Әлемде негізгі табыс көзін туризмнен тауып отырған елдер аз емес. Олар кейде болмашы нәрседен үлкен дүние туындатып, әлемнің әр түкпірінен адам келтіретін жағдай жасап қояды. Әуесің келеді. Шүкір дейік, Қазақстанда да, оның ішінде Түркістан облысында кез-келгенді тамсандырар, таңдай қақтырар тамаша табиғат, тарихи орындар жеткілікті. Тек соны толыққанды әжетке жарата алмай отырған жайымыз бар. Туризмді дамыту үшін миллиардтаған қаражаттан бұрын тың идея қажет. Бүгінде саяхатшыларды өзіне магнитше тартып отырған әлемдегі танымал нысандардың барлығының да бастау-бұлағында осындай тың идеялар тұр. Соңғы кездері әлемді саяхаттай жүріп, санасын сығалаған ойларын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы көпшілікке ұтымды түрде ұсынып жүрген кәсіпкер Ербол Сәбитұлы осындай бір қызықты идеяны жақсы іске тамызық еткен екен. Шынында да неге оны іске асырмасқа?!
«Өзім туған Қазығұрт ауданында атам заманнан Қымызхана бар. Кеңестік кезеңнің өзінде ақсақалдар жиналып, ауыл-елдің бағдарын әңгіме қылатын. Жастарға жол сілтейтін. Қазірге дейін жиналады. Бірақ, аудан осыны брендке айналдыра алмай отыр.
Астананың өзінде «Оййй, баяғы Жаңабазардағы қымызхана керемет еді-әй…әлі істей ме?» деп сұрап, таңданып жататындар кезігеді. Осыны креативті индустрияның бір саласына айналдырып жіберіп, алдымен ішкі туризмге, машықтана келе сырттан да турист тартар кәдеге айналдыруға болады ғой. Сырттың адамын тек ұлттық ерекшелікпен ғана тартып, қызықтыра аласың…заманауи нәрсе барлық жерде табылады. Мәселен, Қазығұрт асуындағы «Кеме қалған» сәулет кешені тозығы жетіп тұр. Соны жұмыс істейтін туризм ошағына айналдырып, дөңгелетіп жіберуге болады ғой. Күре жолдың бойы. Өткен де, кеткен де тоқтай алатын жер. Бірақ, қазір ел қызығатын ештеме жоқ. Ал оның тарихи мәнін ашып, аңыз-әпсаналарға жан кіргізіп, туристер келетін орынға айналдыру Түркістан облысы мен Қазығұрт ауданы әкімдіктері үшін керек-ақ дүние ғой. Концепциясы дап-дайын, 50 пайыз ел аузында жүрген, жарнамасы дайын жер. Қалған 50 пайызын іске асыруға сәә-әл бейіл мен ынта-жігер болса жеткілікті.
Әлгі Қымызхана да, дәл осы «Кеме қалған» жотасына келіп-ақ тұр. Бұдан басқа да игіліктермен толықтыра беруге болады. Қазығұрт салт-дәстүр мен өнерден кенде емес. Қаладан да зуылдап бара салады. Ары кетсе 30 шақырым шығар. Тәшкенге бет алғанның бәрі тоқтайтын жер. Неге жасауға болмайды осыны? Жан-жағына күндіз де, түнде де қарайтын «смотровой площаткалар» жасауға болады.
Орталыққа тығылмай, ауданның үздіктерін (оқушы, студент, жұмысшы маңызды емес) сонда марапаттауға, іс-шаралар жоспарлауға болады. Тіпті, кеме қалған жотасына амфитеатр жобалап, үлкен экран қойып, күн сайын «Алтын қордағы» фильмдерді көрсетуге болады. Жаңа фильмдер көрсетілсін аптасына 2 рет. Жақсы ғой. Жастарға тәрбие. Аудан әкімі есептерін сонда жасасын. Жастар сол тау етегінде сөз байлассын. Туристер үшін жаңалық.
Мәселен, Түркияның Бурса қаласының маңында «Жұмалы қызық» ауылы бар. Баяғыда бәріміз көрген «Қыналы қар» сериалы түсірілген жер.
Сол сериалдың арқасында танымал болған ауылға мыңдаған туристер барады. Қазір сол ауылды ЮНЕСКО қорғауына алды. Ауылдың бүгінде турист тартып отырған негізі кәсібі «таңғы ас». Жұмалы қызық ауылындағы таңғы асты ішуге құмар адам көп. Күн сайын!
Осы Түркістан жаққа барыс-келіс жасап жүргендер, тойып тұрса да Қызылкөпірдің балығына тоқтап жүр. Ынта болса осындай бірдеңе жасауға болады ғой».
