Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонып өмір сүрген біздің бабаларымыз табиғат құбылыстарын оқи білген. Әсіресе ауа райын болжаудың халықтық тәсілдерінен хабардар болып жүрудің бүгінгі күндерде де артықшылығы жоқ. Солардың көктемге қатысты бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Аталарымыз егер ақпан айының соңғы күнінде қойлар жайылымнан тез қайтса, онда көктем ерте келеді деп болжаған. Түйе ернін көп жыбырлатса, жылқы жиі кісінесе де көктем ерте келеді деп сенген. Сондай-ақ, жылқы жиі ықылықтаса, құлындар тыныс алғанда ішімен демалса да көктем ерте келеді деп болжаған. Егер ақпан соңында қойлар қар астында қалып жатса, онда көктем қырық күннен кейін келеді деп есептеген.
Қазақ халықтық болжамы бойынша наурыз айының ортасында жауын-шашынды күндер орын алады. Оны «Бесқонақ» деп атаған. Яғни ылғал мен салқын әкелетін мұндай құбылыс бес күнге дейін созылады деген сөз. Аталарымыз күн мен түн теңелетін 21 наурызда таңертең күннің қалай шыққанына қарап та алдағы ауа райының қандай болатынын болжаған. Осы айдың соңына қарай, жылы жаққа кеткен құстардың оралуымен қабаттасып жүретін қар аралас жауын-шашынды күндер болатыны да халық болжамында айтылады. Оны қазақ «Құсқанаты» деп атаған.
Сәуір айының ортасында күн райы жылып, көктем күш ала бастайды. Топырақ жылынады. Осы кезеңді қазақ «Қызырдың қамшысы» деп атайды, «Қызырдың қамшысы сартылдады, қыс кетті» дейді. Бұл айдың соңғы екі-үш күнінде ауа райы біршама салқындайды. Оны қазақ «Тобылғы жарған» деп деп атаған. Яғни бұл – тобылғының бүршік жаратын кезі.
Мамыр айының бірінші онкүндігінде дала құстарының балапандары жұмыртқа жарып шыға бастайды. Бұл кезде де бір-екі күн ауа райы бұзылады. Оны қазақ «Қызыл жұмыртқа» деп атайды. Ал айдың ортасы ауа «Құралайдың салқыны» атты суық жел тұратын күндер болады. Бұл кезде ақбөкен төлін өргізеді. Осыған дейін анасының емізіп кетуін күтіп түйежапырақ түбінде маужырап жатқан төлдер суықтан тоңып, түрегеп жүруге мәжбүр болады. Ал жүрген соң, жүгіргеннен кейін буыны қатаяды. Бұл кезде аналары оларды сортаң жерлерге апарып жүргізіп, тұяғын, табанын «пісіреді», шынықтырады. Бұдан кейін төлдер анау-мынау атпен қуғанға да жеткізбей зымырайтын болады.
«Өлара» дегеніміз болса да белгілі – жаңа ай туғанға дейінгі, аспанда ай көрінбей қалған аралық. Қазақ осының алдында және ай туған соң да ауа райында күннің суытуы, жаңбыр жаууы сияқты белгілі бір құбылыс болатынын білген. Ай шалқалап туса, «өзіне жайлы, шаруаға жайсыз болады» деп, еңкейіп туса, «бұл айда күн жылы, аспан ашық болады» деп болжайды. Егер ай әдеттегіден үлкен боп, қызарып көрінсе «жаңбыр жауады» деп күткен. Егер ай үлкен, қызғылт боп көрінсе, жаңбыр молынан жауады деп сенген.
Кешке күн құлақтанып батса, «ауа райы оңалады» деп, ал таңертең құлақтанып шықса, «жауын-шашын болады, ауа салқын тартады» деп болжайды. Күн батарда көкжиек ашық болып, қызыл шапақтанып тұрса, ертеңіне күн жылы болады деп күтеді. Күн көзі мұнартып шықса, күн ысиды деп сенеді.
Шолпан жұлдыз туғанда оның беті сұрқай тартып тұрса, «бұл жылы ылғал мол түсіп, егін бітік шығады» деп болжаған. Егер оның беті қызғылт-сары түсті болса, онда «бұл жылы құрғақшылық болады» деп сенген. Көрінісі жарқын болса, онда «жазда өсімдік көп шығады» деп болжаған.
Қазақ Үркер жұлдызына қарап та ауа райын болжай білген. Ол түнгі сағат 11-12-нің шамасында анық көрініп тұрса, онда көктем шығады деп қуанған. Бұл жұлдыз шоғыры 14 мамыр мен 21 маусым аралығынан басқа уақыттарда түнде аспаннан көрініп тұрады. Ай батыстан туып, шығысқа қарай қозғалғанда Үркер шығыстан туып, батысқа қарай қозғалады. Олардың түйіскен уақыты «тоғысуы» деп аталады. Ай мен Үркердің орналасуына орай «Бес тоғыс» ұғымы қалыптасқан. Бес тоғыс жер көктеп, ағаштар бүршік жара бастайтын тұсқа сәйкес келеді. Қазақ «Үркер тоғыс кезінде айдан алшақ тұрса ауа райы мал-жанға жайсыз болады» деп болжайды. Ал тоғыс кезінде олар бір-біріне жақын тұрса, «ауыл-үй қонды» деп, алдағы ауа райы мал-жанға жайлы болады деп сенген. «Үркер суға түссе, күн райы жауынды болады, қырға түссе, құрғақшылық болады» деп болжайды. Оның «түсуі» – көзге көрінбей қалатын уақыты. Дана бабаларымыз Үркердің «қайда түскенін» де қозғалысына қарап анықтап отырған.
(жалғасы бар)
