Құқық

Жер дауы:  Заң не дейді?

Қазіргі уақытта жерге қатысты дау-дамай көбейіп кетті. Біреу шекарасын білмей көршімен келіспейді, енді бірі құжат рәсімдей алмай сандалады. Мұндай мәселелерді айқаймен емес, заңмен шешу керек. Оқырмандар тарапынан жиі қойылатын «жер дауы неден шығады?», «оны қалай шешеміз?», «жер учаскесін заңды жолмен қалай аламыз?» деген негізгі 3 сұраққа Сауран ауданының прокуроры жауап береді. Осыны назарларыңызға ұсынамыз.

Жер дауы көбіне неден туындайды, осыған тоқталсақ. Көп жағдайда құжаттың жоқтығы немесе дұрыс болмауы, кеңес кезінде берілген актілер, қолхатпен сату, мұраны рәсімдемеу себеп болады. Сондай-ақ, шекараны нақтыламау, жерге орналастыру жобасының жасалмауы, көршілермен келісім актісіне қол қойылмауы, мемлекеттен жер алу тәртібін білмеу, «Әкім бермейді» деп жүріп, электронды кезекке тұрмау секілді әрекеттер де келіспеушілік тудырып жатады.

Жер кодексі бойынша, меншік құқығы мен жер пайдалану құқығы мемлекет қорғауында. Біреу сіздің учаскеңізді заңсыз иеленсе, оны қайтаруды талап етуге толық құқыңыз бар.

Дау туындаса қайда баруға болады? 1-қадам — келіссөз және медиация. Көршімен шекара дауы болса, алдымен өзара сөйлесіңіз. Келісе алмасаңыз, кәсіби медиаторға барыңыз. Бұл соттан жылдам әрі арзан. Келісімге келсеңіз, оны нотариуста бекітіңіз.

2-қадам — әкімдік жанындағы жер комиссиясы. Жер қатынастары бөлімі немесе әкімдіктегі жер комиссиясы даулы мәселені қарайды. Бұл әсіресе жер учаскесін беру, алып қою, шекарасын белгілеу мәселелеріне қатысты. Жер Кодексінің 167-бабы «Жер даулары» деп аталады.

3-қадам — сот. Егер комиссия шешіміне келіспесеңіз немесе дау мүліктік сипатта болса, сотқа жүгінесіз. Сотқа дейін барлық құжатты жинаңыз: мемлекеттік акт, кадастрлық жоспар, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, салық төлемдері. Заңсыз әрекеттен сізге шығын келсе, оны өтетуге болады. Оның негізі мен тәртібі Кодекстің 165-166 баптарында жазылған.

Жер учаскесін заңды жолмен қалай алауға болатынына да тоқтсалсақ болады. 1. Мақсатты анықтаңыз. Жер Кодексі бойынша учаске жеке тұрғын үй, бау-бақша, шаруа қожалығы, кәсіпкерлік үшін беріледі. 2. Электронды түрде өтініш беріңіз. http://eGov.kz немесе «E-Otinish» арқылы жергілікті әкімдікке. «Жер учаскесін беру» қызметін таңдаңыз. Кезек электронды жүргізіледі. 3. Бос жерді картадан қараңыз. Геопорталда http://gosreestr.kz сайтында қай жер бос екенін көруге болады. Өз бетіңізше «мына жерді қалаймын» деп сұрай алмайсыз, тек мемлекет ұсынған учаскелерден таңдайсыз. 4. Шешімді күтіңіз. Әкімдік 20 жұмыс күні ішінде жер комиссиясының қорытындысымен шешім шығарады. Оң болса, жерге орналастыру жобасы жасалып, келісімшартқа отырасыз. 5. Құжатты рәсімдеңіз. Жер кадастрында тіркеп, мемлекеттік актіні алыңыз. Тек содан кейін сіз заңды иесі боласыз.

Азаматтар жер алу үшін қайда жүгінуді де білгені жөн. Жер алуға кезек үшін аудандық, қалалық әкімдіктегі «жер қатынастары» бөліміне өтініш беріп, кеңес аласыз. Кей жағдайда шекара, беру/алып қою туралы дауды сотқа жеткізбей шешу үшін әкімдік жанындағы жер комиссиясына барасыз. Егер құқық бұзылса, шығын өтету бойынша Азаматтық сотқа жүгінесіз. Ал заңгерлік көмек қажет болған жағдайда адвокаттар алқасы мен «Атамекен» ҰКП-на ақылы немесе тегін көмек алуға болады.

Жалпы, жер дауының 90 пайызы құжаттан шығады. Сондықтан бірінші кезекте өз учаскеңіздің кадастрлық нөмірін, мемлекеттік актісін, шекарасын тексеріңіз. Екінші: әкімдік табалдырығын тоздырмас бұрын eGov арқылы онлайн жүгініңіз. Үшінші: дауды айқаймен емес, заңмен шешіңіз. Құқығыңызды білсеңіз, ешкім жеріңізді тартып ала алмайды.

Алмаз Асылбеков,

Сауран ауданының
прокуроры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *