Қоғам

АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАП, ЕСКЕ АЛАЙЫҚ!

1,2 миллионнан астам адам аттанған

Жарияланған деректерде Екінші Дүниежүзілік соғысқа Қазақстан 1 миллион 200 мыңнан астам азаматын аттандырғаны туралы айтылады. Одан бөлек, 700 мыңнан астам қазақстандық «Еңбек армиясына» алынып, соғыстан қираған елді мекендер мен шаруашылықты қалпына келтіруге қатысқан.

Бір жайға назар аударайық: Ресей империясында 1897 жылғы жүргізілген халық санағы кезінде қазақтардың саны 4,1 миллион деп көрсетілген, яғни орыс, украин, белорус және еврейлерден кейінгі 5-ші орында тұрыпты. Ал 1939 жылы Қазақстанда 6 миллионнан аса адам тұрса, соның 2,12 миллионы ғана қазақ болған екен. Қазақтар – КСРО-дағы саны көп ұлттар сапында орыс, украин, белорус, татар және өзбектен кейінгі 6 орында. Мұның басты себептері неден екені тарихтан мәлім: 1916 жылғы болған Ұлт-азаттық көтерілісі, Ұлы Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, ұжымдастыру, байларды тәркілеп, жер аудару, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін жылдарында қазақтың қатары қатты сиреді. Ұлтымыздың саны кейін Ұлы Отан соғысына қатысып та азайды. КСРО республикаларының ішінде соғыстағы адам шығыны бойынша Қазақстан Ресей, Украина, Белоруссиядан кейінгі 4-ші орында тұрды. Қазақстаннан майданға алынғандардың 11 пайыздайы елге оралмаған. Ал соғыс қарсаңында Ресейде 110 миллиондай, Украинада 30 миллионнан, Белоруссияда 5 миллионнан астам адам тұрыпты. Соғыс салдарынан Белоруссия 25 пайыздан асатын, Украина 17 пайыздай, Ресей 13 пайыздай адамынан айырылған екен.

Қазақстаннан соғысқа кеткендердің 601 мың 11-і қайтпай қалған. (Кей деректерде 660 мың деп те айтылады). Бұл – шайқастар кезінде қаза тапқан, тұтқынға түскен, хабар-ошарсыз жоғалып кеткендердің жалпы саны. Соғыс жылдарында қазақ жауынгерлері ерліктің небір үлгілерін көрсетті. Төлеген Тоқтаров, Баубек Бұлқышев, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды ардақты батырларымыздың есімдерін біз жүздеп-мыңдап келтіре аламыз. Жанған ұшағын жаудың танк колоннасына бағыттаған Нұркен Әбдіров, темір-бетон бекіністен от шашқан пулеметтің аузын өз кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетов, бір өзі бірнеше жау танкілерімен айқасып, соңында қолындағы гранатамен танк астына атылған Қарсыбай Сыпатаев сияқты аталарымыздың есімдері мәңгі өшпейді.

Соғыс жылдарында елімізде 14 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 6 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық түрлі полктер мен батальондар құрылған. 3500-дей отандасымыз жау басып алған елдердегі партизан отрядтарында шайқасқан. 96 мың 638 қазақстандық орден-медальдармен марапатталған, 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанған, оның  97-сі – өз қандастарымыз. 142 қазақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері болған.

Қыруар азық, киім,  қару-жарақ берді

Соғыс жылдарында Қазақстан майданға 482,8 мың тонна астық, 797 мың тонна ет, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155,3 мың тонна мақта жөнелткен. 150 мың жылқы,  25 миллион дана жылы киім берді, 4 миллиард рубльге әскери техника мен қару-жарақ сатып әперді. Елде өндірілген қорғасынның 85 пайызы, висмуттың – 65, молибденнің – 60, мыстың — 35 пайызын берді. 9 миллионға жуық снаряд пен мина Қазақстан металынан жасалды. Қазақстанның миллиондаған тонна мұнайы мен көмірі де Жеңісті жақындатуға орасан үлес қосты.

271 мыңнан аса боздақтың
тағдыры белгісіз

Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан аттанған 271 мың 503 жауынгердің тағдыры бізге әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Шайқас кезінде жарылған мина, бомба, снаряд бөлшектеп кетті ме, топырақ көміп қалды ма, өртеніп кетті ме, суға батты ма, тұтқынға түсіп, азап көрді ме – беймәлім. Алапат шайқас болған аумақтардан күні бүгінге дейін мерт болған жауынгерлердің сүйектері, құжаттары, медальондары табылып жатыр. Олардың көбінің кім болғаны, қай ұлттан, қайдан екені сол күйі жұмбақ боп қалуда.

Арада өткен 80 жыл соғыстан аман оралғандардың қатарын көп селдіретті. Бүгінде республика бойынша жалпы саны 100-ге де жетпейтін майдангер қалды. Ел басына күн туған қиын жылдарда Отан қорғаған батыр аталарымыздың алдында өтелмес борышымыз бар. Осындай күндерде еске алып, рухтарына құран, дұға бағыштап жүруді ұмытпайық, ағайын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *