Шымкент

Уәдеге берік болыңыздар!

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков сала мамандарына осылай деп ескертті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда білімді ғана емес, өскелең ұрпақтың тәрбиелі әрі дені сау болуы – ұлттың ең қымбат байлығы екендігін жиі айтады. Президент тапсырмасына сәйкес, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – үкіметтік деңгейде қолға алынған. Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі екендігі сөзсіз.

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылданды. «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Осы жоспарға сәйкес мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесін енгізді.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қаралған басты мәселенің бірі де осы қаулы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды саралау болды. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы  М.Мықтыбеков балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыруды дамыту жоспарын баяндады.

Өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында Шымкентте спорттың 64 түрі бойынша 5-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт секцияларында жаттығуда. Бұл бағытта 120 кәсіпкер іріктеуден өтіп, спорттың 18 түрінен 17 280 балаға ваучер берілді. Қала әкімі басқарма басшысына жобаны іске асыруда ашықтықты қамтамасыз етіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалауды тапсырды.

Жиында, сонымен қатар, қала әкімінің жеке қабылдауында берілген тапсырмалардың орындалу сапасы мен қорытындысы талқыланды. «Әрбір уәденің жүгі бар. Сөзге берік болып, азаматтарға берілген уәделерді уақытында орындаңыздар. Халықтың сенімін жоғалтпай қашан да ашық болыңыздар. Тапсырмалардың нақты, мерзімінде орындалуы маңызды», – деді қала әкімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *