Өңірлердің әлеуемттік-экономикалық дамуын арттыру үшін инвестиция тарту мемлекет басшысының басты тапсырмаларының бірі. Әкімдердің рейтингісіне инвестиция тарту ісі тікелей әсер ететіні талай жерде айтылып жүр. Бұл мәселеде Ордабасы ауданының айы оңынан туып тұр десек болады. Инвестиция тартудың нәтижесінде бұл ауданда кәсіперлік те, ауылшаруашылық саласы да қарқынды дамып келеді.
Таяуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Ордабасы ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысын бақылады. Бірқатар өндірістік нысандарды аралап, олардың іске асырылу деңгейін зерделеді.
Атап айтқанда, «Central Asia Aluminum Company» ЖШС-нің алюминий профильдерін өндіру зауытының жұмысымен танысты. Бұл жоба құрылыс саласына қажетті алюминий өнімдерін шығарып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға бағытталған. Сондай-ақ, «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» компаниясының ірі қара мал сүйегін өңдеу жобасының құрылыс барысы қаралды. Жоба толық іске қосылған жағдайда қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделіп, мал сүйегінен түрлі биологиялық өнімдер өндіру жоспарлануда.
Әкім орынбасарына бұдан бөлек, «KAZ KIOTI» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты таныстырылды. Кәсіпорында тракторлар құрастырылып қана қоймай, су үнемдеу технологиялары – жаңбырлатып суару қондырғылары өндірілуде. Сонымен қатар, жоғары қысымды температурада шыны өңдеу және ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына қажетті өзге де өнімдер шығаратын цехтар жұмыс істейді.
Темірлан өндірістік паркінде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, күн панельдеріне арналған бөлшектер өндіру, шыны өнімдерін шығару, кір жуғыш ұнтақ өндіру, металл бұйымдарын шығару, газобетон блоктары мен ішкі қабырға плиталарын өндіру, сендвич панель, металл конструкциялар өндірісі, корпус жиһаздарын өндіру істері жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік бағытта жол бойы сервистік қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық тамақтану орындары ашылуда. Айталық, жеке кәсіпкер «Смайыл» тарапынан кафе, автосервис және тұрақ аймағы бар кешен салу қолға алынса, «M Trade–19» ЖШС-нің жол бойы сервис нысаны, жеке кәсіпкер Ә. Әлімбековтің мейрамханасы мен «Темірші» демалыс аймағы жүзеге асырылуда.
