Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Аспан әлемінде – ғажайыптар тоғысы

Қараша айы басталғалы бері көк жүзінде бірқатар өзгеше құбылыстар жүріп жатыр. Аспан ашық, бұлтсыз түндері олардың көбін дүрбі, бинокль, телескоп сияқты арнайы құрылғысыз, жай көзбен көруге де болады. Жарығы көп қала тұрғындары оларды аса аңғара бермеуі мүмкін, ал жазық даладағы ауылдықтар көре алады. Мысалы, 2, 7 және 8 қарашада Ай алғашында Марс пен Юпитерге жақын, кейін Шолпанға, одан кейін Меркурийге таяу орналасты. Ал алдағы 20 қарашада ол Нептун мен Сатурнның ортасынан көрінетін болады. 24 қарашада Уранның солтүстік бетінен, 30 қарашада Юпитер мен Марсқа жақын тұстан көрінеді. Бұл жөнінде астрономдар алдын ала жариялаған болатын.

Бұл айда «метеор жауыны» да жиірек байқалады. Өткен 4-інен 5 қарашаға қараған түнде аспаннан метеор ағыны жиі аңғарылды. Ғылым тілінде «метеор жауыны» деген — ғарыш кеңістігіндегі ұсақ метеорит топтарының белгілі бір кезеңде Жер атмосферасына енуі. Бұл кезде Жер өзінің қозғалысында ғарыш кеңістігіндегі астероидтардың бөлшектері мен кометалардың тозаңы аумағынан өтеді. Сол кезде олар атмосферамен әрекеттеседі де, қызып, жанып, аққан от сияқты зырғып өтеді, артында аз уақытқа із қалдырады. Метеор аққанда құрам ерекшелігіне қарай түсі қызыл ғана емес, қызғылт, көкшіл, жасыл, күлгін із қалдыруы да мүмкін.

Мұндай метеор ағынын аспаннан кеше, яғни 12 қарашаға қараған түні де байқалды. Бұл кездері Ай жарығы бәсеңдейтіндіктен «жұлдыз жауыны» анығырақ көрінді. Ал 18 қарашаға қараған түнгі метеор ағыны алғашқы екеуінен гөрі белсендірек болмақ. Астрономдардың болжамына қарағанда, сол түні аспан әлемінде әр сағат сайын 15-ке дейін метеор аққаны көрінеді. Қараңғылыққа жарты сағаттай бейімделген көз олардың жарық із қалдырған жолын анық көре алады. Ал 14 қараша күні таңалакеуімде аспаннан Шолпан жұлдызымен бір қатардан Меркурий, Марс және Юпитер ғаламшарларын да көруге болады. Марс пен Юпитер түнжарымнан аңғарыла бастайды, ал Шолпан мен Меркурий көкжиектен күн шығар алдында қылаң береді. Меркурийді көру үшін дүрбі немесе телескоп қажет болуы мүмкін. Бұл «Ғаламшарлар шеруін» таулы аумақтардан гөрі жазық дала тұрғындарының анығырақ көруіне мүмкіндік жоғары.

24 қарашада сағат кешкі 19.53-те Ай толады. Астрономдардың айтуынша, бұл жолы Ай Жерге барынша жақын келгенде толғалы тұр. Ғылымда ол құбылыс «Супер Ай» деп аталады. Яғни бұл жолы Ай әдеттегі толған Айдан үлкенірек әрі жарығырақ болып көрінеді. Қысқасы, биылғы қараша айы үш мәрте «жұлдыз жауынымен», «Супер Аймен» және Шолпан, Марс, Юпитер, Меркурийдің бір мезгілде бір сызық бойымен қатарынан көрінетін «Ғаламшарлар шеруімен» ерекшеленгелі тұр. Аспан әлемі қызықтыратын жұрт мұндай құбылыстарды мейлінше қалт жібермей бақылауға тырысады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *