«Махаббаты» үшін «майдан» ашып отыр
Ал, Шардара ауданының тергеушілері «түннің жарымында қызымды неге бөтен еркекке қосып жіберген» деген әкенің зарын құлаққа ілмей, шағымын қабылдауға асығар емес.
Жастар қатыгез, аға буын арсыз болып бара ма? Бүгінде ел ертеңін ойлайтын әрбір жанның санасында осы уайым бар. Уайымдамағанда ше, айналамыз қатыгездік пен арсыздықтан арылмай тұр.
Жастарды ғаламтор тәрбиелеп жатыр деп аһ ұрып жүрген аға буын өкілдерінің өздерінің арасында да ар шеңберінен аттап кетіп жатқандар аз емес. Өкінішке қарай, қазір ар, ұят деген қасиет «қаза» болып, аза тұтып жүргендей сезімдеміз. Ар-ұятты өлімнен жоғары қойған ата-бабамыздың сол қасиетінен жұрнақ қалды ма, білмейміз. Қандай арсыздыққа барсақ та, міз бақпай, елге қарайтын бетіміз «қалыңдап» кеткен секілді. Бұрын қандай еді? Тарихымызға көз жүргіртсек, ел арасында масқара саналған қате-қылмыстарға бой алдырғандар елдің көзіне көрінуді қор санап, өздерін ар азабына шыжғырып, ар сотына салатын. Айталық, зинаға барған еркек немесе ойнастық жасаған әйел ұсталып қалса тасборанға ұшырайтын. Жазаның ең жеңілі ретінде елден қуылатын. Бұл дала заңы, шариғат талабы болды. Қазір ше? Дәл осындай қылмыспен ұсталғандар ұяттан жерге кірер тесік іздеп емес, ұстағандарға арнап тор құратын болған. Оларға қарауға ел ұялатын болды, тіпті, «машайықтан қашатын» жағдайға жетті. Осының барлығы үлкендер тарапынан тәрбиені осалдатып алу, кінәліге лайықты жазаның болмауынан орын алып отырғаны анық.
Жә, айтарымызды созбалаңға салмай, ток етеріне көшсек. Жуырда Шардара қаласында айтуға ауыз бармайтын оқиға орын алды. Біз мұны айтып, жарнама жасағымыз жоқ. Бірақ, жараны жаба тоқуға тағы болмайды. Шардарада не жағдай болғаны оқырманға түсінікті болу үшін аудан прокуроры Р.Абдраймов пен ішкі істер бөлімінің басшысы Ш.Әділханұлына жазылған арыздан қысқаша үзінді келтіргенді жөн көрдік. (Ескерте кететін жәйт, тергеу амалдарының жүруіне байланысты кейбір адамдардың есімін өзгертуге тура келді). «Менің арыз беру себебім, 7 қараша күні түнгі сағат 02:12 өткенде өзін Айнамын деп таныстырған әйел үйімде жатқан інім Жеңістің телефонына хабарласып: «Сенің әйелің менің күйеуіммен көңілдес, олардың жатқан пәтерін білемін. Мен күйеуімді үйге алып кете алмадым. Сенің әйелің менің күйеуімді сүйетінін және махабатынан ортақ бала пайда болғанын айтты», – деді. Айна өзінің Шардара қаласы 2 ықшамаудандағы «Айару» кафесіне жақындау жерде күтіп тұрғанын айтты. Бұдан кейін інім екеуміз «Регион» таксимен «Айару» кафесінің маңынан Айнаны машинаға отырғызып, әлгі үйге бардық. Полиция шақыртуды да ұмытпадық. Келініміз бірінші қабаттағы бір бөлмелі пәтерде жатыр екен. Айна күйеуі екеуінің әуейі болып жүргенін айтып: «Рауан қайда қашып кетті?» – деп сұрағанда келін: «Ол бұл жақта жоқ», – деп жауап берді. Біз өзімен бірге ертіп кеткен кәмелет жасқа толмаған, 9-сыныпта оқитын қызы Қалжанның түнгі сағат 2-3 аралығында қайда жүргенін сұрағанымызда, келін оны дүкенге жұмсағанын айтты. Шамамен арада жарты сағат өткенде Қалжан әлгі Айнаның күйеуімен бірге үйге келді. Біздер кәмелетке толмаған қызды түн жарымда ересек азамат қайда алып барғаны туралы хаттама толтыруды сұраған арызымызды полиция қызметкері: «Әркім өзі біледі, кіммен қосылса, күйеуі ұнамаса қайтеді?» – деп қабылдамайтынын айтты.
Мейлі, әйелдің кіммен жүретіні, кімді қалайтыны өз шаруасы болсын. Бірақ түнгі сағат 3-те мектеп оқушысы көшеде не істеп жүр, қасындағы бейтаныс ер адам кім, полиция осыны анықтауы керек еді ғой. Әлде Шардараның полицейлеріне мектеп оқушысы түнде кіммен жүргені, қайда барғаны маңызды емес пе?» – деп жазады Мақсат есімді шардаралық тұрғын.
Бізге хабарласқан азаматтың сөзіне қарағанда бұл оқиғаны толық бейне таспаға түсіруге сол жерде жүрген бейтаныс жігіт пен полиция өкілдері мұрсат бермеген. Дегенмен, олар келгенге дейінгі түсірілімдер бар екен. Онда жалдамалы пәтердегі Мақсаттың келінінің төсегінен Рауанның киімдері мен насыбайы табылған. «Бұл жерде не істеп жүрсің, үйің жоқ па, туысқандарың жоқ па?» – деген сұраққа ұятты ұмытқан әйел «Не жұмысың бар?» – деп жауап берген.
Сорақысы сол, мектепте оқитын қызын түн ортасында бейтаныс адаммен көргендердің арызын қабылдамаған шардаралық полицейлер таң атысымен Мақсат пен Жеңістің үстінен арыз түскенін ескертіп, тергеуге шақырыпты. Арызданған Жеңістің әйелі, яғни Мақсаттың келіні. Ол өзінің абыройын төккендігі үшін күйеуі мен қайынағасына және Рауанның әйеліне шара көруді сұраса керек. Бірақ полиция қызметкерлері арыздың мазмұнымен таныстырмаған. Бөгде еркекпен бір пәтерде болғанына арланбаған келіншектің айыбын ашқандар абыройына дақ түсіреді деп кім ойлаған? Ой – жүйрік, ол жарықтан да жылдам ғой шіркін, бәлкім полицейлер мен арызданушы келіншектің ым-жымы бір болып, арыз жазу арқылы бопсалауды ортақ кәсіп етіп алмаған ба екен деген күдік-күмән сананы еріксіз сығалайды екен. Лайым, бұл ойымыз қате болса екен. Дегенмен, кәмелетке толмаған қыздың құқын қорғау мақсатындағы арызды қабылдамаған полицейлер не үшін ол әйелдің шағымын жылдам қабылдап, шара көруге асыққаны бізге жұмбақ болғанын жасыра алмаймыз. Әлде өз әйелін өзге еркекпен ұстаған еркек кінәлі болатын заман келген бе?
Уақыт созылған сайын кейбір нәрселерді анықтау кеш болады. Сондықтан Шардараның полицейлері шұғыл түрде түн ортасында мектеп оқушысының бейтаныс адаммен көшеде не істегенін зерделеп, тергеп-тексеруі керек. Анасы не себепті оған жол берді? Полиция осындай маңызды жайттарды анықтаудың орнына отбасы мен күйеуінен безген әйелдің арызы бойынша асығыс тергеуді бастағаны қалай? Шардара ауданының прокуроры мұның мән-жайын бүге-шігесіне дейін толық анықтайды деген ойдамыз.
Жалпы, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың жиілеуінің түпкі себебі тиісті орган қызметкерлері тарапынан болатын немқұрайдылықтың, жауапсыздықтың, бұрмалаушылықтың салдары емес пе екен деген ой келеді.
Ұлықбек ҮМБЕТ.