Шымкент

Тұрғындарды тыңдап жүр

          

Еліміздегі үш мегаполистің бірі болғанымен, Шымкенттің өзіне жетерліктей мәселесі баршылық. Әсіресе, жаңадан бой көтерген шағынаудандарға қатысты коммуналдық қызмет түрлеріне байланысты мәселе шаш-етектен. Мұның бәрін де қала басшысы білмейді деуге келмейді. Күн сайын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бекітілген кестеге сай қаладағы барлық ауданның елді мекендері мен шағын аудандарын аралап, тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілегін тыңдап жүр.

Алдағы күннің жұмыс жоспарына енгізу, бір шара көру үшін де мұндай кездесулер қажет-ақ. Мысалы, Тұран ауданында болғанында Спорт, Ақтас, Жаңаталап, Айкөл, Агроферма — Қарасу шағын аудандары мен Добролюбов көшесінің тұрғындары қала басшысына өздерін толғандырған өзекті мәселелерді жайып салды. «Қаңғыбас иттерден зәрезәп болдық» деген тұрғындар су бұру жүйелері, жер қатынастары, аула аумақтарын абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін де көтерді.

Жаңаталап шағын ауданында қала әкімі тұрғындармен бірге жаңа көпірдің ашылуына қатысты. Естеріңізге сала кетейік, осы жазда жауын-шашынның көп болуына байланысты Бадам өзенінің суы күрт көтеріліп, өткен ғасырдың 70-ші жылдарында салынған көпір тіректері бүлінген. Пайдалануға берілгелі бұл көпірде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен.

Қала басшысының тапсырмасы бойынша жергілікті тұрғындар үшін уақытша айналма жол ұйымдастырылып, қоғамдық көлік қозғалысы қайта жанданды. Өз кезегінде Ғабит Сыздықбеков мердігер ұйым басшылығына нысанды уақтылы пайдалануға бергені үшін алғысын білдірді. Агроферма–Қарасу және Айкөл шағынаудандарында қала тұрғындары мектеп пен жолдың мәселесін алға тартты. Әлеуметтік қызметтер көрсету және инфрақұрылым жүргізу мәселелері де сөз болды.

Әр ауданның өзіне тән проблемасы бар. Мысалы, Қаратау ауданындағы Тұран, Нұртас, Мәртөбе, Мирас-2, Тассай және Достық шағын аудандарының тұрғындары үшін жолдарды асфальттеп беру қажет. Күйіп тұрған мәселенің тағы бірі — көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, газ, кәріз жүйелерін жүргізуді билік ертерек қолға алса дейді. Шалғай көшелерге бейнебақылау камераларын, жол белгілерін, бағдаршамдарды және жарықтандыру жүйелерін орнату қажеттілігі де күн тәртібінен түспесе деп тілейді. Сала мамандары келесі жылы Тұран шағынауданында ұзындығы 17 шақырым 33 көшені асфальттеу, ал келесі жылдың бірінші жартыжылдығында 13 көшеге жарық қосу жоспарланғанын айтты. Ал, қалаға кейіннен қосылған Мәртөбе тұрғын алабында жарық жиі өшеді екен. Тұрғындар үздіксіз энергиямен жабдықтау үшін кабельдер мен тозған трансформаторларды ауыстыруды сұранған. Бұл жұмыстар қолға алынып, біртіндеп нәтижесін көре бастаған мәртөбеліктер қала әкіміне дән риза.

2025 жылы Мирас шағын ауданында кәріз желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Мегаполис басшысы Тассай тұрғындарының өтініші бойынша  жауаптыларға медициналық бекет салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Автобус аялдамаларының сапасына және қоғамдық көлік қозғалысының кестесіне шағымданғандар да бар. Барлық мәселелер назарға алынып, тиімді шешімдер қабылдауда нақты тапсырмалар берілді.

Еңбекші ауданындағы Шаңырақ, Тұрдыабад Базарқақпа, Абдулабад шағынаудандары мен тұрғын алаптарының азаматтары қала әкіміне коммуналдық қызметтерге, электрмен жабдықтауға көңілдері толмайтынын айтты. Мұнда да қаңғыбас иттер қаптап кеткен. Жер учаскелерін заңдастыру, көшелерді көгалдандыру, жол мен спорт алаңдарын салу мәселесін де көтерді. Мегаполис басшысы мен сала басшылары кей мәселелерді сол жерде шұғыл шешті. Күрделі мәселелер бақылауға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетініне уәде берді.

Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдері мен басқарма басшыларына қала тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуде жедел және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Қала әкімі бірінші кезекте барлық шаралар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Жаңа форматтағы көшпелі кездесулер Абай ауданындағы Самал-2, Шұғыла, Ынтымақ-2, Қызылжар, Жайлау және Алтынтөбе шағын аудандары мен тұрғын алаптарында да ұйымдастырылды. Қала тұрғындары толғандырған сұрақтарын жолдап, қаланы дамытуда ұсыныстарымен бөлісті.

Мектеп, шағын футбол алаңы, мешіт, балабақша және мәдениет үйінің жолқтығы, жетіспейтіндігін айтқан тұрғандардың өтініші келесі жылдың жұмыс жоспарына енгізілетін болды.

Шымкенттіктер автотұрақтарды кеңейту, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде үйлерді жөндеу, жер учаскелерін заңдастыру, тұрғын үйге кезекке қою, жылу желілерін жөндеу және ирригациялық жүйелерге қатысты мәселелерді де көтерді. Онымен қоса үйлерді күтіп ұстап, жөндеуді, жалпы үй мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мегаполис басшысы басқару органын — мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) немесе жай серіктестікті (ЖК) міндетті түрде құру қажеттігін еске салды.

Қала әкімі сындарлы диалогқа уақыт бөлген тұрғындарға алғысын білдірді. Азаматтар өтініштерінің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *