Uncategorized

Қызылшадан сақтану жолдары!

Қызылша – ауа тамшы жолымен өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі.

     Ауру байланыс және ауа арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді.

     Инкубациялық кезеңнің  2-күні мен  бөртпелер шыққаннан кейінгі 4 күн аралығында ауырған адам инфекция көзі ретіндеайналадағыларға қауіпті таратушы болады. Ал, 5-күннен бастап, бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.

      Ең маңыздысы – ауру суық тию белгілерімен басталады, белгілері: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюнктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), беттің шырышты қабығында (азу тістерінің тұсында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.

       Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.    

        Әрбір суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралу керек. Уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелген жағдайда, ауру ошағын оқшаулап, әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында алдын алу іс-шараларын жүргізу маңызды.

         Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер науқаспен қатынаста болған қызылшаға қарсы егілмеген адамдарға эпидемиологиялық көрсетіліммен 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады. ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01.11.2023 жылғы «Қызылшаға қарсы санитариялық-
эпидемиялық және
санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» №7 қаулысына сәйкес 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы егу, егу
мәртебесіне қарамастан, 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға, сондай-ақ қызылшаға қарсы
профилактикалық иммундау жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық
сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне егілетін адамның немесе ата-анасының (заңды өкілдерінің) хабардар етілген келісімін алғаннан кейін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде.


П.Мақұлбек, Шымкент қаласы Қаратау ауданының

СЭББ-ның бас маманы. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *