Біле жүріңіз

КҮН ТОҚЫРАУЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ

Алдағы 21 маусым күні сағат 14.24-те Жердің біз өмір сүріп жатқан Солтүстік жарты шарында жазғы күннің тоқырауы басталады. 21-22 маусым жылдың ең ұзақ күндері болады. Еліміздің әр аумақтарында күндізгі уақыт 15-17 сағат аралығын құрайтын болады. Сосын ақырындап түнгі мезгілдің уақыты ұзара бастайды.

Күндізгі уақыттың ұзаруы адамға жайлы әсер ететіні белгілі. Ағзада «қуаныш гормоны» — серотонин көбейіп, адамның көңіл-күйі көтеріледі, белсенділігі артады. Сондай-ақ «Д» дәруменінің түзілуі жақсарады. Мүмкін болса, таза ауада көбірек жүріп, серуендегеннің пайдасы мол. Жаздың ұзақты күні көп жұмыс бітіріп алуға да мүмкіндік береді. Дегенмен күн ұзаруының ағзаға жайсыздық тигізетіні де болады. Егер қандай да бір себеппен күн астында жиірек жүру керек болса, оның теріге жайсыз әсері бар. Өйткені күннің ультракүлгін сәулелерінің қуаты күштірек болады, ол теріге әсер етеді. Созылмалы тері ауруы барларға қиын. Терісі сау адамның өзі де ультракүлгін сәуленің белсенді кезеңінде абай болғаны дұрыс. Жазда, әсіресе қырық күн шілдеде сағат 10-дардан бастап бес-алты сағат бойы осындай болады. Адам ағзасының суды тұтынуы артады, жеткілікті деңгейде болмаса сусыздану туындап, ол да мазаны алады.

Бұған қоса ерте таң атып, қараңғының кеш түсуі адамдардың биологиялық ритмін бұзады. Жарық ұйқы гормоны серотонинінің түзілуін тежейді, мұндайда кей адамның көзі ұйқыға кетуі қиындайды. Осыдан түрлі бас аурулары, қан қысымының көтерілуі туындауы да мүмкін. Аптап ыстықта, аңызақта көңіл құлазитын кездер болады. Сондықтан бұл кездері күндіз де бір мезгіл көз шырымын алып, тыныққан дұрыс. Мүмкін болса, күн астында көп жүре бермеу керек. Күн сәулесінің ағзаға оңды әсер беретін уақытын тиімді пайдаланып үйренген дұрыс. Уақтылы тамақтанып, дұрыс тынығу маңызды. Теріні, көзді күн сәулесінің зиянды әсерінен қорғай жүрген дұрыс. Бөлме температурасындағы суды жиірек ішіп тұрған жөн. Ағзаға артық салмақ түсірмеу керек.

Ежелден табиғатқа мән беріп, әсіресе ауа райына жіті қараған адам баласы осы кезең құбылыстарына байланысты да көптеген тұжырымдар жасаған. Мысалы, жазғы күннің тоқырауы кезінде таңнан кешке дейін аспан ашық, түйір бұлтсыз болса егін түсімі артады деп болжаған. Таңертең өсімдіктерде шық тұрса өнім мол болады деп сенген. «Денсаулықты, жастықты сақтауға септігі тиеді» деп осы күнгі таңғы шыққа шомылатындар болған. Ал жазғы күн тоқырауы кезінде жаңбыр себелесе немесе күн бұлттың тасасында қалса егіс түсімі аз болады деп уайымдаған. Құстар шулап, ерсілі-қарсылы ұшып жүрсе, онда жаңбыр жауу мүмкін дейді. Ал олар іркілген суға шомылып жүрсе, онда аптап ыстық болады деп күткен.

Адамдар жазғы күн тоқырауының алдындағы түнде ауа райы салқындау болса, онда бүкіл жаз айлары да сондай болып өтеді деп болжаған.

О. ТҰРАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *