жүрек-қан тамырлары ауруларына, тамырда қақ тұруына себеп болуы мүмкін».

Жұмыртқаны толық пісіріп жеген дұрыс болады екен. Өйткені шала піскен немесе шикі жұмыртқада сальмонеллез таяқшалары болса, ағзаға аса жайсыздық әкеледі. Денсаулығы қалыпты адам күніне бір-екі жұмыртқа жесе болады. Балаларға біреуі жетеді. Кішкентай балаларға аздап сары уызын жегізген пайдалы. Ауыр жұмыс істейтіндер, спортшылар үш-төртеу жей алады. Есте ұстар нәрсе, ақуызын жеу керек. Өйткені сары уызында холестерин мен май көп. Ағзасында холестерин көп, жүрек-қан тамырлары ауруынан зардап шегетін адамдар жұмыртқаны абайлап жегені жөн.

Жұмыртқаны қуырып жеуге де болады, ірақ майды көп қоспаған дұрыс. Қуырылған жұмыртқа тойымды болады, біраз уақыт тоқ жүресің. Жұрт оның тез пісетініне қызығады. Дегенмен қатты жанған отта қуырса, онда қышқылдану процестері жүруі мүмкін. Ол асқазанға зиян. Тұшытылмаған майға қуырса калориясы артып кетеді. Қатты қуырғанда онда канцерогендер пайда болу ықтималдығы жоғары болады.

«Күшті көбейтеді», «дауысымды жуандатады» деп жұмыртқаны шикідей жұтатындар да бар. Мұның пайдасымен қатар қаупі де жоғары. Өйткені, шикі жұмыртқада сальмонеллалар болған жағдайда адамға аса ауыр әсер етеді.

Сақтау тәртібі, таңдау тәсілдері

Жұмыртқаны сатып аларда оның сапасына мән беру керек. Ол таңбаланған болуы тиіс. Мысалы «Д» (диеталық), «С» (асханалық) деген сияқты. Сақталу мерзіміне де сақтықпен қараған жөн. Жұмыртқаның ескіруі оның санатына, сақтау жағдайына байланысты. Мысалы «Д» санатындағы жұмыртқаны 20 градусқа дейінгі температурада 7 тәуліктен артық сақтауға болмайды. Асхана жұмыртқасын да сондай температурда 8 күннeн 25 күнге дейін сақтауға болады. Жуып сақтаған дұрыс емес, онда сақтау мерзімі екі есеге қысқарады. 2 градус суықта үш айға дейін сақтауға болады. Әрине, ауа ылғалдылығы да соған сай 80-85 пайыз болуы тиіс. Тоңазытқышта осындай ылғалдылықта 2-4  градус жылыда көбірек сақтауға болады. Жарылған жұмыртқаны көп сақтамаған жөн, бактериялар ішке тез енеді. Жұмыртқаны сүйір ұшымен төмен қаратып, жабық қорапта немесе контейнерде сақтаған дұрыс. Тоңазытқыш есігінде сақтаса, жиі аша берген соң температура құбылады, бұл жұмыртқа үшін жайсыз. Оны иісі қатты шығатын азықтың жанына қоюға да болмайды, ол әсіресе хош иісті тез сіңіріп алады.

Тұрып қалған жұмыртқа, егер ыдыстағы суға салса, бетіне қалқып шығады. Егер сүйір ұшымен емес, доғал жағымен көтерілсе, оны әлі де пайдалануға болады. Ал жаңа жұмыртқа өз салмағымен суға батады. Суы бар ыдысқа салғанда балғын жұмыртқа көлденеңдеп батады. Егер жұмыртқаны тегіс жерде шиырсаңыз, балғын жұмыртқа тез тоқтайды, ал тұрып қалғаны біраз айналады. Жарыққа қойып қарағанда балғын жұмыртқаның сары уызы ортасында тұрады, ескісінің уызы басқа жаққа ойысады, бұлыңғырланады немесе жұмыртқа ішінде дақ пайда болады. Егер жұмыртқадан күкірттің иісі сияқты немесе одан да жағымсыз иіс шықса, онда оның тым ескі болғаны, бүлінгені.

Қысқасы, жұмыртқа жесеңіз, жүдемейсіз, бірақ оны жөнімен тұтынған жөн болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *