Мән-жәй
Өнердің қарашаңырағының шын жасы нешеде?
Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театры биыл, қыркүйектің 18-і күні 96-маусымының шымылдығын түргелі отыр. Маусымашарда көрерменге адамзаттың Айтматовы – Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» драмасын ұсынбақ. Оны талантты режиссер, театр өнеріндегі жаңа есім, жаңа леп әкелуші ретінде бағаланып жүрген Гауһар Адай сахналауда. Айтайын дегеніміз бұл емес.
Мәселе театрдың тарихы турасында. Байқадыңыз ба, театр өзінің 96-шы маусымын ашқалы отыр. Олай болса театрдың негізі қазір айтылып жүргендей 1934 жылы қаланбаған. Тамыры әріде, тереңде. Сонда Ж.Шанин театрына қанша жыл? Міне, осының мән-жайын түсіндіріп, елге анығын айтып беру үшін кешегі аптада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бастаған, театрдың тарихы туралы қаузай жазып жүрген «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Ғалымжан Елшібай, Қазақстан жазушылар одағының Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы Момбек Әбдәкімұлы, Ж.Шанин театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, көркемдік жетекшісі Сұлтан Срайлов сынды азаматтар медиа өкілдері алдында конференция өткізді.
Спикерлер көпшілікке архивтік құжаттар негізінде Жұмат Шанин театрына 95 жыл толғанын айғақтайтын деректерді ұсынды. Зерттеушілер осы кезге дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысындағы «жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөніндегі нұсқауға мән берілмей келгендігін айтады. «Ал, негізінде Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы 1929 жылдан басталатыны архивтік құжаттар арқылы толық дәлелденді» дейді спикерлер.
– Архивтен Қызылордадағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы алынды. Онда сол театрдың директоры Ж.Шанин театр режиссерлерінің тапшы екені жөнінде айта келіп, «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытов қана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп атап көрсеткен. Ал, Ж.Аймауытов 1926-1929 жылдары аралығында Шымкентте орналасқан Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумында қызмет атқарған. Демек, Ж.Аймауытовтың сол жылдары Шымкентте театр ісін дамытумен айналысқаны анық, – дейді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы.
Театр тарихын қайта зерттеу, анықтау мәселесіне осы деректер түрткі болған. Қызылорда қаласындағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) тарихына қатысты құжатты тапқан мамандар «саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы бар. Осы жиналыстың күн тәртібіне сәйкес «Қазақ ұлттық театры директорының жазғы сапардың қорытындысы жөніндегі есептік баяндамасы» тыңдалған. Баяндамашы Ж.Шанин болған» деп отыр.
Енді мұқият мән беріңіз, сол баяндамада Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин сол кезеңде кәсіби театр режиссерлерінің тапшы екенін мәселе етіп көтере келіп, «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытов қана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп айтады. Ал, Жүсіпбек Аймауытов 1926-1929 жылдар аралығында Шымкентте орналасқан Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумының әуелі оқытушысы, содан кейін директоры болып қызмет атқарғаны тарихтан белгілі. Осы орайда қазақ театр өнерінің негізін қалаушы шебер, кәсіби маман Жұмат Шанин «Ж.Аймауытовтан өзге лайықты адам жоқ» деп пікір айтса, Шымкентте жүрген Жүсіпбектің театр өнерін дамытуға үлес қоспауы мүмкін бе? Ал оның Шымкентте жүрген жылдары жоғарыда көрсетілді. Олай болса, Шымкентте 1926 жылдары қазақ театры болды, әрі ол жұмыс істеп тұрды деген сөз. Себебі, Ж.Аймауытовтың бастамасымен педтехникумда сахна өнері үйірмесі жұмыс істеген. Бұған архивтегі құжаттар дәлел бола алады. Педтехникумда В.Ленин атындағы жұмыс клубының жанынан музыкалық-драмалық мектеп ұйымдастыру жөніндегі баяндама бар. Архивтік құжатта студияда көркем оқу, пьесаларды талдау, грим, гимнастика, пластика секілді театрға тікелей қатысты пәндер оқытылғаны бедерленген.
Сырдария округтік педтехникумның 1927-1928 оқу жылындағы жұмысының есебі де архивтен табылды. Ол құжатта да техникумда 5 үйірме ұйымдастырылғаны, оның бірі драмматургиялық үйірме екені айтылады. Педтехникумның 1928-1929 оқу жылындағы жұмысы жөніндегі есепте техникумда 8 үйірме жұмыс істейтіні және оның ішіндегі ең белсендісі драмма үйірмесі екені, бұл үйірменің осы оқу жылында 9 қойылым сахналағаны көрсетілген.
Әрине, кейінгі жылдардағы саяси қуғын-сүргін дүрмегінің кесірі тарихи құжаттардың жойылуына, игілікті іске мұрындық болған жандардың аты-жөнінің өшірілуіне түрткі болғаны жасырын емес. Аталған құжаттарда Ж.Аймауытовтың аты-жөнінің көрсетілмеуінің бірден бір себебі осында жатқан сияқты. Десе де Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы біз айтып жүргендей 1934 жылдан емес, әріден басталатынына 1929 жылдың 28 қыркүйегінде бекітілген «Шымкент қалалық қазақ драма театрының сахнасын жабдықтау бойынша материалдық-шаруашылық шығындар жөніндегі алдын ала смета» деп аталатын құжат негіз болуда. Театрдың сахнасын жабдықтауға әлгі құжаттың негізінде сол кезеңде 7 589 рубль ақша бөлінген. Ал 1940 жылдың 16-27 қаңтары күндері Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрына ревизия жүргізілген екен. Ревизия қорытындысы жазылған құжатта театрдың директоры болып Л.И.Берещук 1932 жылдан бастап қызмет атқаратыны жазылыпты. Бұл да Шымкенттегі қазақ драма театрының 1934 жылы емес, одан бұрын ашылғанына қосымша дәлел бола алады.
– Сырдария округінің Халықтық білім бөлімінің 1929 жылы 10 қыркүйекте өткізген жиналысы шешімінде «Мәдениет бөлімі облыстық Халықтық білім бөлімімен бірге тез арада қарап, мақсатты спектакльдерді сатып алуды ұйымдастырсын, қалалық театр тез арада қысқы сезон ашқанға дейін, 1 ноябрьге дейін құрылысын істеп тапсырсын» деген деректі кездестірдік. Демек, театр маусымы 1929 жылы қарашада ашылған. Ал 1932 жылдың 21 маусымында Оңтүстік Қазақстан облыстық білім бөлімі жиналысының шешімі бойынша мақұлданған құжатта жұмыс істеп тұрған Шымкенттегі қазақ мемлекеттік театрын нығайту үшін көмек ретінде облыстық бюджеттен 1000 рубль беру көрсетілген, — дейді журналист Ғалымжан Елшібай.
– ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңы мен отызыншы жылдары қазақ халқының тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі екені белгілі. Сол бір қиын-қыстау уақыттарда өз жұмысын тоқтатпаған Шымкенттегі қазақ драма театры қазақ мәдениетінің дамуына, халқымыздың рухани қажеттіліктерін өтеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл театрда Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова секілді тұлғалар қызмет атқарды. Ал, соғыс басталғанда театрдағы ер азаматтарды сахналық қойылымнан соң бүкіл ұжым болып майданға шығарып салу деректері архивтерде сақталған. Әртістердің бір-біріне хат-хабар жазысқан хаттарында баяндалған, — дейді Ж.Шанин театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек.
Сонымен, биыл Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрына 95 жыл. Мерейтойлық датаны атап өту турасында комиссия құрылып, арнайы шешімдер қабылдануда. Бастысы биыл осы мерейтойлық іс-шара аясында Орталық Азия театрларының ІХ фестивалі өтпек. Шымкентте. Қараша айында.
– Мерейтойлық іс-шараларға дайындықты бастап та кеттік. Басты назарды көрерменге тұщымды дүние ұсынуға, театрдың шығармашылық әлеуетін көтеруге бөліп отырмыз. Жақында ғана театрымызға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының драма театр өнері және кино әртісі өнері бөлімінен бір топ жас таланттар жұмысқа келді. Қазақтың майталман актрисасы, театр оқытушысы, профессор, Қазақ КСРО еңбек сіңірген әртісі, әйгілі Рахилям Машурованың класынан келген 19 студенттті зор қуанышпен қарсы алдық. Оларды театрымызға бастап келген Әшім Ахметовпен бірге барлығын баспанамен қамтамасыз етіп, театрымызда қызмет атқаруына барлық мүмкіндікті жасаудамыз, — дейді Ж.Шанин театрының көркемдік жетекшісі Сұлтан Срайлов.
Ж.Шанин атындағы театрдың мерейтойлық іс-шараларымен қатар, сахнаға жаңа леп әкеліп, көрерменнің көзайымына айналар қойылымдар сахналануына Шымкент қаласының әкімдігі көп көмегін беруде екен. Әкімдіктің қолдауымен жаңа шаттық кесте бекітіліп, театрдың материалдық деңгейін нығайтуға біртіндеп қаржы бөлінуде. Алайда, театрдың материалдық-техникалық әлеуетінде көңілді алаңдататын мәселелер әлі де болса жетерлік. Әсіресе, дыбысталу, жарықтандыру мәселесі кемшін. Қолдағы бар техникалар заманауи талаптарға сай емес. Көрерменге саф өнердің әсерлі жетуіне мүмкіндік бермейтін тұсы көп. Түркістанның төрінде «Бөртені» қойғанда көрдік, сахнаны мың құбылтқан техникалық мүмкіндіктер зор әсер сыйлайды. Қойылымның жоғары деңгейде болуына әртістердің өнерінен бөлек техникалық мүмкіндіктердің берері көп. Барын салып ойнағанда әртістің сөзі көрерменге жетпей жатса, жаңғырып, басқа жаққа лағып кетсе, әрбір қимыл, әр мимиканы қалтқысыз жеткізетін жарықтың самаласы селкеу болып тұрса, сахна ортасындағы айналмалы құрылғы істемесе, гардеробтағы костюм киімдер жаңармаса, ескі-құсқыны қайта тігіп, амалдап қойылым жасап жатса режиссердің де, әртістің де жан беріп, жан алыса ойнаған еңбегі зая кеткені емес пе?! Мерейтой қарсаңында осындай мәселелерді де шешіп алған жөн сияқты. Шымкент сияқты өнерді ерекше қастерлейтін өлкедегі руханияттың қара шаңырағы Ж.Шанин театрында бәрі де керемет, бәрі де заманауи болғаны жөн. Кейбір мәселелерді де шешу керек сияқты.
– Сахнамыз күрделі модернизацияны қажет етіп тұр. Жоғарғы және төменгі механизациямыз стандарттарға мүлдем сай емес. Жарық, дыбыс беру кешендері де заманауи техникалармен жабдықталмаған, — дейді Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры Арайлым Құрбанбекқызы.
Әлемнің қай түкпірінен болсын жедел хабар алатындай бүгінгідей заманда «Ж.Шанин атындағы драма театрда интернет жоқ» дегенді де естігіміз келмейді. Тарихын түгендеп, шежірені жаңғыртқан жақсы әрине, ендігі жерде мерейтой қарсаңында осындай кемшіліктер жойылып, ғасырмен құрдас қарашаңырақта талапқа сай жабдықтар болса дейміз.
Ж.ШАЛАБАЕВА