Әлеумет Басты жаңалықтар

Баланы қатыгездікке тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба?

Таяуда Сайрам ауданында бір жеткіншек қыздың құқық қорғау орындарына өз анасының үстінен шағымданғаны жөнінде естідік. Ата-анасы ажырасып, бала анасы жағында қалған болса керек. Қыз анасын «жағдайымызға қарамайды» деп кінәлаған көрінеді. Осы шағым негізінде жұмыс істегендер қызды арнайы интернатқа орналастыруды ұйғарған. Осылайша, әлгі жеткіншек қыз өзінің жағдайды қалай артық қыламын деп тыртық қылып алғанын аңғармай да қалған. Әрине, мәселенің мән-жайы заң аясында толық тексеріліп, зерделенген, шешімдер соған сай шығарылған болар. Дегенмен осы оқиға бізді біраз ойларға жетеледі.

Бүгінгі күндері Ақтөбе қаласында өз шешесін пышақтап өлтірген 17 жастағы бозбаланың соты жүріп жатыр. Қайғылы оқиға өткен жыл соңында, желтоқсан айында болған. Мектепте түрлі зияткерлік байқауларға қатысып жүрген, химия-биология бағытында тереңдетіп оқытатын ақылы мектепке ауыстырылған 11 сынып оқушысы мен анасының арасында түсініспеушілік болған екен. Бала химия-биология бағытында оқымаймын деген, анасы оқисың дегенге ұқсайды. Ақырында екеуі жанжалдасып, бала өз анасын пышақтап тастаған. Араға түскен әжесіне де пышақ жұмсап, жарақаттапты. Абырой болғанда, кейуана тірі қалған. Содан бергі уақытта бала арнайы медициналық мекемеде ұсталған, оған «созылмалы шизофрения» деген диагноз қойылған. Өткен айдың соңына қарай соты басталды. Әкесі, туыстары бұған дейін оқыс мінезі байқалмаған баланы жазаға қимайды, бірақ қылмыстың аты – қылмыс, оған тиісті үкім шығарылуы мүмкін.

Бүгінде бала тәрбиесі қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Қоғамда бұған байланысты алаңдаушылық бар. Газетіміздің биылғы мамыр айында шыққан 18-ші нөміріндегі «Балаға немқұрайды қарамаңыз» деген тақырыппен шыққан мақалада да біз осы бала тәрбиесі мәселесіне қатысты біраз ой қозғаған едік. Оған Шымкенттегі өсіп кеткен шашын қысқартуды ескерткен әкесіне ренжіп, үйінен қашып кеткен баланың оқиғасы себеп болған. Бала әкесіне: «Шаш – өзімдікі, не істесем де өзім білем, жұмысың болмасын!» — деп, бетпақтанып, «беттен алып, төске шапқан» көрінеді. Бұған ашуланған әке баласына ұрысқан немесе кішкене нұқып қалған болар, бұған баланың «өті жарылып кете жаздағанға» ұқсайды. Бір таңқаларлығы – әке мен баланың арасындағы бұл оқиғаның орын алғанына бір жылдан астам уақыт өтіп кетсе де, қырсыққан бала біраздан бері үйіне де бармай жүрген. Оны мектеп басшылары әбден уайымдап, пұшайман болған, апталап үгіттеп жүріп, ақыры үйіне қайтуға көндіріпті. Оқиға соңы насырға шаппай, әйтеуір бейбіт, тыныш бітіпті. Ал жоғарыда айтылған екі оқиғаның бірінде бала өз анасын құқықтық жауапқа тартқызып, екіншісінде бар жағдайын жасап жүрген өз анасының сөзіне төзбей, оның өмірін қиып отыр.

Осының бәрі адамды ойсыз отырғызбайды. Негізі біздің қоғамда бала тәрбиесінде бір қателік бар секілді, ол тіпті қауіпті бағыт ала бастағандай болып көрінеді. Бұл орайда біз таяу арада болған үш оқиғаны ғана мысалға келтіріп отырмыз. Тізе берсек, еліміз бойынша ата-ана мен бала арасында осыған ұқсас, тіпті, бұрын-соңды болмаған оқыс оқиғалар орын алып жатыр. Ал, қаншасының «жабулы қазан» күйінде қалып жатқаны нақты белгісіз. Бүгінгі кей балалар өз туған ата-анасының сөзін көтере алмайтын, оларды тыңдамақ түгілі сыйламайтын болып бара жатқаны көңілге уайым ұялатады. «Отан – отбасыдан басталатынын» ескерсек, осылай жалғаса берсе мемлекетіміздің болашағы қандай болмақ? «Жаман әдет жұққыш келеді» демекші, осындай келеңсіз жайлар жұқпалы болып, көбейе берсе, болашағымыз деп үміт артып отырған қазіргі жастардың адамдық болмысы қалай қалыптасады? Өз ата-анасына мейірімі болмаса, олар қоғамға не береді, мейірімді кімнен алады? Олардан кейінгі ұрпақ қалай қалыптасады? Бара-бара ұрпақ — мейірімсіз, қоғам — қатыгез болып кетпей ме? Неге бұлай болып жатыр? Бұл келеңсіз құбылысты қалай тоқтатуға болады? Ойлы адамды осындай сан сұрақтар сансыратуы мүмкін.

Негізі осының түп-тамыры баланың «не істесем де өзім білемін, өзімнің құқым, құқыма ешкім қол сұқпасын, өміріме ешкім араласпасын» деген өзімшілдігінен туындап жатқан жоқ па деген ой келеді. Өйткені, елімізде кейбір мәселелерде балаға орнысыз артықшылық беретін батыстық заңдардан көшіріп алынған құқықтық нормалар күшінде, балалар соны арқа тұтатын сияқты. Ал алдыңғы толқын өкілдері «менің құқым» дегенді ойына да алған жоқ қой, олар үшін өмір көрген ата-ана қалай айтса да талқыланбайтын шешім боп қабылданды. Қарт ата-анасын құрметтеу, бағып-қағу, әрбір адам үшін міндетті әрі абыройлы борыш саналды. Одан ешкім де жаман болған жоқ, бала әдепті, ибалы, арлы, шыдамды, ақылды, жауапкершілігі жоғары болып өсті. Үлкендерден мақтау естіді, бата алды, есейгенде өмірге жан-жақты бейімделген жақсы азамат боп қалыптасты. Ал қазіргілердің көбі «шыбық тимес шыңқ етер» болып бара жатқан сияқты. Оларды жұмсауға, еңбекке баулуға, ақыл айтуға болмайды. Ондайлар ертең қолынан қуаты кеткенде әке-шешесіне қалай қарайласады?

Ойды ой қозғайды. Өткен жылы Шардара ауданында болған жантүршігерлік қылмыс та еске түсіп отыр. Қоссейіт ауылында тұратын 41 жастағы азамат өз әкесін ұрып өлтірген болатын. Ауыр науқас әкесін оның қалай жәбірлейтінін көршілері көріп, телефонға түсіріп, жалпақ жұртқа жария етпегенде бұл қылмыс құпия қалуы әбден мүмкін еді. Әшкере болып, кінәлі тиісті жазасын алды. Осы оқиғада да тәрбие осалдығы көрінбей ме?

Әрине, елімізде бала құқын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі, оны жоққа шығармаймыз, қарсы емеспіз. Дегенмен ол баласына қарауды тоқтатқан, оған жағдай жасамайтын, перзентін қорлыққа салатын, зорлық-зомбылық көрсететіндерге қарсы қолданылса дұрыс. Ал «мемлекет құқымды қорғайды» деп өз туған ата-анасына қарсы шығатын, оның айтқан ақылын, ескертуін тыңдамайтын, тіпті оған ауыр сөз айтып, қол көтеруге дейін баратын, қит етсе полицияға шағым айтып, өз ата-анасын абақтыға қаматуды ар санамайтын балалар өсіп-жетілсе қайтпекпіз? Бүгінгі заң осы бағытта жұмыс істеп жатқан жоқ па?

Заңгер емеспіз, бірақ, заңға баланың ата-ана алдындағы борышын орындауға міндеттейтін, ата-ананың бала алдындағы дәрежесін көтеретін баптар ендірсе артық болмас еді деп ойлаймыз. «Баланың алдында ата-ананың дәрежесі әрқашан да биік» деп шегелеп қою керек-ау. Бұл сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиемен де сабақтас болар еді. Біз үшін ең дұрыс бағыт – ұлттық салт-дәстүрмен сабақтасқан тәрбиені қайта тірілтіп, дамыту. Бұл әр отбасының өзі қолға алуы тиіс бастама деп есептейміз. Әке де, шеше де бала тәрбиесіне мұқият болуы, оны бетімен жібермегені жөн. Ұстаздар тәрбиесі де аса маңызды. Ұстаз шәкіртіне әр сөзімен, іс-әрекетімен, жүріс-тұрысымен де үлгі болуы тиіс. Ал, сапалы білім беру – оның тікелей міндеті. Оқушының өзі де «тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын», үлгілі тәртібімен ортаның, ұжымның, қоғамның ісіне үлес қоса алатынын, мұның абыройлы іс екенін, өзіне болашақта пайдасы молынан тиетінін сезініп өсуі керек. Тәрбиедегі үштаған деген, міне, осы.

