Мемлекет басшысының Жолдаулары мен Үкімет отырыстарында басты басымдық ретінде инвестор тарту және инвестициялық климатты жақсарту мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Мұндағы негізгі мақсат — ел экономикасын әртараптандыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету.
Түркістан облысында осы тапсырма аясында көп жұмыстар атқарылуда. Жуырда ғана облыс әкімі Нұралхан Көшеров италиялық «Magister Art» компаниясының президенті Ренато Сапоритомен кездесіп, құрылыс, мәдениет, креативті индустрия және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқыға салды. Облыс әкімі Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұрасын таныту, туризм әлеуетін арттыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ өңірде туризмді дамыту және инвестиция тартуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Өз кезегінде компания президенті әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді.
«Кездесу барысында Түркістан облысында мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру, тарихи нысандарды цифрлық форматта таныту, халықаралық көрмелер ұйымдастыру және шығармашылық индустрияны дамыту мәселелері айтылды. Қос тарап алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты», — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мәлімет үшін айтар болсақ, бас кеңселері Милан мен Рим қалаларында орналасқан «Magister Art» компаниясы цифрлық технологияларға басымдық беретін, мәдени және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін инновациялық компания. Негізгі миссиясы – ұлттық мәдени мұраны насихаттау және кеңінен таныту. Компания «Дизайн және архитектура», «Медиа», «Бренд дизайны және коммуникациялар», «Операциялық қызмет», «IT» және «Редакциялық әрі бизнес-стратегиялар» секілді негізгі департаменттері арқылы кең ауқымды кешенді шешімдер мен «дайын жоба» форматындағы жобаларды әзірлеп, жүзеге асырады. Компания миссиясы мен Түркістан облысының сұранысы бір арнада тоғысатынын ескерсек, бұл кездесу мен уағдаластықтың өңір тіршілігін алға сүйреуге көп септігі тиетіні сөзсіз.