Тәрбиеге әсіресе ата-ана мұқият болуы, балаға қажеттіні дұрыс түсіндіре білуі керек. Бүгінде көп ата-ана баланың сабаққа үлгерімі түгілі, оның қалай тынығып, қалай тамақтанып жүргеніне де мән бермейді. Телефон болса да қосымша жүк, баланың миын көптеген қажетсіз ақпараттармен толтырып жатыр. Баланың өтпелі кезеңі деген болады, оны да түсініп, соған сай әрекет жасаған абзал. Жөнсіз тыйым сала берген де дұрыс болмайды. Арада түсіністік, сенім, сыйластық болуы тиіс. Сонда ата-ана баланың жан-дүниесінде не болып жатқанын, оның мінез-құлқы қайда ойысып бара жатқанын дер кезінде аңғара алады.

«Өзгеге мейірім көрсетпеген өзгеден де мейірім көрмейді» деген өмірлік тәмсіл бар. Баланы шектен тыс қатаң тәрбиелесеңіз, қатыгез перзент өсіп шығады. Мейірім көріп өскен ұл өзгелерге де мейрімді болады. Осы тұста бір мысал ойға оралады. Сталиннің әкесі Бесо (Виссарион) Джугашвили баласына өте қатал, қатыгез және зорлық-зомбылыққа толы тәрбие берді. Оның бұл «тәрбиесі» болашақ диктатордың мінез-құлқы мен психологиясының қалыптасуына үлкен әсер етті. Бесо маскүнемдікке салынған адам болған. Ол кішкентай Сосоны (Сталинді) және оның анасы Екатеринаны (Кеке) себепсізден-себепсіз, аяусыз сабап тұратын. Сталин бала күнінде әкесінен көрген соққылардан дене жарақатын алып, психологиялық соққы шеккен. Ол бала кезінде әкесінен ешқандай жылылық, мейірім немесе қамқорлық көрген жоқ. Әкесінің қаталдығы оның бойында адамдарға деген сенімсіздікті және кекшілдікті оятты.

Ал, Адольф Гитлер отбасында қандай тәрбие көрді? Әкесі Алоис Гитлер оны өте қатал, қатыгез және диктаторлық стильде тәрбиелеген. Алоис мінезі ауыр, ашушаң және отбасында өз дегенін ғана істететін адам болған. Бұл қатыгез тәрбие болашақ диктатордың мінез-құлқы мен психологиясының қалыптасуына үлкен әсер етті. Алоис балаларын, әсіресе Адольфты кішкентай қателіктері немесе тіл алмағаны үшін жиі, аяусыз сабап отырған. Адольфтың суретші болғысы келетін арманын үнемі мазақ етіп, оны төмендетіп отырған. Бұл олардың арасындағы текетіресті күшейтті. Адольф Гитлер әкесін жек көргенімен, оның үстемдік ету және күш көрсету әдістерін саналы немесе санасыз түрде сіңірді. Көптеген психологтар мен тарихшылар Гитлердің бойындағы қатыгездік пен билікке деген шексіз құштарлықтың тамыры осы балалық шақтағы жарақаттарда жатыр деп есептейді. Салдары не болды? Қатыгездікпен тәрбиеленген екі адамның кесірінен жер бетінде миллиондаған жазықсыз жан сұм соғыстың құрбанына айналды. Осының барлығы бала тәрбиесінде кеткен кемшіліктің салдары.

Ұрпақ тәрбиесі өте нәзік тақырып. Қателік көбінше ата-аналар тарапынан жіберіліп жатады. Шыны керек, қазіргі ата-аналардың көбінің бала тәрбиесін мектепке сілтеп қойып, өздері өз ісімен жүретіні өтірік емес. Бір үйге барғанда байқап қараңызшы, әрқайсысында бір-бір телефон, әркім өзімен өзі, ата-ананың көбі баламен әңгімелесіп бас қатырмайды. Осыған қарап отырып мейірімсіздік, көргенсіздіктің бәрі осы жаңа технологиялармен келіп жатыр ма деп те ойланасың.

Қалай болғанда да қазіргі бала тәрбиесінде ақсап жатқан мәселе көп. Өздерін қорғайтын заң барын, өз құқын білгенімен балалар өзінің отбасы, ата-ана алдындағы міндетін білмей бара жатқандай. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұлай кете берсе бір кездері ата-анасын тыңдамақ түгілі, қандай да бір себеппен кінәлі болып қалса, сабау, тіпті өлтіре салу да үйреншікті құбылысқа айналып кетпесіне кім кепіл? Баланы қатыгездікке өзіміз тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба, осы? Абайлайықшы, ағайын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *